БҒМ: Студенттер көктемгі семестрде аралас форматта оқитын болады

17 қаңтар 2022, 15:56

Студенттер үшін көктемгі семестр 24 қаңтарда басталады. Оқу дәстүрлі/аралас форматта болады. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 Атап айтқанда, жоғары оқу орнының шешімі бойынша оқу процесі толығымен дәстүрлі форматта немесе аралас форматта ұйымдастырылуы мүмкін, яғни дәрістер – онлайн, ал практикалық және семинар/зертханалық сабақтар офлайн режимде өтеді.

«Басқа қаладан келетін студенттерді студенттер үйлеріне/жатақханаларына орналастыру алдын ала қамтамасыз етіледі. Өңірде тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай туындаған жағдайда 7 ақпанға дейін (немесе тиісті өңірдің бас санитарлық дәрігері белгілеген басқа да күндер) жоғары оқу орындары онлайн режимінде оқытуды бастап, одан кейін дәстүрлі/аралас оқыту форматына ауыса алады.

Сондай-ақ, министрлікпен келісе отырып, 1 курс студенттері үшін оқу процесін онлайн форматта ұйымдастыруға рұқсат етіледі», – делінген хабарламада.
Жоғары оқу орындарында санитарлық-эпидемиологиялық режим

міндетті түрде сақталады:

• Маска режимі қамтамасыз етіледі;

• ЖОО-ның аумағына, оқу ғимараттарына, кітапханаларға және жатақханаларға кіре берісте Ashyq қосымшасын қолдану міндетті

болып саналады;

• Тыныс алу жолдарының инфекциясының белгілері бар (жөтел, мұрыннан су ағу, дене температурасы 37 градустан жоғары) адамдар оқу корпустарына кіргізілмейді.

• ЖОО студенттерден ПТР тестілеу талап ете алмайды.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары студенттері арасында 81%-дан астамы, профессорлық-оқытушылар құрамы арасында 94% астамы екпе алды.