Жаңалықтар

"Химияны анимемен байланыстырып, әнмен, рэппен түсіндіремін": Алматылық ұстаз TikTok желісі арқылы қалай сабақ үйрететінін айтты

  • "Химияны анимемен байланыстырып, әнмен, рэппен түсіндіремін": Алматылық ұстаз TikTok желісі арқылы қалай сабақ үйрететінін айтты

29 жастағы алматылық ұстаз Ұлан Үсенов оқушыларға химия пәнін TikTok әлеуметтік желісі мен “Наруто” анимесі арқылы түсіндіріп, елге танымал болған еді. Балаларды білімге баулудың жаңа әдісін пайдаланған ол бүгінде “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасында жеңімпаз атанып, Forbes-тің “Орда бұзар 30 жас” тізіміне енді. Stan.kz тілшісі заманауи трендтен қалмай, оқушыларға қиын пәнді оңай жолмен оқытып жүрген ұстазбен мереке қарсаңында сұхбаттасты.

Бүгінде Ұлан Үсеновтың былтыр жазда – пандемия өршіп тұрған тұста ашқан TikTok желісіндегі парақшасында 760 мыңға жуық оқырманы бар. Оның мұнда жүктеген видеолары кемінде 1 милионнан аса қаралым жинайды. Ұстаздың сөзіне сенсек, ол химия пәнін жастар арасында танымал “Наруто” анимесімен ұштастырып түсіндіруді көптен бері ойлап жүрген. Дегенмен, видео түсіруді тек осы жылы оқушылардың қысқы демалысы кезінде бастаған. 

 
“Негізі химия пәнін анимемен байланыстырып оқыту туралы идея менің ойымда бұрыннан жүрген болатын. Алайда оны іске асыруды бастай алмай жүрген едім. Тек биыл қыста сәті түсті. 

TikTok пен анимеден басқа, өзге де әлеуметтік желілерді өз сабағымда пайдалануға тырысамын. Бұған дейін YouTube платформасында кең көлемді сабақтар жариялаған да болатынмын. Бірақ қазір онымен айналыспаймын. TikTok-қа қарай көбірек бет бұрдым. Тек аниме ғана емес, видеоларымда басқа да көрнекі әдіс-тәсілдерді пайдаланамын. Мәселен, химия сабағын әнмен, рэп айтып түсіндіремін. Әннің сөздерін өзім жазамын. Музыкаға қосып, жариялап отырамын”, – дейді жас ұстаз. 

Forbes басылымына берген сұхбатында Ұлан Үсенов ұстаз болуды өзі таңдағанын жеткізді. Десек те, бала күнгі арманы өзге мамандық болғанын жасырмады.

“Негізі кездейсоқ мұғалім болдым. Журналист болуды армандайтынмын. Бірақ бұл мамандыққа грант аз бөлінетіндіктен педагогикаға бет бұрдым. Химия пәнін жақсы білгендіктен емтиханнан сүрінбей өттім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, мұғалім атандым. Қазіргі кезде жекеменшік High Tech Academy мектебінде сабақ беремін. 2015 жылдан бері ұстаз болып қызмет етемін, еңбек өтілім алты жылдан асады”, – дейді ол. 

Оқушы кезінде химиядан бөлек, гуманитарлық пәндерді қызығып оқығанын тілге тиек етті. 

“Шыны керек, мектептегі ұстаздарымның ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді. Себебі мен үшін мұғалім жалпылама образдағы адам. Дей тұрғанмен 11-сыныпты тәмамдаған Талдықорғандағы мектебімдегі алгебра және геометрия пәндерінен сабақ берген Галина Геннадьевна Джан есімді оқытушым ерекше есімде қалыпты. Адами тұрғыда өте жақсы адам, әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдайтын. Ал химиядан басқа құқық негіздері, Қазақстан тарихы пәндері ұнайтын. Ағылшын тілін оқығым келмейтін”, – дейді педагог. 

TikTok желісінде тек көңіл көтеру, ойын-сауықтық видеолармен ғана емес, білім беруге бағытталған контент арқылы танылуға болатынын дәлелдеген жас ұстаз оның бұл оқыту тәсілін қолдағандар көп болғанын сөз етті. 

“Әріптестерім, оқушылар мен ата-аналар, мектеп әкімшілігі менің бұл тәжірибеме ықыластық танытты. Қолдау көрсетіп, менімен бірге қуанды, түсіністікпен қарады. Жағымды пікірлерін айтып жатты.

Танымалдылыққа ие болған соң көптеген білім ошақтарынан ұсыныстар келіп түскені рас. Әсіресе “Қазақстанның 100 жаңа есім” бағдарламасы мен Forbes журналының “Орда бұзар 30 жас” тізіміне енген соң ұсыныстар тіпті көбейіп кетті. Өзіме қазір қызмет етіп жүрген High Tech Academy мектебінің оқыту жүйесі қатты ұнайды”, – деп ағынан жарылды ол. 

Айта кетсек, Ұлан Үсенов – бүгінде биылғы “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпазы.

“Қазақстанның 100 жаңа есімі” байқауына қатысу туралы өтінішті менің жарым жолдады. Ол байқаудың басталғаны жайлы бір жерден көріп қалған. Суретімді, мен жайлы бір-екі ауыз сөз жазып, өтініш жолдаған. Ойламаған жерден жобада жеңіске жеттім. Сол үшін оған алғысымды айтамын. Осы бағдарламаның арқасында жаңа адамдармен таныстым, қазіргі таңда олармен әлі араласамын. Мұндай өз ісінің шеберлері, майталман мамандармен танысқаныма өте қуаныштымын”, – дейді мұғалім. 

Жас педагог қазіргі ұстаздар мен алдыңғы буын оқытушыларының арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін айтады. Бұған қоса, ол қазіргі таңда оқушылардың пәнге, жаңа сабаққа деген қызығушылығын ояту қиынға тиетінін алға тартады. 

“Менің ойымша, заманауи ұстаздың бізді, ата-аналарымызды оқытқан мұғалімдерден еш айырмашылығы жоқ. Мұғалім өзінің пәнін жетік білетін, оны балаларға түсіндіре алатын және қоғамға пайдасын тигізетін мамандық иесі болып қала бермек. Бірінші кезекте педагог – адал, шын жүректен оқушылардың қызығушылығына мән беретін, адами тұрғыдан дұрыс құндылықтарды ұстанған тұлға болуы керек. Ал заманауи тұрғыдан айтар болса, қазіргі таңда олар техникалық жағынынан сауатты, компьютер және интернет ресурстарымен жұмыс істей алуы қажет. Заман ағымына сай жаңалықтар мен трендтер жайлы хабардар болуы маңызды. Ал жалпы алғанда ұстаз бұрын қандай болса, қазір сондай маман. Тек бүгінгі ұстаздар жаңа дағдыларды үйреніп алған десек болады.

Бір айта кетерлігі, бүгінде оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын ояту барған сайын қиынға соғуда. 6 жылдық тәжірибемде осыны байқадым, бәлкім алдағы уақытта тағы түсіне жатармын. Алайда қазір баланы пәнге қызықтыру қиындағаны рас”, – дейді ол. 

“Қазіргі таңда мен өз оқушыларыма жаңа тәсілдер бойынша сабақ беруді жалғастырамын. Әрине, болашақта бұл әдістерім жемісті болып жатса, басқаларына ұсынатын боламын. Келешекте химия пәні бойынша білім беруге бағытталған материалдар мен ресурстарды көптеп шығарамыз деген жоспарымыз бар. Және алдағы уақытта осындай сабақтарды екі тілде жариялауды ойлап жүрмін. Химия сабағын түсінікті тілде жеткізу және пәннің көрнекі болуына көбірек мән беруді басты назарға ұстаймыз”, – дейді Ұлан Үсенов.  

Stan.kz




Көрілген: 511    Пікірлер: 0

жұма, 01.10.2021, 14:42

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Қазан, 00:34
    Ұстаз мерейі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31