Атырауда білім бөлімінің басшысы мұғалімді желідегі жазбасы үшін сотқа берді

01 қазан 2021, 19:17

Атырау облысында білім бөлімінің басшысы әлеуметтік желідегі жазбасы үшін мектеп мұғалімін сотқа берді. Оған ұстаздың "Марапатқа лайықсыздар лайық па?" деген сұрағы ұнамай қалған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

Атырау облысы Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева Құлсары қалалық №7 орта мектептің мұғалімі Жанаргүл Шарғабаеваның үстінен полицияға арыз түсірген. Арызда Facebook әлеуметтік желісіндегі пост оның абыройына нұқсан келтіргені туралы жазылған.

 

Әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы себепсіз әрі негізсіз жала жауып, абыройыма нұқсан келтірді, – дейді Айбарша Қақпанбаева.

 

Жанаргүл Шарғабаева өзінің Facebook парақшасында министрлік, білім басқармалары, әкімшілік пен маслихат марапатына мектеп әкімшілігі ұсынған үміткерлерді емес, аудандық білім бөлімі немесе қолында билігі бар адамдар өз таныстарын ұсынатынын жазды.

 

Бұрын ұсынған қызметкерлер кезегі келген кезде марапат алатын еді. Қазір кезексіз алатын болды. Біздің ауданда да сондай жағдай. Директорларға "пәленшені марапатқа жазып жібер" деген тапсырмалар келіп жатыр, — деп жазады Шарғабаева.

 

Бастауыш сынып мұғалімі өзінің үстінен жазылған арызды басшылық тарапынан жасалып жатқан қысым немесе жала жабу деп есептейді. Өйткені ол осыған дейін аудандағы терезесі ашылмайтын мектептер туралы айтқан болатын. Оның тілшілерге берген сұхбаты Атырау облыстық Білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевқа ұнамай қалып, Жанаргүл Шарғабаеваға қысым көрсеткен болатын.

 

Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаеваның айтуынша, мұғалімдерге марапат беруді тек өзі шешпейді екен.

 

Арнайы комиссия құрылып, лайықты ұстаздарды таңдап аламыз. Мен сол комиссияның төрайымымен. Оның айтқан сөздерімен келіспеймін, сондықтан сотқа арыз түсірдім, — дейді .Қақпанбаева.

 

Бұл дауға нүктені сот қояды.