Грантты жұмыспен өтеуге не кедергі?

Грантты жұмыспен өтеуге не кедергі?

Мемлекет бакалавриатта, магистратурада, докторантурада түрлі бағдарламалар мен квоталар арқылы жыл сайын 100 мыңға жуық із­денушіні тегін оқытып, маман етіп даярлайды. Алайда кейбір маңызды салаларда әлі күнге маман тапшы. Өйткені көбі жай ғана грант үшін оқиды, ал бітірген соң оқыған мамандығымен жұмыс істемейді.

 

Оқу бітіргендерде еңбек өтілі бола ма?

 

Міне, сол себепті соңғы жыл­да­ры енгізілген өзгеріске сәй­кес мем­­лекеттік тапсырыспен оқы­ған түлектер грантты 3 жыл жұ­мыс істеу арқылы өтеуге міндетті болды. Рес­ми деректерге сүйенсек, 10 мың­ға тарта маман осы талапты орын­дамай жүр. Неге? Не кедергі?

 

Манас Ерланұлы жақында Шә­кәрім атындағы Семей мем­ле­­кет­­тік университетін тәмам­дап, экология магистрі атанды. Мем­лекеттік білім беру грантымен оқыған ол оқу орны келісімшарт бойынша жұмыс табуда жеделдік танытпайтынын жеткізді.

 

«Грантты жұмыспен өтеу ту­ралы талаптан хабардармын. Бұл туралы білім алған оқу ор­­­нын­­да айтылды. Және біз, ма­­гист­рант­тар өзіміз жайлы дерек­­терді дайындап бердік. Өйт­­кені келісімшарт бойынша уни­ве­р­ситет өзінде білім алған түлектерге Жұмыспен қамту орталығы арқылы вакансиялар ұсынуы тиіс болатын. Алай­да диплом қорғағаныма бір ай болса да ешқандай хабар жоқ. Сол себепті өзім интер­нет желісі арқылы жұмыс іздеп, кәсіп­орын­дарға түйіндеме таратып жатырмын», дейді кейіпкеріміз.

 

Оның ойынша, жұмыс іздеу­де мәселе бар деп те, жоқ деп те айту­ға болады. Өйткені өзі­нің білі­міне сенімді, жұмысқа ын­талы адам шын іздесе, мін­детті түрде жұмыс табады.

 

«Алайда елімізде әлі күнге дейін жұмысқа алуда білім-білігіне емес, таныс-тамырға басымдық беріледі. Бұған қоса, оқуды жаңа бітірген маман жұ­мыс істегісі келсе, көп мекеме, яғни өндіріс орны кемі 3 жыл­дық еңбек өтілін талап етеді. Мұн­дай жағдайда жұмыс табу қиын», дейді М.Ерланұлы.

 

Мысалы, ол экология маман­ды­ғын қатты қалағандықтан, бакалавриаттан кейін бірден осы сала бо­йынша магистратураға оқуға түс­кен. Сол себепті 3 жыл­дық жұмыс тә­жіри­бе жинауға мүм­кін­дігі де бол­­маған.

 

Иә, мұндай кейіпкерлер көп. Енді мәселенің мәнісіне қарай ойыссақ. Жыл басында Білім және ғылым министрлігі грантты жұмыспен өтеу талабының же­ңіл­д­етілгені жайлы ақпарат таратты. Соған сәйкес бұдан былай мемлекеттік тапсырыспен оқы­ған түлектер мемлекеттік қана емес, жекеменшік мекемелерде де жұмыс істеп, грантын өтей алады. Бұл туралы аталған ведомствоның қарамағындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты.

 

«Мемлекеттік грант арқылы бі­лім беруге қатысты өзгерістер «Білім туралы» Заңға 2016 жылы ен­гізілген. Сол өзгерістерге сәй­кес, грант бо­йынша оқыған сту­денттер оқуын аяқтаған соң мамандығы бойынша мемлекеттік мекемелерде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті. Тиісінше, бұл норма 2017-2018 академиялық жылдан бас­тап мемлекеттік тапсырыс есе­бінен жоғары оқу орында­ры­на түскен барлық студентке қа­тысты қолданылады. Егер студент жоғары оқу орнына грант бойынша 2017 жылы түсіп, 2020-2021 академиялық жылы оқуын аяқтаса, грантты бұрын қабылданған заңға сәйкес өтейді. Сондықтан бұл ретте айтарлықтай жаңашылдық жоқ. Бұған дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған азаматтар грантты тек мемлекеттік ұйымдарда және 3 жыл көлемінде жұмыспен өтеуге міндетті болатын. Енді 2021 жылдан бастап тиімді тәсіл қол­­данылады. Яғни биылдан бас­тап түлектер меншік нысанына қарамастан кез келген ұйымда және мемлекеттік тапсырыс бо­­йынша тегін оқыған мерзім көлеміне сәй­кес грантты жұмыспен өтей алады», деді Ә.Тойбаев.

 

Ал жақында «Қаржы» орталы­ғының президенті Асқар Ибраимов Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында кейбір міндетті мамандықтардан өзгесін бітір­гендер табылған қызметке орна­ласып, грантты өтеуіне болатынын айтты.

 

«Қазіргі таңда өз мамандығы бойынша жұмыс істеу талабы тек медицина, ветеринария, педагогика және ауыл шаруашылығы саласындағы мамандықтарға қа­тыс­ты. Ал қалған мамандықтарда грантта оқып, бітірген түлектер меншік нысанына қарамастан (мем­лекеттік пе, жекеменшік пе, бә­рібір) кез келген мекемеде та­былған, өзіне ыңғайлы қызмет бо­­йынша ресми тіркеліп, 3 жыл жұмыс істесе болғаны. Осы уақыт ішінде тұрақты жұмыс орнын көрсетсе, грантын жұмыспен өтеген болып саналады, сәйкесінше мемлекетке ақша қайтаруға міндетті болмайды», деді А.Ибраимов.

 

Эколог кейіпкеріміз мұндай мүмкіндіктің барын, яғни маман­дығына сай болмаса да бұйырған бір қызметке кірісіп, жұмысқа тұрумен талапты орындайтынын, осы арқылы мемлекетке қаржы қайтарудан құтылатынын біледі. Алайда ол мамандығына адал. Өзі сүйіп таңдаған салада жұмыс іс­тегісі келеді. Мамандығымен жұ­мысқа орналаса қалайын десе, жо­ғарыда айтқандай, жұмыс бе­рушілердің басым бөлігі оқуын жаңа бітірген жас маманнан еңбек өті­лінің болуын талап етеді.

 

Шыны керек, мұндай кедергіге кезінде өзіміз де кезіктік. Сол себепті тегін жұмыс күшін пай­далануға құлықты БАҚ-та практикадан өткен есебінде еңбек еттік. Бірнеше ай, тіпті жарты жыл­дап жалақысыз жұмыс істеп қана тәжірибе жинадық. Сонда мұнымыз еңбегіне қарай ақы төленетін жұмыс емес, университет жолдайтын, өндірістік практика болып шықты. Осы орайда сол оқу орнындағы әр семестр сайын жіберілетін өндірістік практикалар еңбек кітапшасына жазылса деген ой келеді. Бұл ой аспаннан алынып отырған жоқ, іс жүзінде бар тәжірибе. Мәселен, педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің оқу орын­дарындағы білім алған, сол уақыт аралығында өндірістік практи­кадан өткен жылдары еңбек кітап­шасында көрсетіледі. Дуалды жүйе бойынша білім алған колледж студенттеріне осындай мүмкіндік берілген. Ал сондай тиімді жүйені кәсіби практикадан өткен басқа мамандықтардың студенттері үшін енгізсе де болмас па?! Бір деңіз.

 

Екіншіден, халықаралық компаниялар жаңадан келген кез келген маманды еңбек өтіліне қарамай өздерінің ішкі тәртібіне сай аз-кем оқытып, үйретіп, қайта даярлап алады. Сондай міндеттермен айналысатын арнайы бөлім болады. Маман қанша жерден білімді, білікті, кәсіби, еңбек өтілі көп болғанымен, әр компанияның өз ішкі заңы, қағидалары, талаптары, құжаттар сақтайтын, тіркейтін орны әртүрлі келеді. Осындай ізге түсу үшін «ғажайыпты» күтіп отырудың қажеті жоқ-ақ. Өйткені өркениет өздігінен қалыптаспайды. Ал осы ұсынысымызды «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қа­ғи­дасына сай мем­лекеттік ұйым­дар алдымен бас­тамашы бо­лып қолға алса, құба-құп. Ал өндіріс орындары біз айтқан сөзге «жан бітіріп», іске айналдырса, халықаралық компанияның деңгейіне шығуға бет алары анық.

 

Қолға алатын ақшаң – 55 мың теңге

 

Мемлекетке 1 млн теңге берешек болып, оны әупірімдеп жүріп қайтарған Гүлмайса Бекетова ма­мандық бойынша жұмысқа тұруда тағы бір проблеманың бар екенін тілге тиек етті.

 

«Екі жыл магистратурада грантпен оқыдым. Бітіргеннен кейін 3 жыл бойы мамандығым бойынша мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуге міндетті болыппын. Қаржы орта­лығынан маған қағаз келді, өйткені ісім сотқа өтіп кетіпті.

 

1 млн теңге көлемінде ­мемлекетке қарыз болып қалдым. Егер мем­ле­кеттің ақшасын қайтармасам, ісім жеке сот орындаушылардың қолына өтіп, шоттарым түгелімен бұғатталады екен. Сөйтіп, амалсыз сол млн-ды төледім. Қазір аяғым ауыр, декреттегі уақыт болса да той ұйымдастырумен айналысып, қарыздарымды жауып жатырмын. Алған біліміңді іске жаратып, мамандығыңмен жұмыс істегің келеді ғой. Бірақ жалақы мардымсыз. Өзім білім алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­ле­кет­тік университетіне музей мең­­ге­­рушілігіне шақырды. Қолға ала­­тын ақшаң – 55 мың теңге. Оған қай жыртығымды жамаймын? Және сол меңгерушілікке қосымша міндет ретінде ақысыз жатақханаларды тексеріп, тәрбие жұмыстарын жүргізуге тиіс екен­мін», деді проблеманы ашып айт­қан екінші кейіпкеріміз.

 

Г.Бекетованың өз жағдайын баяндағандағы дикциясынан, эмо­ция­­сынан, дауысының ырға­ғы­нан «Біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз?» дегенді айтқызбай естуге болады. Рас-ау, 55 мың тең­ге жалақымен азық-түлігі удай қым­бат заманда қалай өмір сүруге бо­ла­­ды? Мұндай ақы еңбекті бағалау ма, жоқ әлде керісінше қанау ма?

 

Бұдан да сорақысы – екінші кейіпкеріміздің грантын жұмыспен өтеу туралы талаптың шарттарын өзі оқыған университетте оқып жүргенде жете түсінбегені. Яғни ол мемлекетке берешегі

 

1 млн теңгеге жеткенше жүре берген, оны білім алып жүргенде оқу орны жеткілікті деңгейде санасына сіңірмеген. Мамандығымен жұмысқа орналасуды енді ойлап жүр. Демек, бірқатар проблема сол университеттердің өзінде болып тұрған секілді. Мұны екі ке­йіп­керіміз ғана емес, «Қаржы» орталығының президенті Асқар Ибраимов та жоққа шығармайды. Өйт­кені ол жоғарыда атап өткен аппарат жиналысындағы баянда­ма­сында Білім және ғылым ми­нис­трі­не қарата:

 

«Асқат Қанатұлы, ЖОО ректорларына мемлекеттік тапсырыс негізінде оқитын жас мамандарды бөлу, жұмысқа орналас­тыру, оның ішінде жұмысқа жолдамаларды уақтылы беру және жұ­мыспен өтеу талаптарын қам­ти­тын білім беру қызметтерін көр­сету туралы шарттарды жасасу мәсе­ле­лерін ерекше бақылауға алуды тапсыруыңызды сұраймыз. Жас мамандар «Жұмыс бойынша бөлу жөніндегі комиссиялардың оты­рыс­тарына қатыспадық, оты­рыс­тың өткізілу күні немесе комиссиялар қабылдаған шешім туралы хабардар болмадық, жолдаманы қолға алмадық», деп сендіретін жағдайлар жиі кездеседі, сондай-ақ жолдамаға қойылған қолтаңбаның түпнұсқалығына дау айтылған фактілер де бар», деді.

 

 Оқу орындарындағы олқылықтар

 

Грантта оқыған түлектердің жұмыспен өтеуін ұйымдастырушы және бақылаушы органның өкілі А.Ибраимов мониторинг жүргізу барысында университеттерге қа­тысты бірқатар шикіліктің анық­талғанын атап өтті. Айталық, кейбір ЖОО-да білім алушылармен білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт жасалмапты. Болған күннің өзінде білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға түскен азаматтар үшін міндетті түрде жұмыспен өтеу немесе жұмыс өтелмеген жағ­­дайда оқуға жұм­сал­ған қара­жатты қайтару туралы талаптар қамтылмаған.

 

«Бұл жағдайлар даулы құқық­тық қатынастар туындаған жағ­дайда ақшалай қаражатты өндіріп алуды қиындатады. 2012 жылдан 2020 жылға дейінгі түлектер мен PhD докторларының әрбір санаты бойынша толық статистикаға көз жүгіртсек, 9,7 мың адам мем­лекеттік білім беру грантын жұ­мыспен өтемеген. Ал 2020 жылдың қорытындысы бойынша жұмысты өтемей жүргендер саны – 14 мың адам. Біз олардың әрқайсымен жеке жұмыс жүргіздік», деп отыр А.Ибраимов.

 

Ал министр А.Аймағамбетов «Қаржы» орталығының өкілі атаған ЖОО тарапынан кететін қате­ліктерден басқа тағы бір өзекті проб­леманың бетін ашқандай.

 

«Ең алдымен, ректорлар грантта оқыған студенттерге тиісті ақ­па­ратты жеткілікті таратуы тиіс. Екіншіден, кейбір студенттер бұрын 3 жыл грантта оқып алып, соңғы курста грантын еңбекпен өтемеу үшін әдейі ақылы бөлімге ауысып алатын. Осылайша мін­детінен құтылып кететін. Ен­ді бұлай болмайды. Түлек қанша жыл грантта оқыса, сол көлемге сәйкес жұ­мыспен өтейді. Үшіншіден, ЖОО жанындағы жұмысқа тұрғызу орталықтарының жұмысы нашар, көңіліміз толмайды. Барлық университетте сондай. Олар әдетте түлектердің грантын жұмыспен өтейтінін соңғы курста айта бас­тайды. Бұл дұрыс емес, мұндай тү­сіндірме жұмыстары 1-2 курс­тар­дан, тіпті оқуға құжат қа­был­­­дайтын кезден бастап жүр­гізілуі тиіс. Содан соң ЖОО-ға тү­­лек­терден жұмыс істейтіні тура­лы анық­тама алдыртудың қажеті жоқ. Оны біз өтірік-шыны аралас анық­тамалардан емес, түлектердің зей­нетақы қорына аударылатын қар­жы­сынан-ақ біліп отырамыз», деді ведомство басшысы.

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: кедергілер баршылық. Оны жоюға да болады. Бірақ түйткілдің түйінін түбегейлі тарқату жекелеген адамдардың қолында тұрған жоқ, студент, университет, өндіріс арасындағы кешенді жұмысты қажет етеді. Әлбетте бұл үшін дәл осы үш тараптың бәрі бірдей мемлекет қаржысына, айналып келгенде өз қалтасынан шыққан қаражатқа, жанашыр, оның тиімді жұмсалуына мүдделі болуы тиіс. Себебі мемлекеттік білім беру гранты дегеніңіз – сіз бен біздің мемлекетке төлеген салығымыз.

 

 

 

 

egemen.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста