Ертісбаев: BINOM мектептері әр облыста болуы керек

23 мамыр 2022, 17:44

«Сіздер біздің бүгініміз бен болашағымыздың кірпішін қалап жатырсыздар». Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев BINOM мектебіндегі сапарын осы сөздермен бастады.

“Менің ойымша, бұл мектеп – болашақтың мектебі, бірақ ол дәл қазір бар және қызмет етуде. Ендігі менің ең үлкен арманым – 2030 жылға дейін елімізде осындай 1000 мектептің болуы! Ең басты байлық – мұнай мен газ, асыл металдар емес, халық, ұстаздар мен оқушылар”, – дейді Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев.

Кездесу барысында партия басшылығы елордадағы мектептер тапшылығының өсу проблемаларын, BI Group мысалында, МЖӘ тетігі шеңберінде мектептер салу тәжірибесін, білім беруді дамыту, мұғалімдердің жалақысын арттыру, сондай-ақ алдағы референдумға қатысудың маңыздылығын талқылады.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа форматтағы мектептер өткен жылы МЖӘ қағидаты бойынша салынған болатын. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу және жобалау бойынша техникалық тапсырманы оқу процесінің барлық қажеттіліктерін білетін педагогикалық ұжым жасаған. Әр мектепте физика, химия, биология, нано және биотехнология бойынша тоғыз кеңейтілген зертхана, 100 орындық кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг-аймақ, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, шығармашылық эксперименттерге арналған 3D-принтер, робототехника кабинеттері, Speaking Club пен TedxBINOM қарастырылған. Кітапханаларда ноутбуктер мен интерактивті үстелдер бар. Бұдан басқа, мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалған. Осы мақсатта BI Group компаниясы елорданың инклюзивті қоғамдастықтарының өкілдерімен кездесу өткізген.

“Біздің компания жұртшылықпен және билікпен сындарлы диалогқа әрдайым ашық. Біз бизнесті адал және ашық жүргізетінімізді қайталаудан шаршамаймыз. Сондықтан бірқатар блогерлер мен депутаттардың BINOM мектептерінің бағасы туралы айтқан сөздерінен кейін, оқу процесін және жаңа білім беру нысандарының жабдықталуын көрсету, құны туралы айту, сондай-ақ қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап беру үшін оларды жеке шақыруға шешім қабылдадық. BI Group холдингі мен оның акционерлері саясатқа бей-жай қарамайтынын атап өтеміз. Яғни, бұл кездесу Қазақстан Халық партиясының сұранысы аясында өтті”, – дейді BI Group холдингінің төрағасы Асхат Омаров.

Компаниядағылардың айтуынша, олардың жасыратыны жоқ. Сондықтан бизнестің ашықтығына барынша сенімді болу үшін жоба командасы қонақтарға жобаның барлық сметалық құнын көрсетіп, МЖӘ тетігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Айта кету керек, BINOM мектептерінде бір шаршы метрдің бағасы 261 мың теңгені құрайды, бұл типтік білім беру нысандарының құрылысына сәйкес келеді. Бір оқушыға арналған ОМҚ - үлгілік мектептегі 3 048 000 теңгеге қарсы 3 778 000 теңгені құрайды. Бұл ретте BINOM-дағы техникамен және жабдықтармен жарақтандырылу – 21%, бұл көрсеткіш 5,2% деңгейінде тұрған үлгілік мектепке қарағанда 4 есе жоғары.

Депутаттарға BINOM-ның барлық мектептері тегін, қабылдау БҒМ-нің типтік ережелері бойынша жүзеге асырылады және ең алдымен мұнда жақын аудандардың тұрғындары қабылданатыны айтылды. Бір мезетте 16 мың оқушыға арналған 4 нысанды пайдалануға берудің арқасында елордалық білім беру жүйесіне түсетін жүктеме айтарлықтай төмендеді. Компания жобаларды іске асыру барысында барлық қажетті рәсімдерді сақтағанын, оның ішінде ашық көздерде 60 күнге хабарландырулар орналастырғанын, яғни конкурсқа кез келген инвестор-компания қатыса алатынын түсіндірді. Сонымен қатар, мектеп мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Кездесу соңында ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев BI Group командасына түсіндірмелері мен көрсеткен бастамасы үшін алғыс білдірді.