"Әліппені интернет арқылы оқытамыз": Қазақстандық ұстаздар ауылға желі орнатылғаннан кейін жұмыстары қалай өзгергенін айтып берді

13 желтоқсан 2021, 15:25

Бүгінде оқу жүйесін интернетсіз елестету мүмкін емес. Әсіресе, пандемия басталып, білім ошақтары қашықтан оқытуға көшкендей ғаламдық желінің игілігі айқындала түсті. Бұл жағдайды Қазақстанның алыс өңірлерінде орналасқан ауылдардың ұстаздары растап отыр. Себебі “+250” мемлекеттік бағдарламасы бойынша орнатылған кең жолақты желінің арқасында олардың өмірі де, жұмысы да жеңілдей түскен.

Батыс Қазақстан облысы Үшағаш ауылында орналасқан білім ордасының басшысы Қанат Зейнуллин биыл интернеттің арқасында оқушыларды мектепке онлайн қабылдау мүмкін болыпты. 

“Қазір мектептің барлық кабинетінде интернет желісі бар. Шағын орталыққа балаларды Smart Nation бойынша Egov арқылы қабылдауға қол жеткіздік. Айырмашылығы ата-аналар бұрынғыдай құжатты қолма-қол әкеліп тапсырмайды, электронды жүктейді. Қашықтан оқығанда ата-аналармен Zoom платформасы арқылы  жиналыс өткізетінбіз. WhatsApp чаттары арқылы да кері байланыс орнады. Мұғалімдерге де жақсы болды. Білім жетілдіру, яғни PISA курстарына, семинар, вебинарға Zoom платформасы арқылы қатысуда”, – дейді мектеп директоры.

Желінің көмегімен білім саласындағы барлық жаңалықты қалт жібермей, хабардар болып отырасың деген ол алдағы уақытта Kundelik.kz жүйесіне қосылу жоспарда бар екенін тілге тиек етті. 

Интернетсіз мұғалім бүгінде қанатсыз құс тәрізді. БҚО Талпын негізгі мектебінің тарих пікірінің ұстазы Аманжол Мұхамбетов осындай пікірде. Алғашында карантин кезінде қиналғанын айтқан ол мобильді интернет қосылған соң жағдайлары жеңілдегінін айтып, ағынан жарылды. 

“Мобильді байланысқа қатысты оң өзгерістер ең алдымен мектеп ұжымын ерекше қанаттандырды. Өйткені ұстаз шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында үнемі ізденіп жүреді. Біздің ауылда мобильді байланыс қосылғасын көзіміз ашылды. Бейнеқоңыраумен сөйлесіп, бейнесабақтар көрсеткенге өте тиімді. Оқушылардың сабаққа қызығушылығы да артты. Түрлі қосымша материалдарды, қызықты мәліметтер, ғылыми деректерді өздіктерінен таба бастады. Сабақтан басқа да қажет тұстары көп. Facebook, Instagram секілді әлеуметтік желілерге кіріп, жаңалықтарды уақытылы біліп отырамыз. YouTube-тан кино қарауға болады. Қазір халықтың теледидар қарауы да азайып бара жатқан секілді. Әрі алыстағы тума-туыс, құда-жекжатпен байланысымыз нығайды”, – дейді жас ұстаз.

Мобильді байланыстың жемісін төлендік ұстаздар да көріп отыр. Бастауыш сынып мұғалімі Үміт Марденнің айтуынша, интернеттің арқасында бүгінде мектеп оқушылары республикалық, облыстық байқаулардан көруніп, жүлделі орын иеленуде. 

"Мақсат межесінен шығуда интернеттің қолжетімділігі аса маңызды. Интернет желісінің пайдасы өте зор боп жатыр. Оқушыларымыз осы қашықтан өткен олимпиадалардың барлығынан орын алып, бірінші дәрежелі дипломдармен марапатталып жатыр. Кәсіби біліктілікті арттыру курстарына қатысу, Zoom-мен жұмыс жасауы, барлығы ғаламтордың арқасы. Мысалы, мен бірінші сыныпта сабақ беремін. Қазіргі таңда "Әліппе" оқулығы оралды. Осы оқулықта әр сабақтың соңында QR-код берілген. Сол кодты интернет арқылы ашып, жасырынған сөзді тауып, оқушылармен жұмыстанып жатырмыз", – дейді Үміт Айшуаққызы.

Бұған қоса ол  биыл педагогтер "Bilim center – Bilimlend" платформалары арқылы сабақ өткізуге көшкенін айтып кетті. Әріптесінің әңгімесін Әсел Қарабасова да қостады. Ең бастысы енді біліктілік курстарынан үйде отырып-ақ өтуге болады, дейді ол.

"Бұған дейін семинарларға қатысу үшін ауданға, облысқа бару керек болса, енді осы отырған жерімізден қатысып, ой-пікірімізді бөлісіп, сұрақтарымызды қойып отырамыз. Әлеуметтік желіден көп мәліметтер аламыз. Түрлі білім жетілдіру курстары, онлайн семинарларға қатысып, сертификаттар алып жатырмыз. Өзге білім ордаларымен қарым-қатынас жасап, олардан керегін алып, өз білгенімізді, тәжірибемізді өзгелерге таратамыз. Оқушылардың да қосымша ізденуге қызығушылығы оянды. Шыны керек, бұрын ауылда тек "Қазақтелекомның" интернеті болды. Бірақ оның жылдамдығы өте төмен болды да, онымен ешқайда кіре алмайтын едік. Көптеген мәліметтерді уақытылы ала алмадық. Қазір көзіміз ашылды", – дейді ұстаз.

Биыл жаңа оқу жылында балалар дәстүрлі біліп жүйесіне оралып, мектепте оқи бастады. Енді жаңа сабаққа дайындалу, балалардың жаңа тақырыпқа деген қызығушылығын ояту жеңілдей түсті деген Атырау облысы Жарсуат ауылының мектеп ұстазы “+250” бағдарламасына ризашылығын білдірді. 

“Өткен жылы қашықтан оқу кезінде ұстаздар қауымы 100% интернетпен қамтамасыз етілді деп айтуға болады. Оқушыларға сабақ Zoom жүйесі арқылы өткізіліп, егер балалар түсінбей қалса, қосымша WhatsApp мессенджерін пайдаланатынбыз. Басқа ауылдармен салыстырғанда бізде интернет өте жақсы дамығаны қуантады. Кең жолақты желінің қосылуы жұмысымызды, өмірімізді жеңілдетті. Қазір де жаңа оқу жылында балалар жаңа сабақты түсінбей жатса, әдеттегідей WhatssApp арқылы хабарласып жатады. Кей кездері оларды жинап алып, ерінбей видео қоңыраумен түсіндіріп беруге тырысамын. Әсіресе, жаңа тақырыпқа дайындалу біршама жеңілдей түсті” – дейді Меруерт Махамбетова.

Пандемия салдарынан мектептердің жаппай онлайн оқытуға көшірілуі Түркістан облысы Қаражантақ ауылын ұстаздарына қиынға тиген. Себебі ол кезде ауылда интернет болмаған көрінеді. Алайда кейіннен өңірде кең жолақты желі орнатылып, мұғалімдердің иығынан ауыр жүк түсіпті. 

“Қашықтан оқу туралы шешім қабылданғанда қатты уайымдадық. Ауылда интернет желісі жоқ, оқушыларға қалай сабақ берерімізді білмедік. Соған қарамастан, ұстаздар қиындықтан жол тауып, бір жыл бойы тау-төбені аралап жүріп, мүмкіндігінше білім беруге тырыстық. Дегенмен одан кейін ауылға интернет келіп, өміріміз де, жұмысымызда жақсарды. Жаңа оқу жылында оффлайн оқысақ та интернеттің көмегі тиіп жатыр. Kundelik.kz сынды жүйемен еш қиындықсыз жұмыс істеудеміз”, – дейді физика пәнінің ұстазы Әбілхан Сандуғаш.

stan.kz