Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов министр болғалы салада не өзгерді?

  • Асхат Аймағамбетов министр болғалы салада не өзгерді?

    Асхат Аймағамбетов министр болғалы салада не өзгерді?

 Қазақстанда ең көп реформаланып, жиі сыналатын сала - білім беру, тіпті ел азаматтары бұл салада болатын әр өзгеріске күмәнмен қарауды үйреніп алды. Осы жылдың 13 маусымында ҚР Білім және ғылым министрі болып тағайындалған Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, реформа белгілі бір проблеманы шешу үшін ғана жасалуы қажет.


XXI ғасырда мектептің, білім мен ғылымның өзгермеуі мүмкін емес. Бірақ сол өзгеріс заманға сай, мұғалім мен ата-анаға түсінікті болуы керек. Сондықтан өзгерісті белден басып емес, оларға түсіндіре отырып жүргізу керек, – дейді министр бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында.


Мұғалімдердің жалақысы өседі

ҚР Білім және ғылым министрінің мәліметінше, қазіргі уақытта ұстаздардың жалақысы ел бойынша орташа деңгейден төмен – 110 мың теңге. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында мұғалімдердің жалақысын көтеруді тапсырды.


Жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың айлығы – 70 мың теңге. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Сондықтан Президенттің Тамыз конференциясында берген тапсырмасы бойынша алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысын екі есе өсіру жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап олардың еңбекақысы 25% ұлғаяды, – деді Асхат Аймағамбетов Мәжілісте “Педагог мәртебесі туралы” заң жобасын таныстырғанда.


“Педагог мәртебесі туралы” заң жобасы бойынша ұстаздардың қызметтік жалақысымен қатар, үстемеақы да көбейеді.


Білім саласы бойынша сарапшы, Astana Garden School компаниясының директоры Нұрмұхаммед Досыбаевтың айтуынша, бұл өзгеріс ұстаздардың мәртебесін көтеріп қана қоймай, салада білікті, жоғары жалақыға лайық мамандарды көбейтеді.


Елімізде Елбасы мен Президент деңгейінде айтылған мәселе міндетті түрде шешіледі. Жалақы мәселесін шешуге келесі жылға 5 триллион теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Бұдан кейін мұғалімдерге жаңа талаптар қойылып, білікті мамандар ғана жұмысқа алынады, – дейді ол.


Оқушылар электрон оқулық қолдана бастады

Биыл оқушылардың сөмкесін жеңілдету мақсатында “Жеңіл портфель” жобасы жүзеге асты. 1 қыркүйектен бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтынан электрон оқулықтарды жүктеп алуға мүмкіндік берілді.


Қағаз оқулықтар қолданыста бола береді. Барлық балада оқулықтардың қағаз нұсқасы болуға тиіс. Егер ата-ана баласының оқулықты электрон нұсқада қолданғанын қаласа, мұндай мүкіндікті береміз. Оны QR-код арқылы жүктеп алуға болады, – деді Асхат Аймағамбетов Үкіметтің баспасөз орталығында.


Сарапшы Нұрмұхаммед Досыбаев бұл өзгерісті мемлекетке пайда әкеледі деп есептейді. Себебі мектептерде қолданылатын оқулықтарға жылда 30-40 миллиард теңге жұмсалады.


Айта кетейік, жылда мектеп оқулықтарынан қате табылып, министрлік сынға ұшырайды. Қатені түзету үшін жыл сайын оқулықтардың көбі қайта басылып шығарылады. Электрон оқулықтарда қатені түзеудің ешқандай шығыны жоқ.


Магистратураға түсу жүйесі өзгерді

Министр білім саласындағы басты проблеманың бірі жемқорлық екенін айтты. Оны болдырмау үшін магистратураға түсу жүйесін де өзгертті.


Магистратура гранты бірыңғай емтиханның нәтижесінде тағайындалады. Талапкер Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін Кешенді тест тапсырады. Емтиханнан жоғары балл жинаған талапкер грантқа ие болып, оқу орнын өзі таңдайды. Министрдің айтуынша, бұл грант тағайындаудағы ашықтық пен айқындық үшін керек. Сонымен қатар жоғары оқу орындары арасындағы бәсекені арттырады.


Жемқорлыққа нақты процедуралар арқылы қарсы тұру керек. Бұған дейін грант жоғары оқу орындарына берілетін. Олар тапсырмаларды өздері дайындап, емтихан өткізетін. Кімді қабылдап-қабылдамайтыны да оқу орындарының құрызында еді. Ал егер Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегідей жүйе қалыптастырып, басқа адам тексеретіндей етсек, ондай болмайды. Биыл магистратураға қабылдағанда жүйені өзгерттік. Соның арқасында магистратураға түсу процесінде 99% күдік болған жоқ. Осындай таза жүйені біз тұтас білім саласына енгізуіміз қажет, – деді Асхат Аймағамбетов “Азаттық” радиосына берген сұхбатында.


Сарапшы Нұрмұхаммед Досыбаев министрліктің бұл бастамасына да жоғары баға берді. Оның айтуынша, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру емтихандарының ашық, таза болуы Қазақстанның ғылым саласында білікті қызметкерлердің көбеюіне ықпал етеді.


Көпбалалы отбасы балаларына 5 мың грант бөлінді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін отбасыдан шыққан балаларға қосымша 5 мың білім гранты бөлінді. Бұл гранттарды жергілікті атқарушы органдар конкурс негізінде берді.


Конкурстың негізгі шарты – 2019 жылғы маусым айында өткен ҰБТ-дан шекті балл жинау. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл, “педагогикалық ғылым” бағыты бойынша кемінде 60 балл жинау керек болды, – делінген министрліктің хабарламасында.


Мұғалімдерді артық жұмысқа тартқандар жазаланады

Бұл туралы “Педагог мәртебесі туралы” заң жобасында көзделді. Халық арасында мұғалімдердің сайлау науқанында, халық санағы кезінде, сенбілікте, тағы басқа жұмыстарға шығарылғаны туралы оқиғалар дау туғызған еді.


Ұстазды артық жұмыс пен есепке жеккендерге 20 айлық есептік көрсеткіштен 120 айлық есептік көрсеткішке дейін (50 500 – 303 000 теңге) айыппұл салынады. Жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін де дәл осындай айыппұл қарастырылған, – деді министр қыркүйек айында Мәжілісте заң жобасын таныстырғанда.


Асхат Аймағамбетов жуырда “Азаттық” радиосына берген сұхбатында педагогтың мәртебесін көтеру мен саладағы жемқорлықты жойып, ашықтық орнатуды бірінші орынға қоятынын айтты.


Нұрмұхаммед Досыбаевтың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін әуелі мұғалімдерге өз құқығын қорғауды үйрету керек.


Өкінішке қарай, бізде білігі, санаты төмен мамандар бар. Олар кейде құқығын қорғай алмай жатады. Бұл мәселе оларды қорғау үшін қолға алынды. Білімді, санаты жоғары мұғалім құқығының тапталуына ешқашан жол бермес еді. Шетелдік тәжірибе бойынша көптеген елде ұстаздардың құқығы басқа азаматтар сияқты әкімшілік, қылмыстық заңнамамен реттеледі. Германияда мұғалім мемлекеттік қызметкер саналғандықтан басқалардан артықшылығы бар. Ал бізде мұғалімнің ондай статусы жоқ. Бұл мәселе мектептердің жергілікті әкімдікке бағынышты болғанынан туындап отыр, – дейді ол.


Асхат Аймағамбетов Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында бұл мәселені қалай шешетінін де айтқан еді.


Көптеген жерде білім беру саясатын, өкінішке қарай, басқарма да, министрлік те емес, аудан мен қала әкімдері құрады. Мен өзім сонда жұмыс істегенмін… Президенттің бұйрығы да сондай, біз білім бөлімдерін әкімдерге емес, білім басқармаларына бағынатындай жасауымыз керек. Қаржыландыруды облыс деңгейіне дейін көтеруіміз керек. Сонда бір облыс бойынша бірыңғай білім саясаты болады. Соған сай мектептер білім бөлімдерімен қатар облыстық басқармаға бағынады, – деді министр.


Ведомство төңірегіндегі бірнеше жанжал

Асхат Аймағамбетов министрлікке бұрынғы вице-министр Эльмира Суханбердиева тұтқындалғаннан кейін келді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оны лауазымын асыра пайдаланды және пара алды деп айыптады. 10 шілдеде оған қатысты сот үкімі шықты. Эльмира Суханбердиеваға 2500 АЕК көлемінде (5 миллион 948 мың 900 теңге) айыппұл салынып, сот залынан босатылды.


Бұл оқиғаның ізі суымай жатып, тамыз айының соңында министрліктің әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Анар Қайырбекова ведомствоның жауапты хатшысы Арын Орсариевті және екі вице-министр Рүстем Биғари мен Фатима Жақыпованы қызмет көрсету туралы келісімшарттарға қол қою барысында қысым жасайды деп шағымданды. Аталған лауазым иелері тағылған айыпты жала деп мәлімдеді. Арын Орсариев көп ұзамай басқа қызметке ауысты. Анар Қайырбекованың өзі қазан айының соңында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Анар Қайырбекованың мәлімдемесіне қатысты әзірше ешқандай іс қозғай қойған жоқ.


Анар Қайырбекова Фатима Жақыповаға қатысты тағы бір мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, “Антиплагиат” бағдарламасы вице-министрдің 258 беттік докторлық диссертациясының 52,62%-і плагиат екенін анықтаған. Фатима Жақыпова бұл айыптауға “медиашантаж” деп баға берді. Бірақ ақпарат құралдары бұл жайтқа ерекше назар аударғаннан кейін ол әлеуметтік желідегі парақшасында докторлық еңбегі туралы сынға жауап жариялады. Оның айтуынша, компьютер бағдарламасы тиісті сілтемелерді есепке алмаған себепті еңбектің жартысы плагиат сияқты көрінген және ғылыми еңбектерді қадағалайтын тиісті комитет оның докторлық диссертациясын тексеруге негіз жоқ деп мәлімдеген. 13 қарашада Фатима Жақыпова қызметінен босатылды.


Қорытынды баға

Асхат Аймағамбетовтің қызметіне қатысты қорытынды пікірді айтуды республикалық QAZBILIM орталығының директоры Аятжан Ахметжанға ұсындық.


Сарапшының айтуынша, атқарушы билікте бірдеңе өзгерту қиын, сондықтан мәселені “Асхат Аймағамбетов не өзгертті” деп емес, “нені өзгертуге талпынды” деп қарастыру керек.


Экс-министрлер Аслан Сәрінжіпов бастап, Ерлан Сағадиев жалғастырған 2016-2019 білім беру бағдарламасы аяқталып жатыр. Ондағы көтерілген мәселелер бұрын қабылданып, қазір шешімі табылды. Ал Асхат Аймағамбетовтің еңбегі 2020-2025 жылдарға арналған білім беру бағдарламасының қалай жүзеге асауынан байқалады, – дейді Аятжан Ахметжан.


Оның пікірінше, жаңа министр жақсы жобаларды ұсынып, саладағы мәселелерді ашық айтып жүр. Асхат Аймағамбетов осы салаға сын айтқан мұғалімдермен, сарапшылармен ашық диалог орнатқан еді. Сарапшылардың айтуынша, оның бұған дейінгі басшылардан ерекшелігі – ашықтығы.


Мысалы, магистратураға қабылдау жүйесін өзгертуді Аймағамбетов білім саласының вице-министрі кезінде ойына алған. Ол вице-министрліктен кеткенде біраз жақсы жобасы іске аспай қалды-ау деп өкінгендердің бірі – мен. Бұл салаға қайта келгенде бастаған істерін жалғастыратынын білдім, – дейді республикалық QAZBILIM орталығының директоры.


baribar.kz




Көрілген: 482    Пікірлер: 0

жексенбі, 17.11.2019, 10:36

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Қараша, 02:44
    Біз жастарға сенеміз
    17 Қыркүйек, 18:06
    Тіл – татулық тірегі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31