Атыраудағы университет ұжымы «Қазақстан халқына» қорына бір күндік жалақысын аударды

16 қаңтар 2022, 16:17

Атыраудағы университет ұжымы «Қазақстан халқына» қорына бір күндік жалақысын аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды.

 

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ұжымы аталған қорға бір күндік жалақыларын аударуға шешім қабылдады.

 

«Қорға аударылған қаржы азаматтардың денсаулық, білім, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы мәселелерін шешуге бағытталады. Сонымен қатар, зардап шеккен адамдарға көмек көрсетіледі. Ал, қиналған жанға көмек беру – баршамыздың әлеуметтік жауапкершілігіміз. «Күшіміз – бірлікте» дейтін болсақ, осындай нақты шаралар арқылы бір-бірімізге көмектесе аламыз. Президент тапсырмасымен құрылған қор әлеуметтік қолдау бағытындағы проблемаларды шешуге, қоғамды біріктіруге ықпал етеді деген сенімдеміз», -дейді университеттің ректоры Гүлзада Шакуликова.

 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау теміржолшылары зардап шеккендер үшін қан тапсырып жатқанын хабарланған болатын.