Ауғанстан БҰҰ жанындағы өкіл міндетін атқарушыны тағайындады

17 желтоқсан 2021, 20:40

Ауғанстан бұрынғы тұрақты өкіл Гулам Исакзайдың орнына БҰҰ жанындағы өкіл міндетін атқарушы ретінде Насир Ахмад Фаикті тағайындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.

"Ауғанстан Ислам Республикасының Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесші-өкіл қызметін атқаруды Насир Ахмад Фаик өз қолына алды", - делінген Ауғанстан өкілдігінің Twitter-де жариялаған хабарламасында.

Ауғанстан өкілдігі елдегі ауыр гуманитарлық жағдайға қарсы күресу үшін БҰҰ басшылығы және мүше мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықты дамытуға бар күш-жігерін салатыны айтылды. 

Бұған дейін "Талибан" қозғалысы БҰҰ-ға хат жіберіп, бұрынғы үкімет тағайындаған Ауғанстанның тұрақты өкілі Гулам Исакзай енді қызметін жалғастырмайтынын мәлімдеген еді. Талибан БҰҰ-дағы Ауғанстанның жаңа өкілі ретінде Мохаммад Сухейл Шахин тағайындалғанын айтты.

"Талибан" қозғалысы билікке келгеннен кейін Исакзай тәліптерді бірнеше рет сынады. Ол бұл қозғалысты адам құқықтарын бұзды деп айыптады.