Елорда, Алматы, Шымкент қалаларында оқушылар III тоқсанда онлайн оқиды

17 қаңтар 2022, 21:08

Алматы, Елорда және Шымкенттегі оқушылар үшінші тоқсанда онлайн оқиды. Бірақ эпидемиологиялық ахуал жақсаратын болса, санитар дәрігерлер олардың мектепте оқуына рұқсат беруі мүмкін. КВИ өршуіне байланысты білім министрлігі әзірге қашықтан оқытуды ұйғарды.

 

Гүлмира Кәрімова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы:

 

- Біз ғана шешім қабылдамаймыз. Санитар дәрігерлердің шешіміне сәйкес, жалпы еліміз бойынша үш қала: Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында оқу қашықтан оқыту форматында өткізіледі. Қазір барлық техникалық құрал-жабдық таратылып болды және таратылуда. Ұйымдасқан түрде оқу процесі ІІІ тоқсанда басталып кетті.

 

Еліміздегі үш ірі қаладан бөлек өңірлерде де 600-ден көп оқушысы бар мектептер қашықтан оқуға көшеді.

 

Ал ауылдағы білім алушылар бұрынғыдай мектепте оқиды.

 

Егер оқушылардың арасында коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын салдырғандар болса, олар оффлайн оқи алады.

 

Елде 182 мың оқушыға «Пфайзер» вакцинасы егілген.

 

Білім министрлігінің мәліметінше республика бойынша 2 миллионнан астам оқушы дәстүрлі форматта білім алса, қалғаны онлайн оқиды.

 

Үшінші оқу тоқсаны 18 наурызда аяқталады.

 

Қазақстанда үш жарым миллиондай оқушы екінші тоқсаннан кейін ұзақ демалды. Қаңтар айының басындағы жаппай тәртіпсіздіктердің кесірінен қысқы демалыс 19 күнге созылды.

 

Студенттердің де көктемгі семестрі аралас форматта ұйымдастырылады.

 

Бүгінде жоғары оқу орындары студенттерінің арасында 81 пайыздан астамы вакцина алған.

 

 

 

ktk.kz