Елімізде қандай мамандықтарда грант саны көбейеді

11 қазан 2021, 15:50

Қазақстанда медициналық оқу орындарында санитарлық-гигиена мамандарын даярлау факультеттерінде оқу грантының саны көбейеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мәжіліс отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиология қызметі мамандарының санын арттыру мақсатында шаралар қабылданып жатыр. Осының негізінде 2021 жылдың қаңтарынан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізетін мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің жалақасы аудан деңгейінде 70%, облыс деңгейінде 40% -ға көтерілді", - деді Алексей Цой. 

 
Министрдің айтуынша, 2021-2022 оқу жылынан бастап жоғарғы оқу орындарында санитарлық-гигиена мамандары жаңа "Қоғамдық денсаулық" оқу стандарты бойынша оқытылады. Сонымен қатар "Медициналық профилактикалық іс" факультетінің бакалавриатының 150 орын, магистратураға 50 орын бөлінген. 

"Биылғы жылы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-гигиена мамандарын оқыту мерзімін "Қоғамдық денсаулық" бағдарламасына сәйкес 4 жылдан 5 жылға ұзарту мәселесі қаралды. Сонымен қатар жоғарғы оқу орындарына жыл сайын бөлінетін грант санын көбейтіп, 2025 жылға қарай 400 орынға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында маман тапшылығын азайтуға көмектеседі", - деп түсіндірді Алексей Цой.

Stan.kz