Баламыз ауыр сөмкені көтерер-ау, миға салмақ оқулықты қайтеміз...
Кеше Мәжілісте оқулықтардың оқушылардың иығына түсіріп тұрған салмағы біраз сынға ұшырады. Тіпті келешекте оқулықтарды екі тоқсанға бөліп шығару мәселесі де сөз болды. Салмағы ауыр оқулықтарды баспадан екіге бөліп шығарып, оқушылардың иығын «жеңілдетерміз». Ал оқушылардың миына салмақ салып тұрған оқулықтарды қайтеміз?!
Осы орайда еліміздегі заңгерлер «оқушылардың мектептегі және мектептен тыс жерлердегі, факультативтік және үйірмелік сабақтарға бөлетін апталық жүктемесі белгілі бір уақыттан аспауы керек. Оқушылардың апталық жүктемесінің көбеюі олардың денсаулығына кері әсер етеді. 1 сынып оқушысының апталық оқу жүктемесі 24 сағаттан, 2 сынып оқушысының сабақ жүктемесі аптасына 25 сағаттан, 3 және 4 сыныптың оқушысының жүктемесі 29 сағаттан, 5 сыныптікі 32 сағаттан, 6 сыныптікі 33 сағаттан, 7 сыныптікі 34 сағаттан, 8 сыныптікі 36 сағаттан, 9 сыныптікі 38 сағаттан, 10-11 сынып оқушысынікі 39 сағаттан аспауы керек» деп отыр. Алайда оқушылардың апталық жүктемесі арнайы заңмен бекітіле тұра, көп жағдайда бұл талап сақтала бермейді екен. Мәселен 1 сыныптың оқушысы аптасына 24 сағат уақытын ғана сабақ оқуға бөлетін болса онда не үй тапсырмасын бермеу керек, не сабақ уақытын бес күндікке ауыстыру керек.
Осы орайда айта кетер жайт, дамыған кейбір елдерде бес күндік сабақ кестесі жасалған. Кейбір елдерде оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді, берілген күннің өзінде біздегідей емес көбінесе ойын түрінде, балаларды жалықтырмайтын, шығармашылық жұмыс түрінде беріледі екен. Бүгінде көптеген заманауи озық технологиялардың, озық жетістіктердің дамыған елдерден бастау алып жатқанын ескерсек, біздің елімізге де сол елдердің білім беру тәжірибесіне сүйену артықтық етпейтінін ұғамыз.
Оқушылардың апталық жүктемесі түгілі кейде күндік жүктемесінің өзінің ауырлығын байқалады. Мәселен бірінші сыныпта оқитын қызыммен бірге үй тапсырмасын орындағанда кешкі 17:00 де бастаған үй тапсырмасын түнгі 23:00-24:00 ге дейін оқитын кезіміз жасырын емес. Мысал үшін бейсенбі күнгі сабақ кестесін алсақ, ағылшын тілі, математика, Сауат ашу, Еңбекке баулу, Математика әлемі қосымша сабағы бар екен. Ағылшын тілінен үйге тапсырмаға жаттауға өлең берілген және ағылшын дәптерінен тақырыпқа сай суреттерді бояу керек, және өткен аптада өткен әрпін жазуы керек. Математикадан теңдікті, айырма, азайғыш, азайтқыш, айырманың мәнін жаттап келуі керек (Осының барлығы бір сабаққа сыйғызылған). Және дәптерінде есе шығару, үйге тапсырма ретінде берілген. Сауат ашудан соңғы өткен «Б» әрпінің қос бетін оқу, диктант жазу, Сауат ашу дәптеріне соңғы өткен әрпіне қоса, тұтас мәтінді көшіру, қосымша әліппе серігінен «Б» әрпіне қатысты жаңылтпаш, жұмбақ, тақпақты жаттау. Және еңбек пәнінен тапсырманы қоса орындау нәтижесінде үй тапсырмасын түннің бір уағында аяқтауға тура келеді. Мұның барлығы бір-ақ күннің тапсырмасы. Жасыратыны жоқ, кейде бала шаршап соңғы тапсырмаларын орындауға шамасы да жетпей жатады. Сондайда үйге мүлдем үй тапсырмасын бермейтін елдердің тәжірибесіне еріксіз сүйсініп қоясың. Буыны енді қатып келе жатқан балаға осынша үй тапсырмасы ауырлығы анық байқалады. Байқаймын алғашқы кездегідей емес, баланың сабаққа деген де ынтасы төмен. Соңғы кездері оқулықтардың, жалпы оқу бағдарламасының қиындығы да жиі сөз болуда. Оқулық өндірісін бизнеске айналдырып жүріп, баланың миына түсетін салмақты естен шығарғандаймыз. Осы орайда еліміздің заңгерлері дабыл қағып отырғандай оқушыларымыздың құқығы бұзылып жатыр ма? Маманды сөзге тартып көрген едік.
–Білім алу кезінде балалардың құқықтары сақталмаса ол елеулі түрде оның денсаулығына әсер етеді. Мәселен 6 жас пен 17 жас аралығындағы балалар күнделікті уақытының 70 пайызын білім беру мекемелерінде, яғни мектептерде өткізеді. Олардың мектеп табалдырығын аттағанша білім алуға деген ықыластары ерекше болады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей олардың білім алуға деген құштарлықтары уақыт өте басыла береді. Бастауыш сыныптарда жақсы оқитын оқушылардың үлесі өте жоғары болса, мектеп бітірер кезде олардың үлесі 5-6 пайызға әрең жетеді, тіпті кейбір жағдайларда одан да төмен болады екен. Оқу үдерісінің күрделенуі, жүктеменің көбеюі олардың білім алуға деген ықыласын кемітіп, тіпті денсаулығына да кері әсер етеді. Олардың жүйке жүйесіне күш түсуі салдарынан бойларында тез шаршау байқалады, ағзаның иммундық күші әлсірейді. Жыл өткен сайын мектептегі балалардың бойында түрлі аурулардың бой көрсетуі, аурушаң балалардың көбеюі осының дәлелі. Жас ерекшеліктері физиологиясы институтының келтірген деректеріне сүйенсек, білім алу кезінде мектептегі балалардың көздерінің көру қабілетін кемітетін бұзылыстар 5 есе, психоневрологиялық аурулар 4 есе, асқорыту ағзаларының бұзылыстары 3 есе күшейеді екен. Яғни баланың бойында бұрыннан бар аурулар қоза түседі. Тіпті кейбір аурулар созылмалы дертке айналады. Оқу процесінің қиындауы баланың өсуіне де кері әсер етеді. Осы орайда баланың денсаулығы, жеткілікті дәрежеде өсіп жетілуі оқу үдерісіне тікелей байланысты деуге болады. Сондықтан балаларға білім беру мекемелеріндегі оқу үдерісі гигиеналық талаптарға сай болуы керек. Білім бере отырып оқушылардың бойындағы білім алуға деген құлшынысын жоғалтып алмауды, білім беру кезінде жүктеменің балаларды жалықтырып жібермеуін, шаршатпауын ойлауымыз керек. Рас, кейбір жағдайларда бұл заңдылықтардың еліміздің мектептерінде сақтала бермейтінін байқаймыз.
Автор: Қуаныш Әбілдәқызы
Жұлдыз
Радиосы