Қарт Каспий жағасындағы аймақ мұнайшылардың кәсіби мерекесі мен Маңғыстау мұнайының өндіріле бастағанына 52 жыл толуын салтанатпен атап өтті. Шалғайдағы кеніштерде, вахталық қалашықтарда бастау алған мерекелік шаралар облыс орталығы Ақтауда қорытындыланды. Мерекелік кеште кенді аймақтың барлық түкпірінен жиналған мұнайшыларды облыс әкімі Алик Айдарбаев арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Мұнай және газ өндірісі Маңғыстау облысы экономикасының ең негізгі саласы саналады. Аймақтық жиынтық өнім көрсеткішінде бұл саланың үлесі 52,2%-ды құрайды. Ал облыс экономикасында барлық жұмысқа тартылғандардың 24%-ы осы көмірсутегі шикізатын өндіру саласында қызмет етуде. Осы мыңдаған мұнайшы үшін биылғы мереке ерекше атап өтілді деуге болады. Алдымен еңбек ұжымдарының өзінде, әрбір вахталық қалашықтарда арнайы мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралар меншік иесіне қарамастан, облыс аумағында орналасқан 30 мұнай өндіруші компания мен 20 шақты сервистік қызмет көрсету мекемелерінің бәрінде де өтті. Одан кейін іс-шаралар қарқын алып, мекемелер арасындағы спорттық спартакиадаға, мұнайшы көркемөнерпаздар арасындағы жарысқа ұласты. Бұл істе тиісті қаражат бөліп, мерекелік шаралардың ауқымды өтуіне үлкен үлес қосқан облыстағы ірі компаниялар – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражамбасмұнайгаз» АҚ, «Бозащы оперейтинг лтд» компанияларын ерекше атап өту қажет.
Жалпы, биылғы мерекеге облыс мұнайшылары үлкен табыстармен келіп отыр. Аймақта қара алтын мен газ өндіру ісі тұрақтанды. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша облыста 8,9 млн тонна мұнай өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,2%-ға орындалды. Қара алтын өндіруде өндіріс қарқыны мен еңбек өнімділігін арттырған «Өзенмұнайгаз» АҚ еңбеккерлерін ерекше атап өтуге болады.
«Дегенмен бұл тоқмейілсуге болады дегенді білдірмейді. Аймақ мұнайшылары алдында көптеген міндеттер тұр. Әсіресе геологиялық барлау жүмыстарын барынша жандандыруға тиіспіз, мұнай өндіруде жаңа технологияларды өндіру де – кезек күттірмейтін мәселе», – деді облыс орталығында өткен қорытынды жиында сөз алған аймақ басшысы Алик Айдарбаев.
Осы салтанатты шарада әкім көптеген мұнайшыларды тиісті наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, облыс басшысының қолынан «Өзенмұнайгаз» АҚ электромонтері Аманжан Торғаев «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін алса, ардагер мұнайшылар Анатолий Березин, мен Болболат Ізтұрғанұлы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмыскерлері Аманберді Қонысбайұлы мен Илияш Тасболатова, «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері Қуаныш Өскімбаев, Бисенбай Қаржаубаев, Ұлықпан Медеуов, Рахманберді Исмағамбетов, Шаринат Пасыровтар, «Қаражамбасмұнай» АҚ жұмысшысы Ақмұрат Шамиев, «Бозащы оперейтинг лтд» компаниясының өкілі Борис Дошиков, «ҚазМұнайТеңіз» АҚ қызметкері Қалмұрза Бүркітов, «Емір-Ойл» ЖШС өкілі Төремұрат Жармағамбетов, «Кен-Сары» ЖШС өкілі Разағұл Айбазаров және тағы басқалар Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жиын соңында аймақ басшысы Маңғыстау мұнайшыларының алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды.
– «Біздің мұнайшыларды енді теңіз қайраңын игеру бағытындағы аса маңызды да қиын жұмыс күтіп тұр. Бүгінде «Хазар» атты кен орнында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ондағы қара алтынның қоры 30 млн тонна болады деген жорамал бар. Сондай-ақ осы маңдағы «Әуезов» кен орнынан да мұнайдың белгілері анықталды. Міне, біз бәріміз бірлесіп осы қара алтын қорын игеру арқылы Қазақстанның байлығын арттыра беруге тиіспіз», – деді Алик Айдарбаев.
Маңғыстау мұнайы – ел ырысы
04 қыркүйек 2013, 13:33
