«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ» ҚҰРУ – АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТУДЕН БАСТАУ АЛАДЫ

20 маусым 2022, 14:48

Ауыл – адамзаттың алтын бесігі. Береке де, мереке де, ырыс та, құт та, байлық та, денсаулық та, шымырлық та, батырлық та, мәдениет те, сүйспеншілік те, мейірбандық та ауылда десек болады. Ауылдың көркейгені - мемлекетіміздің гүлденгенінің белгісі. Оған айғақтар да, дәлелдер де жеткілікті. Менің түсінігімде ауыл мен ауыл шаруашылығы - егіз ұғым.

Осы төңіректе, мен өз мақаламды дүниежүзінде ауыл шаруашылығын дамыту арқылы өз елін таза табиғи, яғни экологиялық өнім немесе органикалық өнімдермен қамтамасыз ету арқылы халық денсаулығын жақсартуда жоғары көрсеткішке жетіп отырған Австралияның ауыл шаруашылығынан бастағым келеді. Австралия мемлекеті ірі қара мал және оның сүт өнімдерін, жүн, қой етін, жемістер мен көкеністер егуде алдыңғы көштің қатарында. Бидай олардың барлық штаттарында өседі. Мұндағы халық тікелей жермен тағыз байланысты. Ет – бұл елдің классикалық азығы болып табылады. Дүниежүзінде ет экспорттауда Австралия ондықтың ішіне кіреді. Меринос жүнін өндіруде әлемдік көшті бастап тұр. Мақта, күріш, темекі, жүзім шарап өндіреді. Жүзім шаруашылығы 90-жылдары қарқынды дамыды және өнімнің жартысына жуығы Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Канада, АҚШ, Германияға экспортталады. Австралия халқы түгелдей ЭКО өнімдерді ғана тұтынады. Австралияның жер бедерінің көп бөлігі құрғақ. Олар сонау атам заманнан бері құрғақтықпен күресумен келеді. Елдің 7 миллион шаршы шақырымнан астам жерін таулар, шөлдер, тропикалық жаға жайлар мен тұзды жазықтар құрайды. Соған қарамастан олардың ауыл шаруашылықтын дамыту нәтижесі таң қалдырады.
Ал, біз қазақ халқының ата кәсібі – мал шаруашылығы деп мақтанамыз. Еліміздің барлық табиғи аймақтары мал өсіруге қолайлы. Қазақ жері – мал шаруашылығы қалыптасқан ең көне аумақтың бірі. Жабайы жануарларды қолға үйрету неолит дәуірінен бастау алады. Ең алғаш қолға үйретілген үй жануары – қой мен ешкі. Міне, осыған қарамастан тәуелсіздігімізді алғанан бері ауылшаруашылығы саласын құлдыратып алдық. Ауылдардың бүгінгі келбеті қайта жаңғыруды қажет етеді. Қазақстан Республикасындағы әр облыс қала халқын ЭКО таза өнімдермен қамтамасыз ете алмай отыр. Бүгінгі ауылдардың көбі сын көтермейтін жағдайда. Мен осы мақаланы жазу үшін, Алматы облысы, Балқаш ауданына жол сапарға шығып, Бақанас ауылдық округын, Миялы, Бақбақты, Береке, Бояулы ауылдарын аралап, ондағы халықтың түрмыс-тіршілігімен етене танысып қайттым. Балқаш ауданы 1932 жылы құрылған. Аудан жеріндегі ең ірі өзен – Іле. Қысы- суық, жазы -өте ыстық. Мұндағы халықтың саны 30747-ден асады. Балқашта қазақ, орыс, украин, неміс, қырғыз, корей, өзбек, ұйғыр халықтары шоғырланған. Балқаш ауданы - Алматы облысындағы ең ғажап мекеннің бірі. Кеңес үкіметі кезінде Балқаш ауданы асыл тұқымды мал шаруашылығы мен күріш шаруашылығын дамытуда озық аудандар қатарында болды. Миялы, Қараой, Көктал ауылдары мал шаруашылығын өсуіруде даңқы шықса, Ақдала, Жеңіс, 25 жылдық, Бақбақты, Бірлік, Бояулы ауылдары күріш өсіруде бүкіл республика бойынша алдынғы қатардан табылды. Бүгінде бұл ауылдардың күріш дақылын өсіру технологиясы жоғары. Тек қана мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Жалпы, Австралия мен Балқаш ауданының табиғаты бір біріне ұсақ. Алайда, Австралия бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде көшбасы елдердің қатарында тұрса, Балқаш ауданы жапырағынан айрылған ағаштың кейпін киіп отыр.
Ал енді, осы тұрғыда әлемде ет өндіруде ондыққа кіретін елдерге тоқаталайын:
АҚШ, 2) Барзилия, 3) Евросоюз, 4) Қытай, 5) Инлия, 6) Аргентина, 7)Австралия,8) Мексика, 9) Пакистан, 10 )Түркия.
Дүниежұзіндегі ең ірі астық жеткізушілер:
1)Қытай, 2) АҚШ, 3) Индия, 4) Рессей, 5) Индонезия, 6)Бразилия, 7)Франция, 8) Германия.

Дүниежүзіндегі ең ірі бидай өндірушілері:
Индия, 2) Ресесй, 3) Қытай, 4) АҚШ,5) Австралия.

Әлемдік нарықта көкөніс экспорты бойынша жетекші елдер:
1 Қытай – 10,3 млдд доллар, 2) Нидерланды – 7,8 млрд доллар.
3) Мексика – 7,8 млрд доллар, 4) Исания – 7,8 млрд доллар,
5) Франция – 2,5 млрд доллар, 6) Бельгия – 2,5 млрд доллар.

Міне, бұл әлемдік көрсеткіш. Ішінен Қазақстанды көре алмайсың. Ата-бабасынан бері мал шаруашылығымен айналысатын Қазақстан ондықтың соңына да ілесе алмай келе жатқаны өкінішті. Бұл Қазақстан тұрғындарының ауыл шаруашылық өніміне зәру екенін көрсетеді. Яғни, Қазақстандықтарға сырттан келетін ауыл шаруашылық өнімдерін тұтынудан басқа амал жоқ. «Атам қазақ ас –адамның арқауы» дейді. Сырттан келетін өнімдердің сапасы - мүлдем бөлек әңгіме. Мемлекетімізге сырттай көз тіккен елдер бұл кемшілігімізді өз пайдаларына асыруы да ықтимал. Мәселен, тауар тасымалдауда кеден бекеттерінен сапасыз, тіпті адам баласы айтқысыз биологиялық қару ретінде гендік модификацияланған өнімдерін өткізіп жіберуі де мүмкін нәрсе. Осыдан шығаратын қорытынды: Елімізде жауыннан кейінгі саңырау құлақтай қаптаған қатерлі ісік, жүйке аурулары, қант диабеті сияқты небір ауыр дерттердің көбеюі халықтың дұрыс экологиялық таза өнімдермен қоректенбеуінің салдарынан болуы да ғажап емес. Ал өз өзіне қол салудан Қазақстан әлемдегі ондықтың ішінде 8-ші орынға табан тіреп тұр. Бұл жақсылықтың нышаны болмаса керек. Сондықтан да "Жаңа Қазақстан" қүруды алдымен ауылдан, ауыл шаруашылығынан,
халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуден бастау керек дегенге ерекше тоқталып өткім келеді. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы республика халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеріп, денсаулығын жақсартуға болады.
Қазақ жері мал шаруашылығына да, егін шаруашылығына да, көкеніс шаруашылығына да өте қолайлы аймақ. Мәселен, өзім аралап қайтқан Балқаш ауданының ауылдары - осы айтқаныма дәлел бола алады. Мұндағы тұрғындарды табиғат ана асырумен келеді. Бұл елді-мекенде қызыл кітапқа енген сексеуіл және «шөл даланың падишасы» атанған тораңғы ағашы өседі. Оны кесуге, отқа жағуға көне заманнан бері рұхсат жоқ. Себебі, оның сұр-қоңырқай қабығына пышақ тисе, сыртына қызғылт түсті сөл бөлінеді. Тораңғының осы бір қанға ұқсас сөлін оның қанды көз жасы, оны кескен адамды ағаштың киесі ұрады- деп есептеген. Жергілікті халықтың айтуынша, тораңғы - динозавр дәуірінен келе жатқан өте көне ағаш. Көктемде тораңғы мамық шашып, маңайға әппақ үлпектер қарша борап, дәл етегі әлеміне тап болғандай боласың. Балқаш даласындағы жұпар исі аңқыған жусанның орын бөлек. Ол бұл жердегі таптырмайтын мал азығының бірі болып есептеледі. Оны қой, жылқы, ешкі өте сүйсініп жейді. Осылайша тез семіреді. Себебі, жусан шөбі малдың тәбетін ашып, асқазан-ішек жұмыстарын жақсартып, іштегі кельминттік құрттарды түсіреді. Осы жердегі тағы бір шипалы өсімдіктың бірі – тамыргүл. Мамырдың басында сәуір кезінде пісетін осы шипалы өсімдік пен жабайы сарымсақ осы жердегі жергілікті халықтың табыс көзі десек болады. Көктем кезінде Бақанастың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін осы шипалы шөптерді жинауға шығады. «Тамыргүлдің 1 кг. 250 теңгеден, ал жабайы сарымсақтың 1 кг. 2000-2500 теңгеден сатамыз»- дейді ауыл тұрғындары. Сонымен қатар бұл өңірде тобылғы, жиде, ши, сораң сияқты шөптесін өсімдіктер өседі. Сондай-ақ, Балқаш ауданы аңшылықпен танымал. Мұнда қасқыр, түлкі, борсық, қоян, ақ бөкен, елік, қабан, ондатр тіршілік етеді. Ал өзен аңғарларында қырғауыл, құрқұлтай, тырна, қоқиқаз, бірқазан тағы басқа құстар мекендейді. Соның ішінде құрқылтай құсын ерекше атап кеткен дұрыс болар. Ол - өте қасиетті құс. Оның ұясы 80 түрлі ауруға шипа. Халықтың айтуынша, құрқылтайдың құпиясы ол өз ұясын жібек жіпке өзінің сілекейін араластырып тоқиды екен. Шипа осы құс сілекейінде деседі. Жергілікті халықтың тағы бір қорегі мен табыс көзі- балық. Өзендерде сазан, алабұға, мөңке, шармай балықтары бар. Іле өзенінің Балқаш көліне құяр сағасында көмір, марганец, уарна кендері барланған. Жалпақтас кен орнынан мәрмәр, гранит өндіріледі.
Балқаш ауданындағы тұрғындардың басты проблемаларының бірі - улы кекек шөбі болып отыр. Іле өзенінде көктемде су деңгейі көтеріліп, қайта түскен кезде жасыл кілемдей жайқалып, кекек улы шөбі шығады. Тамыз, қыркүйек айын дейін түрады. Малдың нерв жүйесін бұзатын бұл улы шөптен жергілікті тұрғындар жыл жайын мал бастарынан айырылып, үлкен шығынға ұшырайды.. Бұл мәселені билік басындағыларға айтқанымен шешімі табылмай келеді. Жалпы, Бақанас бір кездегі асыл тұқымды қой ұжымшары. Жазиралы кең даласында Кеңес Одағында мыңғырған мал жайылып, шұбырған жылқысы шулап жататын. Ал қазір қураған сары даладан басқа ештеңе жоқ. Егін шаруашылығы да тұралап қалғандықтан ауылшаруашылық жерлері топырақ эрозиясына ұшыраған. Айта кету керек. Атақты «Дегерес» қой тұқымы осы жерде алыныпты. Яғни, қылшық жүнді, құйрықты қой саулығын шропшир және прекос қошқарларымен будандастырып, жаңа дегерес түрін алған. Ол жаңа тұқым ретінде 1980 жылы бекітілген. Дене бітімі шымыр, сүйегі берік, кеудесі кең, құйрығы орташа. Жыл бойы жайылымда бағуға бейімделген. Ұзақ жүруге төзімді. Міне, осы «Дегерест» қойы осы жердің тұрғындарымен ғалымдардың бірлесе жүріп жеткен жетістіктері екен. Майса шөбі мен Іле өзені бар бұл өңір тек қана мал шаруашылығы ғана емес, күріш өсіруге де өте қолайлы. Мұндағы кейбір ауылдардың басты мәселесі, жайылым жерлердің жекеменшікке өтіп кеткендігі болып отыр. Жалпы, Қазақстандағы ауыл тұрғындарының жағдайы сын көтере бермейді. Ауылда тек қана орта жас пен егде адамдар ғана қалған. Мал шаруашылығын дамыту Балқаш ауданында кенжелеп тұр. Бабаларымыз: «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» дейтін. Ал қазір олай айтуға ауыз бармайды. Кеңес үкіметі кезінде қойдың еті мен терісі де, жүні мен сүті де түгелдей кәдеге жарайтын. Ал қазір олардың бәрі іріп-шіріп қоқысқа тасталып жатыр. Жалпы, елімізде 1998 жылдары қой саны 30-35 миллионға жетіп, 100-105 мың тонна жүн өндіріліпті. Оның 60 пайызы сапалы, бағалы қымбат биязы жүн болып, 12 елге экспортталған екен. Ал қазір осы қымбат деген биязы жүндердің де құны жоғалып, қара тиынға да өтпей қалды. Барымызды іске асыра алмай, қайранда келеміз. Кеңес Одағы кезінде ауылдарда тондар, аяқ киімдер тігетін тігін цехтары жұмыс жасап, халық игілігіне асатын. Нағыз табыстың көзі еді. Мәселен, Австралияда қой басы бүгінде 50 миллионға жетіпті. Ал, алақандай Англияда қойдың саны - 10 миллон. Ал біз болсақ, ысырапшылдыққа жол беріп келеміз. Бізде қой жүнінің бір келісі 40 теңге түрады. Қазақстанның басқа аймақтарын айтпағанда, табиғаты ғажап, шөбі шүйгін Балқаш ауданыны ауыл шаруашылығын дамытуды қажет етіп-ақ тұр.

Қалай десек те, жер байтағы Бақанас өз тіршілігін тоқтатқан жоқ. Мүнда құрылыс, агроөндірістік, көлік мекемелері, бірнеше өндірістік кооперативтер, шаруа қожалықтары және серіктестіктер жұмыс жасап тұр. Мұнда ботаника және интродукция институтының Іле ботаникалық бағы бар. Бақанаста Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың кезінде келіп демалған саяжайы және өзі салғызып кеткен көпірі осы жердің ең басты құндылықтарының бірі. Жақында Д.А.Қонаевтың құрметіне тұрғызылған ескерткіші бар саябақ ашылды.
«Жаңа Қазақстан» құруда елімізде қордаланған осындай кемшіліктердің алдын алып, ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет өз иелігіне алу жолдарын да қарастырғаны абзал деп ойлаймын. Жер өз иесін тапқанда ғана Қазақстан өркениетті елдердің қатарына кешікпей қосылары анық.

Алма Серікқали
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Мейірім» медалінің иегері.