Дүниежүзілік гимназиадада қазақстандық оқушылар 14 медаль жеңіп алды - Аймағамбетов

19 мамыр 2022, 11:12

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жеңіспаздарды құттықтады.
 
 Өткен аптада біз 250-ге жуық оқушымызды әуежайға барып Францияға шығарып салдық. Олар алғаш рет Дүниежүзілік гимназиадаға қатысып, әлемнің 70-ке жуық елінен келген құрдастарымен бақ сынасып жатыр. Жарыстың алғашқы 3 күнінде оқушыларымыз 14 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 8 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар. Дзюдо, таеквондо және жүзу жарыстарына қатысушылар алтын, жеңіл атлеттер мен дзюдошылар күміс, сондай-ақ дзюдошылар мен таэквондошылар қола жүлдегер атанды, - деп жазды министр.

 Министр алдағы уақытта да оқушыларға қажетті жағдай жасалатынын айтты.

Барлық жеңімпазды лайықты жеңістерімен құттықтаймын! Әр медаль – еңбектің, табандылықтың, еңбекқорлық пен тәртіптің жемісі. Жақсы дайындық деңгейін көрсеткен мұғалімдеріңіз бен жаттықтырушыларыңызға, сондай-ақ қолдау көрсеткен ата-аналарыңызға алғыс айтамын. Әуежайдан шығарып салғанда сіздердің ұмтылыстарыңызды, талпыныстарыңызды байқадым. Алдағы ойындарда жеңістер тілеймін және туған жерде сіздерді асыға күтіп, барлығы жанкүйер болып отырғанын ұмытпаңыздар. Білім және ғылым министрлігі алдағы уақытта да Қазақстанды халықаралық деңгейде абыроймен танытуларыңыз үшін жағдай жасауды жалғастырады, - деді ол.

BAQ.KZ