Береке

Қытайдағы қазақтар Әз-Наурызды қалай тойлайды?

  • Қытайдағы қазақтар Әз-Наурызды қалай тойлайды?

    Қытайдағы қазақтар Әз-Наурызды қалай тойлайды?

Бабалар бастаған осы мерекенi ұрпақтар қалай қостап жүр? Бұл күнде шығысымыздағы көршi Қытай елiнде 2 миллионнан астам қандасымыз тұрады. Олардың бабадан қалған мерекенi қалай тойлайтынына қысқаша тоқталайық.

Ескiше жыл есебi бойынша, «әз бол­май, мәз болмаймыз» деп ырымдап, «әз»-дiң келуiмен, бiрдiң айының (10-15 ақпан аралығы) соңын ала, қазақтар жиi шоғыр­ланған Алтай, Тарбағатай, Iле аймақтарын­да Наурыз мейрамы баста­лып, тура бiр айға жалғасады. Әуелi әрбiр үй наурызкө­же жасайды. Халықтық дәстүрге сай би­дай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқ­ты кем дегенде жетi түрлi дәмдi ара­лас­тырып жасалған көжеге тақ санын сақтап, әркiм өз жағдайына қа­рай дәндi тағам түрiн көбейте бередi. Ол, негiзiнен, бидай, тары көже түрiнде әзiрленедi. Наурызкөженi әр аймақ өз ауа­нына қарай «тiлеукөже», «көпкөже», «наурызкөже» деп те атайды. Ауылда наурыз айы жақындаған сайын әрбiр от­ба­сы көже жасауды мiндетiм деп санайды. Жас келіншектер де үлкен­дерден ақыл-кеңес сұрап, дәмге не қосу керектiгiн саралап жатады. Арнайы ас iшудiң де өзiндiк ырымы бар, оны сұрап iшсе, жақсы, ырыздығы мол болады. Ыдыс­қа толтырып құйылған дәмдi түбiне дейiн қалдырмай тауысып iшу – үй иесiне деген құрметтiң бiр белгiсi саналмақ. Ауылда бертіндегі жылдарға дейiн көженi бәстесiп iшетiндер де болған.

Наурызкөжеге жұртты арнайы шақыр­майды. «Ел құлағы – елу» дегендей, бiрi­нен-бiрi естiген жұрт көже берген үйге келiп: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!»  айтысып, өз сыбағасынан ауыз тиедi, кейде әжелерiмiз оны жасқа толмаған сәбидiң ернiне жағып, бiр жасқа толдың деп ырымдап жатады. Наурыз айында мерекеге арнап арнайы мал сойылмайды, себебi көктемде жас төлдiң өсуiне кесiрi тиедi деп есептейдi. Әрi осы айда салт бойынша тұзақ құрып, ешкiм аңға шықпа­ған. Бұл күнi ешкiмнiң тiрi жанға зияны тимеуi керек деп есептеген. Наурыз айын­да жас келiндер мен бойжеткендер кесте орамал тiксе, оған әжелерiмiз ауыл ара­лап, дәм тата жүрiп, «анау пәленбайдың келiнiнiң сырмағының өрнегi керемет айшықты болыпты. Тамаша тiгiлiптi» деп, жас арулардың өнерлерiнiң төселе түсуiне төрелiк айтып, игi тiлек бiлдiрген. Бозба­лалар болса, ағаштан, темiрден сәндiк зат­тар жасап, осы жұмыстары күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «Ұйқы­ашар», «Селтеткiзер» жоралғыларының сый-тартулары болған. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiтiне тартады. Бұл қазақта «ұйқыашар» деп аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селтеткiзер» рәсi­мiн жасайды, яғни қалауынша айна, та­рақ, әтiр суын сыйлайды. Айна — пәктiктiң, жастықтың, тарақ — әдемiлiк пен сұлулық­тың, ал әтiр суы — жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпырар деген игi тiлектiң белгiсi. Мереке түнi жастарға мол мүмкiн­дiк жасалады. Келiншектер де өз күйеу­лерiне наздана еркелеп жатады. Керемет қасиеттi күнде қыз бен жiгiт бiр-бiрiне сырын айтып, шынайы сезiмiн ақтарса, баянды болады деп есептейдi. Бiз бiреудiң таңсығына асылмай, осы күндi «Ғашықтар мерекесi» деп атасақ та болатындай. Өйткенi бұл күн – ата-бабадан жалғасын тауып келе жатқан өнегелi дәстүр.

Ықылым заманнан берi тамырын терең­ге жайған ұлттық мерекенiң бұл өлкеде тойлануына 1966-1976 жылдар аралығындағы «Мәдениет зор төңкерiсi» кесапатын тигiзген. Ел аумағында жүрген осы бiр солақай саясат салдарынан мере­ке жасырын тойланған. Онжылдық бы­лық­палықтан кейiнгi жылылық кезеңнен бастап қайта тойлана бастады. Ал ондағы қала жағалаған қазақтардың бұл мейрам­ды тойлауы Қытай астанасы Бейжіңнен бастау алған екен. 1982 жылы сол қалада тұратын әз ағалар мен аналар ұйытқы болып, Орталық ұлттар университетiнiң  концерт залында кiшiгiрiм мерекелiк ойын-сауық ұйымдастырған. Алғаш рет Наурыз ұйымдастырудың ба­сында болған орталық ұлттар ән-би үйiр­месiнiң танымал бишiсi, сазгер Әнуар Нүсi­пұлы ағамыздың айтуынша, өзге ұлттар, көктем шығысы­мен өздерiнiң төл мерекелерiн тойлап жатқан шақта, бiр топ қазақ жастары аға­ға келiп қолқа салыпты, «Наурызды неге ауыл деңгейiнде қалды­рамыз, бұл мере­кенi орталық қалада тойласақ, басқалар да көрсiн, қазақта осындай қасиеттi мере­ке бар екендiгiн» деген өтiнiштiң жетегiнде осы мейрам тойлана бастаған екен. Содан берi әр аудан, әр қалада ұйымдастырылған топ­тық көжеден дәм татып, көңiлдi концерт нөмiрлерiн тамашалаумен өз жалғасын табуда. Көктем лебi ескен Әз-Наурыз мерекесiн бүгiнде Шыңжаңдағы қазақ­тар­дың бастамасымен ұйғыр, өзбек, қырғыз қатарлы ұлттар ортақ тойлайды. 2012 жылдың Шыңжаң өлкелiк екiншi мәжiлiсiнде Хотан уәкiлдер үйiрмесi осы жөнiнде ұсыныс берiп, 3500 жылдық тарих­қа ие бұл мереке Шыңжаңның жергiлiктi дәстүрлi мерекесi қатарына енгiзiлдi. Әр жылы 21 наурыз күнi өлкенiң заңды мерекелiк демалысы болып бекi­тiлдi. Әрбiр ұлт сол күнi демалып, құтты мерекенi ортақ тойлайды.

Үлкендердiң айтуынша, ертеректе, Ұлыстың ұлы күнi ерекше табиғат құбы­лыстары да көптеп болады екен. Наурыз­дың 21-нен 22-сiне қараған түнi ұлы күштiң кереметi соншалық, ауаның тұнық кезiнде таңғы сағат үш мезгiлiнде аспан­нан гуiлдеп бiр дыбыс өтедi екен. Мұны «үт» дейдi, қазақта «үт келмей, құт кел­мей­дi» деген сөз осыдан қалса керек. Мұны төрт түлiктiң iшiнде қой ғана сезедi екен де, аспанға аңырып қарап қалады екен.

Бұл күндерi ұлттық тәрбиенiң кемшiлiгi салдарынан барынша даңғазаланып, мереке тек концерт көруге айналып бара­ды. Осы күнi балаларын базар аралатып, ойыншық алып берудi Наурыз өткiзумен шатастырып жүр. «Бала жасындағысын ұмытпайды», сондықтан әрбiр ата-ана Әз-Наурызды өз отбасында тойласа, оның жас ұрпаққа берерi мол болар едi. Асыл дәстүрдi қалтқысыз қастерлей алған халық қана ұрпақ болашағын қамтамасыз ете алады. Себебi бар жақсылық Наурыз­дан басталады.




Көрілген: 3155    Пікірлер: 0

бейсенбі, 21.03.2013, 12:27

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30