Алматылық оқушы үш жыл қатарынан Жәутіков олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды

28 ақпан 2022, 17:32

Үшінші рет қатарынан халықаралық Жәутіков олимпиадасының алтын медалін Алматыдағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің оқушысы Таир Сатубалдин жеңіп алып, математиктер арасында үздік атанды, деп хабарлайды ҚахАқпарат тілшісі.

 

Көптеген олимпиадалардың жеңімпазы мен жүлдегері атанып жүрген Таир 5 жасынан есеп шығара білген.

 

Бахыт Архипқызы есімді күтушісі кішкентай Таирдың математикаға деген сүйіспеншілігін оятқан. Ал мектеп табалдырығын аттаған соң, математика ең қызықты пәндерінің біріне айналған.

 

Дарынды бала 7-сыныптан бастап Халықаралық жарыстарда бақ сынаған.

 

Бүгінде қоржынында 20-ға жуық жеңісі бар.

 

Былтыр Таирға Астана IT университеті тегін оқуға грант ұсынса, бүгінде Hong Kong University of Science and Technology жоғарғы оқу орнында білім алуға мүмкіндігі бар.

 

Жалпы өзі АҚШ-тағы Massachusetts Institute of Technology университетінде оқуды көздеп отыр.

 

Оның айтуынша, ол онда білім алуына барын салмақ.

 

«Сөздің шыны керек мен Халықаралық жарысқа дайындалмай барып, алтын медаль иегері атандым. Маған I – кезең II- кезеңге қарағанда қиындау соқты. Мәселен, мен бірінші турға 4,5 сағатым кетсе, ал екінші турға 3 сағат уақытым жұмсалды. Енді алдағы өмірімді жоғары математикамен байланыстырығым келеді. Жоспарлар көп»,-дейді Таир Сатубалдин.

 

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы-информатика, физика және математика пәндері бойынша 10-12 сынып оқушыларына арналған жыл сайынғы жарыс.

 

Биыл тартысты додаға әлемнің 21 елінен 1178 оқушы қатысқан. Жалпы олимпиада 2005 жылдан бері Қазақстанда өткізіліп келеді. Онлайн форматта екінші рет ұйымдастырылып отыр.