Жаңалықтар

Білім министрлігі білім стандартын білмей ме?

  • ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

    ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Осы уақытқа дейін еліміздегі мектеп оқушыларының жүктемесі шамадан тыс артық екені туралы әлеуметтанушы мамандар алаңдатушылық танытып келген еді. Дәрігерлер де бастауыш сынып оқушыларының күнделікті мектепке арқалап апаратын кітаптарының салмағы рұқсат етілген нормадан артық екенін, оның бала денсаулығына зиянды екенін талай рет тілге тиек еткенді. Алайда, әлеуметтанушылар мен дәрігерлердің дауысы реформашыл министрлікке жетпеді немесе жетсе де ескерілген жоқ. Керісінше соңғы жылдары мектеп бағдарламасына бірқатар пән енгізілді.
Соңғы кездері бұл мәселеге халық қалаулылары да араласты. Үкімет сағатында палата вице-спикері Дариға Назарбаева «Біздің қосымша, баламалы мектеп оқулықтарын енгізгенімізге он жылдан асты. Осы он жылда неге жеттік? Біріншіден, біз логистиканы бетімен жіберіп алдық. Екіншіден, бұл оқулықтардың сапасы сын көтермейді, саны көп болғанымен сапасы жоқ. Қаптаған оқулық болғандықтан, мұғалімдердің өзі тіпті кейде қай оқулықпен оқытуды білмей дал болады» деді. Депутат бұған дейін де білім саласын талай сынға алып, аталмыш саладағы кемшіліктерді көзге шұқып көрсеткен болатын.
Сондықтан да болар, Қазақстанның заңгерлер лигасы білім саласындағы мәселелерді оңтайлы шешу үшін комиссия құруды қолға алмақшы және сол комиссияға төрайымдық етуді Дариға Назарбаевадан өтінбек көрінеді.
Zakon.kz таратқан мәліметке қарағанда, Қазақстанның заңгерлер лигасы Білім министрлігіне білім стандарттарының сақталуын, оның ішінде оқушылардың оқу жүктемесін қысқарту туралы ұсыныс жолдаған. Қазақстанның заңгерлер лигасының серіктес басшысы, адвокат Жангелді Сүлеймановтің айтуынша, Ата заңымызда санитарлық-гигиеналық норма тұрғысынан қарастырылған білім стандарты бойынша әрбір сынып үшін бір аптадағы сағат саны бекітілген. Ол бірінші сынып үшін 24 сағат болса, 11 сынып үшін 39 сағатты құрайды. Оның ішіне үй тапсырмасы да, сыныптан тыс сағаттар да кіреді. Яғни, жалпы оқу жүктемесі осы нормадан аспауы қажет. Мысалы, егер бесінші сынып оқушылары аптасына 30 сағат оқитын болса, онда оларға бір аптада берілетін үй тапсырмасы 2 сағаттан аспауы тиіс. Егер олар мектепте аптасына 32 сағат оқыса, онда үй тапсырмасы берілмеуі керек. «Оқу жүктемесі тіпті бір сағатқа артық болуының өзі буыны қатпаған бала денсаулығына зияныны тигізбей қоймайды. Ғалымдар балаларды физикалық және психологиялық тұрғыдан қорғау мақсатында оқу жүктемесінің нормасын бекіткен. Ал қазір біздің балаларымыз үй тапсырмасын қосқанда бекітілген нормадан он-жиырма сағатқа артық оқып жүр. Ал бұл бала денсаулығына аса зиян» дейді заңгер.

Алайда, білім министрлігі заңгерлердің ұстанымымен келіспейтінін білдіріп отыр. Олардың пайымдауынша, оқушы мектепте қанша сағат оқығанына қарамастан үй тапсырмасы берілуі қажет. Білімді шыдауда үй тапсырмасының алар орны ерен. Бірақ заңгерлер министрліктің бұл пікірі заңда көрсетілмегенін және Ата заңымызға қайшы екенін айтады. «Білім стандарты барлық мектептер үшін бірдей және қандай да бір игі мақсат оны өзгертуге, оқу жүктемесін арттыруға құқық бере алмайды» дейді заңгер.
Десе де, білім министрлігі, бір жағынан алып қарағанда, заңгерлердің айтып отырғанымен келісетінін жасырмайды. Министрліктің мәліметіне қарағанда, 2010 жылдан бастап санитарлық норма бойынша үй тапсырмасы берілмеуі керек. Бірақ білім министрлігі 2015 жылы бұл норманы өзгертпек көрінеді. «Санитарлық нормаға үй тапсырмасы енгізілгенмен, оқу жүктемесі азаймайтынын министрлік ескермей отыр» дейді заңгар.
«Біздің ұққанымыз, білім министрлігі біздің ұсынысымызбен келіспейді, заңға қайшы болса да санитарлық нормаға үй тапсырмасын енгізбек. Министрліктің осындай ұстанымын ескеріп, санитарлық нормаларды қадағалайтын комиссия құруды ұсынамыз. Комиссия мектептердегі оқу жүктемесін, білім сапасын, оқулықпен қамту, оқу жоспарларының негізділігін, оқу портфелінің салмағын, оқушыларды тамақтандыру сапасын бақылап отыратын болады. Комиссия құрамына ғалымдар, психологтар, дәрігерлер, ата-аналар, мұғалімдер, депутаттар және қоғам қайраткерлері кіруі керек. Ал комиссияны білім саласының мәселесін ұдайы көтеріп жүрген жалғыз билік өкілі Дариға Назарбаева басқарса дейміз» дейді Ж. Сүлейманов.
Сондай-ақ, заңгерлер мектептерге бес күндік оқу аптасын енгізу керектігін айтады. Бұл мәселе бұған дейін де талай айтылған. Алайда, жоғарғы мінберден бұл мәселеге қатысты шешім айтылған емес. Тіпті бес күндік оқу аптасын енгізудің қажеттілігі немесе қажет еместігі туралы зерттеліп, ғылыми тұрғыдан оған жауап іздеп жатқан да ешкім жоқ. «Жыл сайын өзгеретін білім туралы бағдарлама, жаңадан енгізілген пәндер, ақпараттың шамадан тыс көптігінен балалар мектептен безіп кете жаздайды. Егер бес күн оқу мәселесі қарастырылса, сенбі күні олар миларын тынықтырып, спорттық және мәдени шараларға қатысар еді", - дейді заңгер.

Автор: Қалдар Көмекбаев




Көрілген: 2311    Пікірлер: 0

жұма, 28.11.2014, 09:33

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30