Елімізде магистратураға оқуға түскен грант иегерлерінің тізімі жарияланды

30 желтоқсан 2021, 12:17

ҚР Білім және ғылым министрлігі қысқы конкурс қорытындысы бойынша магистратура грантының иегерлерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Мемлекеттік гранттарды 945 қазақстандық жеңіп алған.

Грантқа ие болғандардың ішінде 837 адам ғылыми-педагогикалық магистратураға, 108-і бейінді бойынша оқуға түскен.

Ең танымал салалардың қатарында "машина жасау, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс индустриясы", "жаратылыстану, математика және статистика", "әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат" болды.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға білім беру гранты бойынша және ақылы негізде түсу үшін өту балы – 75 балл, мамандандырылған магистратураға – 50 балл.

Оқуға түсу үшін грант иегерлері құжаттарын 10 қаңтарға дейін университеттердің виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы тапсыруы қажет. Оқу университеттердің академиялық күнтізбесіне сәйкес басталады.

Айта кетейік, министрлік биылғы жылы магистратура мен докторантураға екі рет: дәстүрлі түрде жазда және алғаш рет қыста гранттарды тағайындау конкурсын ұйымдастырды.