Алматыда қазіргі таңда 291 мектеп жұмыс істейді. Оның 207-і мемлекеттік, 84-і жекеменшік. Оларда 303 мыңнан астам оқушы оқиды.
Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Жаңа оқу жылының басынан бастап оқыту дәстүрлі форматта ұйымдастырылды. Қазіргі таңда оқушылардың 95%-ы офлайн (287 955 оқушы) және 5%-ы онлайн оқиды. Күнделікті жүргізілетін мониторинг нәтижелеріне сәйкес, бүгінде қашықтықтан оқыту форматында барлығы 15 155 оқушы оқиды», - деді білім басқармасының басшысы. Мектеп қызметкерлері де 100% вакциналанған. Тек медициналық көрсетілімі бар 1 937 қызметкер вакциналанған жоқ. «Ағымдағы оқу жылында Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, мектеп оқушылары үшін қысқы каникул 2021 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2022 жылғы 9 қаңтарға дейін қоса алғанда 11 күнге созылады. Сонымен қатар, даярлық және бірінші сынып оқушылары қыста қосымша 7 күн демалыс алады, яғни, 2022 жылғы 7-13 ақпан аралығында демалады», - деді Ләззат Жылқыбаева. Оның айтуынша, сондай-ақ, Білім министрлігі «Қазақстан балалары- қысқы ертегі» атты қысқы демалыс кезеңінде балалардың демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру бойынша ұсынымдар әзірлеген, оларды жұмыста пайдалану үшін барлық мектептерге берілді.
ҚазАқпарат
Алматыда оқушылардың 95% офлайн, 5% онлайн форматта білім алып жатыр
23 желтоқсан 2021, 15:26
