Береке

Наурыздың насихаты кемшін болып тұр

  • Наурыздың насихаты кемшін болып тұр

    Наурыздың насихаты кемшін болып тұр

Ұлттық таным тұрғысынан келсек, Ұлу жылы Ұлыстың ұлы күнімен бірге есігімізден енді кірмек. Алайда амал жоқ, әлемге әмірі жүріп тұрған Григориан күнтізбесі бойынша біз оның үш айын артқа тастап үлгердік. Әз Наурыз да келді, бірақ, бір өкініштісі, елдің бәрі ескі жылды желтоқсанның отыз бірінде шығарып салып, түнгі сағат он екіні соққанда Жаңа жылды қарсы алып қойған соң ба, әйтеуір өзіміздің төл мерекені өгей ұлдай қарсы алатындай.

Неге өгей ұлдай деймін? Қалай деме­йін, егер Григориан күнтізбесі бойынша Жа­ңа жылға дайындық бір ай бұрын басталып, шыршалар шамы желтоқсанның бірінен бастап жағылса, ал Наурызды тек екі күндік науқанмен шығарып сала салсақ. Жаңа жылдық корпоративті кештер жел­тоқсанның басынан бастап соңына дейін мейрамхана­ларды босатпайтын болса, Наурызды бір мекеме тойласа, екінші бірі елемейді де. Тіпті Наурызға арнайы беріл­ген демалыс күндерін пайдаланып Дубай, Тайландқа ұшып барып келетіндер де аз емес. Ал аталған елдерде Наурызға арнайы киіз үй тігіп, көже пісіріп қоятындар бар дегенге сену қандай қисынсыз болса,  Ұлыс­­тың ұлы күнінде елімен төс қағыс­тырып көрісу, ел қуанышымен бөлісудің орнына жылы жақтарға ұшып кеткен «жыл құстарын» қазақ деу де сондай қисынсыз емес пе?!.  

Қаланың қариясына дейін жасанды!

«Жаңбырменен жер көгерер, бата­менен ер көгерер» дейтін халқымыз Нау­рызды батасыз қарсы алмаған. Онда да батаны кез келген қария емес, аузы дуа­лы, елдің ең сыйлы, көп жасап қана қоймай, көпті көр­ген  ақсақалы беретін. Бүгінде осы үрдіс қаншалықты сақталып отыр? Наурыздың алғашқы  күнінде ғана үлкен қалалардың орталық алаңында концерттік бағдарлама қойылар болса, ортаға батагөй ақсақал шығады-ақ, бірақ ол қандай ақсақал? Ақ шапан мен айырқалпақ киген, аппақ қудай сақал-мұрттың ар жағында жап-жас ак­тердің тұрғанын концертті ұйымдас­ты­рушылар да, көрермендер де біледі. Сон­дай-ақ оның «Ақ мол болсын» деп бас­талатын батасының да алдын ала жазылып алынған фонограмма екенін де бүгінде еңбектеген сәбиге дейін біледі десек, еш қателеспеспіз. Бірақ ешкім «ау, бұл не, мұнымен кім кімді алдамақ?» деп бір ауыз неге айтпайтыны тағы түсініксіз? Сонда не, қалада бес-алты ауыз бата бе­ретін қарияның табылмағаны ма? Әсіресе Алматы мен Астана секілді республикалық маңызы бар қалаларға кезінде білім қуып ағылған, сол жерде жоғары білім алып, қыз­мет істеген азаматтар қартаймады ма, болмаса олар сонша білім алғанда алты ауыз бата беретін дәрежеге жетпегені ме? Солар неге Наурызда ұмыт қалады? Әлде қа­­ланың қариялары өзінің қарттығын мойындамай, әлі де сол алпысты алқым­да­ған, жетпістің желкесіне шыққан жасына дейін әтірін сеуіп, қыз-келіншек жағалаудан әріге аса алмай жүрген қарасақалдар ма? Олай емес, арасында ақсақалы бар болса, жыл сайын жасанды қарияның жасанды батасына қалай үндемей қарап отыра береді, «біз жүрміз ғой» деп неге бас көтер­мейді? 

«Байдың асын байғұс қызғаныпты...»

 Наурыздың, жалпы қазақылықтың ең үлкен бір белгісі киіз үй десек, келесі бірі – наурызкөже. Басқа басқа Алматы мен Ас­тананың төріндегі Наурызды тамаша­лауға ел-жұрт жан-жақтан ағылады. Солар тегінге емес, өз ақшаларына сатып алуға көже тап­пай шарқ ұрғанын айтады. «Бәлкім, жаға­лай тігілген үйлердің бірінен табармын деген үмітпен  жанына жақындай беріп едік, есігін күзеттіріп қойған «батыр­лары» «қайда барасыңдар, ары жүріңдер» деп же­ки кеудемізден ары итеріп жіберді. Көже бермесе бермесін, көңілден кері итермесін» дейді Алматының Наурызынан көңілі қалған бір қонақ.

Алатаудың баурайындағы ару қаланың мейрамды тойлауынан қарны ашқан қазақ өз алдына, өз көзіммен көрген мына жайт­қа не дерсіз?  Дәм бұйырып, бірде Кереку­дегі  бір мектептің Наурызын көрудің сәті түсті. Әлі күнге қазақылана алмай жатқан қала жұрты қолынан келгенше киіз үй тігіп, мерекенің сәнін кіргізуге тырысқан. Алайда жиын соңы қазақылық сұйыла келе, мектеп директорының «Мы эхосымен» аяқталмасы бар ма? Күлеміз бе, жылаймыз ба?..

Қала мейлі дейік, кезінде кеңестік иде­о­­логиядан, ал қазір жаһанданудан жапа шек­ті дей қоялық, ал ауылда ше? Ауылда ақ­сақал қалды ма? Жалпы, ауыл сәл де болса қазақылығын сақтап, қыстан қалған сүрі, жүгері мен бидайынан наурызкөже пісіріп, ақ бауырсағын ақтара дастарқан жаяды-ау, ал бірақ баталы сөз айтар аталар қалды ма? Қалса, сол қарияларымыз Наурыздың бел ортасынан табылып жүр ме? Осы орайда ақын Ақұштап апамыздың былай дегені бар еді: «Ұлттық тәрбиені біз тек Наурызда ғана киіз үй тігіп көрсету арқылы қолдан жасай алмаймыз. Дұры­сында, біз қазақтың ата сыйлау, ана тыңдау секілді бабалардан бері келе жатқан даналық сөздерін құрметтеу, мәнісіне жете түсіну, сол жердің тарихы мен ұлыларын білу арқылы тәрбиеленіп, қайтадан ауыл­дың аузы дуалы ақсақалдарын тәрбиелеп шығаруымыз керек. Ақсақал дегенде мен бәз-баяғы шапан киіп, сақалын сипап оты­ратын шалын айтып тұрғаным жоқ, бүгін­гіге сай терең білімді, оқыған, мәдениетті, жан-жақты дамыған, өзінің ата салтын да айта алатын, жастарға үлгі-өнеге көрсететін ақсақалды айтып тұрмын. Өкінішке орай, біздің ауылдарымызда дәл осындай ақ­сақалдар қалған жоқ. Әр отағасы, жігіт ағасы өзін ақсақалдыққа, яғни ұлағат­ты­лыққа, ұлттық бағытқа тәрбиелеуі керек. Қазір біздің ұлағатты сөз айтатын үлкен­деріміз азайып тұр. Ауылда ешкім қартай­май, мәңгі жас боп қалған жоқ, ендеше, «ақсақал жоқ» дегенді қалай түсінуіміз керек? Қартайып жатқан қазіргі ұрпақ – менің замандастарым, өкінішке орай, жарты тілі орысша, жарты тілі қазақша, өз тамырынан ажырап қалған шалақазақтар. Олар тіпті қазақы тәрбиенің неге керек екенін де ұға алмай отыр. Тіл деп айғай­лайтынымыз да осы мәселеден шыққан дерт, жетпіс жыл бөтен тілде, «Құдай жоқ» деп келген, бөтен тәрбиені көргендер ұлттық дәстүрде ұрпақ тәрбиелеу дегенді тіпті өздері ұға алмай отыр. Сондықтан осы жолда үлкен бағдарлама керек секілді».  



Түйін: 

Қазақ елінде, қазақ жерінде төл мереке ретінде төр – Наурыздікі. Ендеше, неге Ұлыстың ұлы күніне дайындықты да көктем туысымен бастап жібермеске? Неге барлық мекемелерді Наурызды тойлауға міндеттемеске? Неге БАҚ-қа бәрінің бірдей наурыз айының басынан бастап Ұлыстың ұлы күнін еске салатын роликтер жасап, қала безендірумен айналысатын мекемелердің Наурызды насихаттауын талап етпеске? «Неге, неге, неге?» деген сауал көп, бірақ соны көлденең тартатындар жоқ секілді. Әлде аталған сауалдарды кімге қою керектігін білмейтіндіктен бе?.. Әрине, Әз Наурызды еліміз мүлдем тойламайды деп те айтуға болмайды, бірақ біріншіден, мәселе біздің оны қалай тойлап жатқандағымызда болса, екіншіден, Алаш жұрты оны тек екі күнде өтіп кететін науқан емес, жыл басы ретінде сезінуі керек қой?!.





Көрілген: 3164    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 21.03.2012, 11:58

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30