Алматыда 7000 студент дуалды білім алып жатыр

22 желтоқсан 2021, 17:51

Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру саласын жаңғырту мақсатында дуалды оқыту жүйесін енгізуді тапсырған

Алматыда техникалық және кәсіптік білім береретін 83 колледж бар. Білім басқармасына қарасты бұл оқу орындарында 74 мыңға жуық студент оқып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс аясында 36 мыңнан астам студент оқиды. Техникалық білім беретін оқу орындарының 23-і мемлекеттік, қалған 60 колледж жекеменшік. Теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясын қолдану барлық колледжде қолданылмайды. Германияда пайда болған дуалды оқыту жүйесімен Алматыда 7100 студент қамтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дуалды оқыту білім ордасы үшін ғана емес, кәсіпорын басшылары үшін де тиімді. Өйткені, кәсіпорынның басшылары кадрларды іздеу мен іріктеуде, өндіріске қажетті мамандарды қайта оқыту кезінде уақытты ғана емес, қаражатты да үнемдейді. Себебі, дуалды оқыту ең жақсы студенттерді таңдауға мүмкіндік береді. Оқуды аяқтағаннан кейін колледж түлектерінің кәсіпорынға жұмысқа орналасуына кепілдік береді. Техникалық және кәсіптік деңгейде білім алып жатқан бұл студенттер еліміздегі ең үлкен және халықаралық мәртебеге де ие алып компанияларда тегін тәжірибеден өтіп қана қоймай, дипломнан кейін осы өндіріс орындарында жоғары жалақымен жұмысқа да тұра алады.

«Біз серіктесіміз Энергоколледж ұжымының «Жас маман» жобасы аясында алған жабдықтарымен таныспыз. Колледж базасының осындай заманауи жабдықтармен толыққанын біз қуана қабылдадық. Өйткені осы колледждің 3-4-курс студенттері біздің өндіріс базасында кәсіптік тәжірибеден өтеді және бірқатар колледж түлектері бізге жұмысқа орналасады. Өзіміз жұмысқа алатын мамандарымызды бұрыннан тек Энергоколледжден таңдайтынбыз, себебі бұл колледжді бітірген жас мамандардың әрқашан шоқтығы биік тұрады. Ал енді осындай жаңғыртылған базадан білім алып шыққан кез келген маман бәсекеге қабілетті және ұтқыр болатынына сенімім мол», - деді «Электроаппарат» ЖШС-нің «Электрлік монтаждау» цехінің басшысы Талғат Заманбеков.

2012 жылдан бастап Алматы қаласында 5 колледжге дуалды оқыту жүйесі енгізілген еді. Ол кезде 11 кәсіпорынмен келісім жасалып, 321 студент дуалды оқыту жүйесімен қамтылды. Ал биылдан бастап Алматыдағы 48 колледжде 41 мамандықтың түрі бойынша 7100 студент дуалды оқыту жүйесімен кәсіби білім алып жатыр. 361 кәсіпорынмен үш жақты 7100 келісім жасалған. Осы келісім негізінде студенттер кәсіпорындардағы білікті мамандардың жетекшілік етуімен өндірістік тәжірибеден өтеді. Қамту үлесі – 19,4%-ды құрайды. Білім басқармасының мәліметінше, биыл дуалды оқу жүйесі бойынша 1150 студент оқуын аяқтаған. Диплом алған маман иелерінің  ішінде 1130 студент, яғни 98% жұмысқа орналасқан.

«Дуалды оқыту бойынша төмендегідей маман иелерін даярлау жүзеге асырылып жатыр. IT-саласы, байланыс, телекоммуникация салаларында 25 колледж оқытады. Одан әрі жұмысқа орналастыру практикасы 81 кәсіпорында жүзеге асырылады, олардың негізгілері: «Қазақтелеком» АҚ, Алматы қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Аспан Телеком» ЖШС. Сервис, экономика мамандықтары бойынша 18 колледж, 66 кәсіпорын, «Еуразиялық банк» АҚ, Банк Хоум кредит банк АҚ, «Аgгорагк Ontustik» ЖШС. Көлік саласында 11 колледж, 26 кәсіпорынмен әріптестік орнатқан.  «Мега Моторс» ЖШС, «Hyundai Auto Almaty» ЖШС, «Бипэк Авто Қазақстан» ЖШС АФ.

Энергетика, машина жасаумен айналасытаны мамандарды 14 колледж дайындайды.

«Алматы электр станциялары» АҚ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ сынды 22 кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. 4 колледж құрылыс мамандарын дайындайды, тамақ өнеркәсібі бойынша 6 колледж мамандарды дайындайды. 2 білім беру және медицина саласында 2 колледж бар. Сандық полиграфия бойынша 1 колледж білім беріп қана қоймай, 14 кәсіпорынмен байланыс орнатқан. Туризм бағытында 6 колледж, ауыл шаруашылығында 1 колледж дуалды білім береді», - деді Алматы қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметі.

Дуалды оқыту жүйесінің негізі – студентті оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Оқыту әдісінің бұл түрінің дәстүрлі оқытудан ерекшелігі болашақ мамандардың қабілеті мен ынтасына және қызығушылығына қарай, сапалы техникалық-кәсіптік білім беру арқылы бәсекеге қабілетті, теориялық білімін практикамен тиімді ұштастыра білетін білікті маман даярлау.

Дуалды оқыту жүйесі оқытудың барлық кезеңінде кәсіпорында өндірістік оқыту мен оқу орнында теориялық оқытуды біріктіреді. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау білім мен ғылымның және өндірістің тығыз байланысымен негізделеді. Осы үштік одақтың бірлігі ғана нарық талабына жауап беретін маман дайындау механизмдерін жүзеге асыра алады деп санайды осы саланың мамандары.

Осы жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің – өзара байланысы мен әсерін, енгізілу тәжірибесін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттырады.

«Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру саласын жаңғырту мақсатында дуалды оқыту жүйесін енгізуді тапсырған. Бұл оқыту түрінің негізі – оқу орны мен өндірісте қатар оқу арқылы теория мен заманауи өндірістік тәжірибе арасындағы алшақтықты жою болып саналады. Дуалды оқыту жүйесін алдыңғы қатарда жүзеге асырып жүрген Алматы энергетика және электрондық технологиялар колледжі. Ел экономикасын көтеру жолында бәсекеге қабілетті ұтқыр мамандар даярлау мақсатында серіктес ретінде тығыз қарым-қатынаста жүргізіп отырған 50-ден астам серіктес кәсіпорындарының ішінен қазіргі уақытта 11 топты өндірістік тәжірибемен қамтамасыз етіп отырмыз. Колледжде 2012-2013 оқу жылы дуалды оқыту жүйесі бойынша алғашқы топ қабылданды, «электрмен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша 25 студент «Алматыэнергосервис» ЖШС-нің базасында өндірістік тәжірибелерді сәтті өтіп, 2016 жылы оқуды аяқтаған студенттер толықтай жұмыспен қамтамасыз етілді. 2021-2022 оқу жылында «Электр жабдықтары», «Машиналар мен жабдықтарды пайдалану», «Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары», «Бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша 159 студент дуалды оқыту жүйесіне қосылған», - деді басқарманың баспасөз қызметі.

«Біздің компанияда осы колледждің бірқатар түлектері жұмыс істейді. Сонымен қатар осы колледждің студенттері дуалды оқыту жүйесі бойынша оқып және 3-4-курс студенттері кәсіптік тәжірибеден өтуде. Дуалды оқу жүйесінің біздің өндіріс үшін тиімділігі өзіміз тәжірибеден өткізген студенттерді жұмысқа алып қаламыз, олар біздің өндіріске әбден төселген дайын маман болып шығады», - деді «КазЭнергоПауэр» ЖШС-нің «Релелік қорғаныс және автоматика» цехының бас инженері Еламан Оразбаев.
Дуалды оқытудың басты мақсаты – жұмыс берушінің сұранысына жауап беретін, өндірісте базалық жұмыс дағдылары қалыптасқан білікті және сауатты түлекті даярлау. Дуалды оқытуды дамыту үшін нормативтік құқықтық база әлі де жаңартылып біткен жоқ.  Білім беру бағдарламалары студенттерге қажетті біліктіліктерді алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға, ал қажет болған жағдайда қосымша басқа біліктіліктерді алуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге мүмкіндік береді. Осылайша, колледждер жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлауы тиіс. Республика көлемінде 536 колледже жетпіс мыңға жуық студент дуалды білім берумен қамтылған. Дуалды оқыту аясында биыл диплом алған 17 920 түлектің 11 806-ы (66%) жұмыс тапқан.

 «Біріншіден. Осы жылдан бастап жан басына қаржыландыру әдістемесіне сәйкес өндірістегі тәлімгерге еңбекақы төлеу көзделген. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес өтеулі қызмет көрсету шартына сай тәлімгерге еңбекақы төлеу тетігі айқындалды.

Екіншіден. Колледждер жұмыс берушілермен келісе отырып, кәсіптік стандарттар немесе нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейтін болады. Кейін оны ҚР БҒМ бағдарламаларының тізіліміне қосып, соған байланысты кадрлар дайындайды. Осылайша, жұмысшы және орта буын мамандарын даярлауда колледждердің икемділігі арта түседі. Яғни, колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын өздері қалыптастырады.

Үшіншіден. Студенттердің дуалды жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептелетін болады. Бұл колледж түлектерінің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен орналасу мүмкіндігін арттырады.

Төртіншіден. Енді колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында дайындаған тауарларын сата алады. Мәселен, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын студенттер практика кезінде темірден сапалы конструкциялар жасайды, жас кондитерлер керемет өнімдер пісіреді, қолөнер бағытындағы мамандықтары бойынша оқитын студенттер киізден, керамикадан, ағаштан, былғарыдан, зергерлік бұйымдардан авторлық бұйымдар дайындайды. Бірақ оның бәрін сата алмайтын. Енді олар өз қолымен дайындаған өнімдерін (жұмыстарын, қызметтерін) сата алады және түскен табыс есебінен шеберханалар үшін қосымша шығын материалдарын сатып алуына болады», - деді ҚР БҒМ баспасөз қызметі. 

Министрлік дуалды оқыту жүйесін одан әрі кеңейтпек. Студенттерді дуалды оқытумен қамтуды 2025 жылы 35%-ға дейін жеткізу жоспарланған.