Алтын медаль алған оқушыларға сыйақы тағайындалмақ

29 желтоқсан 2021, 18:45

2021 жыл қазақстандық оқушылар үшін олжалы болды. Биыл шәкірттер әлемдік олимпиадаларда 31 медальдің 26-сын жеңіп алып, соңғы жылдардағы рекордты жаңартты. Білім алушылар ел қоржынына 2 алтын, 13 күміс және 11 қола медаль салды.

 

Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

 

«Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дарынды балаларды қолдау үшін шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл міндетті іске асыру үшін Министрлік заңнамаға түзетулер әзірледі. Қазір заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді. Түзетулер халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына  ҰБТ-сіз, яғни конкурстан тыс негізде білім алу үшін гранттар беруді, сондай-ақ осы олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды даярлаған педагог- жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы төлеуді көздейді. Оқушыларды ынталандыру үшін алтын медаль иегерлеріне – 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындау жоспарланып отыр», – деп жазды министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

 

 

 

24.kz