Ақылы мектептер «ақылды» мектепке айналса...

18 мамыр 2022, 10:29

Елдегі жекеменшік мектеп саны артқан сайын салаға жауаптылар бөркін аспанға лақтырып қуанып қалады. Себебі соңғы жылдары мемлекеттік білім ошағы жеткіліксіз., - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Білім сапасы түсіп кетпеу үшін де бәсекелестік орта қалыптастыруда тұрған ештеңе жоқ, әрине. Ақылы мектептің артықшылығына сай мемлекеттік білім ордалары да сапасын арттыру үшін талпыныс жасайды. Әйткенмен, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген әйгілі ойшыл әл–Фараби айтпақшы, білім сапасы деп жүріп, балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қаперден шығарып алған жоқпыз ба?

 

Жекеменшік мектептегі жүгенсіздік

 

Айтпағымыз соңғы аптада бір емес, екі рет қатарынан жалпақ жұртқа жария болған жекеменшік мектептегі жаға ұстатарлық жағдай. Алматы қаласындағы «Мари­ям» жекеменшік мектебінің 1-сы­нып оқушысына 7-сыныптың ба­лалары бірнеше рет зорлық-зомбылық көрсеткен. Ал мұғалімдері мен мектеп басшылығы бұл бассыздыққа жол бергенімен қоймай, сұмдық істі жасырып қалуға тырысып баққан көрінеді. Әйтпегенде, жәбірленуші баланың әкесі ұлының мінез-құлқындағы өзгеріс пен денесіндегі гематомалар туралы былтырдан бері бірнеше рет мұғалімдеріне де, мектеп әкімшілігіне де ескертіпті. Ай сайын бір балаға 135 мың теңге талап ететін мектеп әкімшілігі алған ақшаға сай баланың қауіпсіздігін қадағалауды қатырмаған. Тиісті тексеріс жасадың орнына жағдайды жылы жабуға тырыс­қандар баланың қауіпсіздігін сол бойы қаперге де алмаған тәрізді. Өйт­кені әкесінің ескертуінен кейін де сабақ үстінде бастауыш сыныпта оқитын баласының мұғалімі оқушысын кім сұрап алып, қайда алып кетіп жатқанын бақыламаған. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана Білім және ғылым министрлігі жекемен­шік мектептің жайын жіті қадағалауға алатынын айтып отыр. «Біз бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстаймыз. Оқушының отбасына қажетті көмек көрсетеміз. Балаға психологиялық көмек көрсетіледі. Одан әрі шаралар тергеу іс-шараларының нәтижелеріне байланысты қабылданатын болады» деп отыр БҒМ Балалар­дың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

 

Алайда баланың әкесі зорлық жасағандар мен балаларды қараусыз қалдырған мұғалімдер жазасыз қала ма деп қорқады. Айтуынша, қылмысқа жол бергенімен қоймай, ашуға бой алдырған мектеп әкімшілігі жазаға тартылмаса, ертең өзге балалар да осындай озбырлық пен зорлық-зомбылыққа тап болуы әбден мүмкін. Сол үшін жәбірленуші баланың әкесі қылмыс жасаған оқушылардың ата-анасын жазалап, мектепті лицензиясынан айыруын сұрап отыр.

 

Айтпақшы, осы істен кейін арнайы комиссия құрылып, мектепке тексеріс жүргізген. Бүгінде мектептегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар тәртіпбұзушылық анықталғаны белгілі болды.

 

Күні кеше Алматыдағы тағы бір жекеменшік мектептегі буллингтің бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарады. Сабақ үстінде оқушылар жыныстық сипаттағы бейнежазбаларды емін-еркін тамашалап, ол аз болғандай, бірнеше оқушы көрген әрекеттерін өзге сыныптасына жасауға тырысқан. Бұл білім ошағындағы тәрбие мен тәртіптің тасада қалғанын көрсетсе керек. Қазір бұл жағдайға қатысты да Алмалы ауданының прокуратурасы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне ұсыныс енгізіп, лицей басшысы ӘҚБтК-нің 409-бабы бойы­нша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал оқушылардың іс-әрекеттеріне баға беру үшін полиция органдарына тиісті тексеру жүргізу тапсырылды.

 

Бизнеске айналдырып алды

 

Қаражаты болса, баласын жағдайы жасалған білім ошағына беруден ешкім қашпайды. Себебі «бі­лімді мыңды жығатын» заманда үш тілде оқытатын жекеменшік мектептердің жарнамасы өтіп тұр. Елдегі 300-ден астам жекеменшік мектептің қатары жыл санап өсіп жатыр. Мысалы, бір ғана 2019 жылы 50-ге жуық жекеменшік мектеп ашылған. Және осы білім мекемелеріндегі оқудың орташа құны айына 100 мыңнан басталып 1,2 млн теңгеге дейін барады.

 

Бір қарағанда білім ошағын ашу арқылы бизнестің көзін табуға болатын секілді. Бірер жыл бұрын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де «Мемлекет үшін бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру. Инвестор үшін бұл – тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақмерзімді бизнес-жоба» деген еді. Демек, жекеменшік мектеп ашу – бизнес. Ал білімді бизнеске айналдырғандарға талап қалай?

 

Бақылау болмаса бәрі бекер

 

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Құсайыновтың пікірінше, баланың қай жерде білім алғаны маңызды емес, маңыздысы – білім мен тәрбиені қатар алуды қадағалау. Сондықтан жекеменшік мектептер де мемлекеттік стандартпен жұмыс істейді. Олай болса Алматыдағы жеке­меншік мектептегі жүгенсіздікке не себеп?

 

Білім саласының сарапшысы Шәкәрім Сейсенбай кез келген оқиғаға тереңірек үңілсек, балалар арасындағы буллинг мектеп әкімшілігінің жасаған олқылықтарынан туындайтынын айтады. Мектеп ашу үшін алдымен лицензия алу керек. Балабақша ашуға қарағанда мектеп ашу әлдеқайда қиын. Жалға алатын ғимараттың санитарлық және өртке қарсы қойыла­тын талаптарынан өту үшін жауапты органдардың рұқсатын аласың. Мектеп қауіпсіздігін бақылайтын камералармен жабдықталып, ол жедел басқару орталығына қосылуы тиіс. Бұл тек лицензия алу үшін. Мектеп мұғалімдерінің біліктілігіне қойылатын талап бар. Кітапхана қорына да арнайы талап қойылады. Осы талаптардың іс жүзінде толық орындалғанын Білім және ғылым министрлігінің өкілдері тексереді», – дейді Шәкәрім Сейсенбай.

 

Білім сарапшысының айтуынша, лицензия алу талабы әр жылы өзгеріп отырады екен. Айталық, 2018-2019 жылы мектеп ашу үшін лицензия алу әлдеқайда оңай болған. Сол жылдары лицензия алғандар жалған ақпаратты көрсетіп, сапаға емес, санға ғана қызмет көрсетіп жүрген болуы мүмкін. Ал қадағалау қажетті рұқсатты алып алған соң тек бес жылдан кейін ғана жасалады екен. Мәселен, соңғы оқиға бойынша тексеріс нәтижесі жекеменшік мектептегі қауіпсіздік пен білім сапасындағы ережебұзушылықтардың барын анықтауы осыны дәлелдеген жоқ па?

 

Байқап қарасақ, жекеменшік мектептердің жақсы білім беруі құрылтайшыларының осы істі қандай мақсатпен қолға алғанына қатысты. Себебі о баста сапалы білім беретін оқу орны ретінде қараса, салғырттыққа жол бермесі хақ. Кіріс келтіруді мақсат тұтқандар кірістен айырылмас үшін оқушылардың бетінен қақпайды, айтқанына құлдық ұрады. Бірақ тәрбиені тасада қалдыру мен қауіпсіздікті қаперде ұстамау болашақ ұлтқа жасалған қастандық емес пе?!