Балабақшадағы балақайдың өлімі: тың мәлімет шықты

10 тамыз 2022, 18:00

Елордада анасы жекеменшік балабақшаға бір айға тастап кеткен бала көз жұмды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Жантүршігерлік жағдай сәуір айында болған. Оқиғадан соң 6 тамыз күні сот шешімі шығып, әйелді екінші қызына қатысты ата-ана құқығынан айырды.

 

24 жастағы елордалық кіші қызын ақпанда жеке балабақшаға берген. Қалалық сот ақпарынша ол бала күтімі бойынша ақыны бірнеше күнге ғана төлеген. Кейін қаржылық қиындықтарға байланысты сәбиін іздеп келмеген. Араға екі ай салып екі жасар бала бөбекжайда қайтыс болады.

 

«Басында анасы балабақша үшін ақы төлейтін. Ол тәулік бойына есептелді. Ал кейін  байланысқа мүлде шықпады. Осы уақыт ішінде бала күтуші де болды. Бала осы жылдың сәуір айында қайтыс болды. Бұрын біз білетіндей, бала күтуші баланы ваннаға шомылдырып  жатқанда суға батып кеткен», – деді қалалық  кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Марина Кушакова.

 

Қылмыстық іс қозғалды. Мемлекеттік мекеме әйелді үлкен қызына қатысты ата-ана құқығынан айырып, одан алимент өндіруді талап етті.

 

«Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы анасын, ата-ана құқығынан айыру туралы талап арызға бастама көтерді. Нұр-Сұлтан қаласының кәмілетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының биылғы 20 шілдеде шыққан шешімімен баланың анасы екінші балаға қатысты ана-ана құқығынан шектелді», – деді қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Гүльмира Жұманова.

 

Безбүйрек ананың тағы 6 жасар қызы бар екен. Ол қазір әжесінің  тәрбиесінде. Әкелері де тастап кеткен.