Алматыда қанша оқушы мен студентке Pfizer вакцинасы салынады

07 қазан 2021, 15:27

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Pfizer препараты қазан айының соңында жеткізілетінін айтып, оңтүстік астанадағы 300 мыңнан астам оқушы мен студентке вакцина салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Өңір әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың қауіпсіздікте болуы үшін не істеу керектігін айтты. 

 
"Қаламызды қорғап, қалыпты өмірді қайтару үшін, көп шектеулер мен локдаундар болмауы үшін бір миллион 90 мың адамды (шамамен 70%) емес, 1,3 миллион адамды вакцинациялау керек деп санаймыз", - деді ол.

Бабақұмаров тағы 300-400 мың тұрғынға екпе салу керектігін жеткізді. Бекшиннің айтуынша, Pfizer вакцинасы жеткізілгеннен кейін 300 мыңнан астам баланы вакцинациялауға болады. 

"Вакцина қазан айының соңында жеткізіледі. Pfizer вакцинасы әкелінгеннен кейін біз 306 мыңға жуық мектеп оқушылары мен студенттерді вакцинациялай аламыз. Бұл вакцинациялау қарқынын көбейтіп, ұжымдық иммунитет арттыруға мүмкіндік береді”, - дейді Бекшин.

Естеріңізге сала кетейік, кеше денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой Қазақстанға Pfizer вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізілетінін айтқан болатын. Тиісті келісімшартқа қол қойылған. 

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда жүкті әйелдер мен 12-18 жас аралығындағы балаларды Pfizer вакцинасымен коронавирусқа қарсы егу жоспарланып отыр.