2023 жылдан бастап әскерден оралған сарбаздар 40-тан астам университетте тегін оқи алады

31 желтоқсан 2022, 10:22

Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындары әскери қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған бірлескен жобаны іске асыруға кірісіп кетті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Қорғаныс министрлігі таратқан мәліметке сенсек, кеше Narxoz университетінің өкілдері Алматы облысындағы байланыс әскерлерінің оқу орталығында болып, әскери қызметшілерге мерзімді қызметті өткергеннен кейін жоғары оқу орнына түсу шарттарын түсіндірген.

 

Айта кетейік, екеуара келісімге Қорғаныс министрі мен 40-тан астам жоғары оқу орнының ректорлары қол қойған.

 

Осыған сәйкес белгіленген мерзімде қызметін өтеген және қызмет ету кезінде ерекшеленген әскери қызметшілерге жоғары оқу орындары тегін оқуға мүмкіндік береді.

 

Бұған дейін Құрлық әскерлері әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының өкілдері де әскери бөлімде болып, осындай кездесу өткізгенін атап өткен жөн.

 

Бұдан өзге алдағы уақытта Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мамандарымен де кездесу өткізу жоспарланып отыр.

 

Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында жеңілдікпен білім алу туралы келісім 2023 жылдан бастап күшіне енеді.

 

Еске сала кетейік, бұған дейін әскери борышын өтегендерді еліміздің 50 университеті тегін оқытуға ниет танытып отырғанын жазған едік.