Жасы ұлғайған адам тіл үйрену арқылы миды жасарта алады

30 сәуір 2022, 12:48

Forbes қазір 50-ден асқандардың оқып, білім алуы қалыпты жағдайға айналғанын айтады.
Оның дәлелін өзіміз де көріп жүрміз.
Өткен айда @kazunitecom 101 жастағы Америкалық азаматтың диплом алғанын жазды. Былтыр мен 82-дегі әйел магистратура бітіргенін жаздым. Жалпы Америкаға келгелі мұндай студенттерді аз көріп жүрген жоқпын.
Дәл қазір менің группамда 60-тан асқан төрт кісі бар. Ең үлкені - 66 жаста.
Бұл жастағылардың тіл үйренуінің де біраз артықшылығы бар:
1) Жасы ұлғайған адам бірдеме үйрене бастаса - алдында нақты мақсаты болғаны. Демек, ол бастаған ісін тастап кетпейді, мотивациясы мықты.
2) Олардың өмірде жиған тәжірибесі мол. Үйреніп жүрген тілінде айтар өз ойы, мысалдары бар.
Ішімдегіні шығарсам деген құлшыныс тез сөйлеп кетуге түрткі.
3) Олар бұрын да талай жетістікке жеткен. Әр жетістік оңай келмейтініне көзі жеткен. Табандылық таныта алады.
4) Олар жастар секілді әрнеге қызыққыш, құбылмалы емес. Бар назарын тіл үйренуге жұмылдыра алады.
5) Тіл үйрену - үлкендер үшін мансапқа жету, қажет ақпаратты түсініп оқып, бизнесін дамыту, табысын арттыру, тіпті шетелге тілмәшсыз саяхаттау… ғана емес, ЕМ.
Иә, ерте қартаюдан сақтайтын ем.
Ғалымдар қазір мидың иілгіштігі (plasticity) жайлы жиі жазып жүр. Жасы ұлғайған адам тіл үйрену арқылы мидың иілгіштігін арттырып, оны жасарта алады екен. Тіл үйренгенде мидың қатпар-қатпары ашылып, жақсы жұмыс істей бастайды. Ол ерте алжудан сақтайды.
Америкалықтар мен Еуропалықтар арасында 70, 80, 90 жастағы адамдардың оқуына ең үлкен мотивация да осы.
Сіз оқып, бар ынтасымен бірдеме үйренуге ден қойған адамның ойы да, жаны да қалай тазаратанын білсеңіз ғой. Шіркін!
Қажетсіз ақпаратты, өзіне керексіз затты автомат түрде ысырып тастап отырады. Ми
пәленшенің үйі, жиһазы, пәленшенің киімі, тойға әкелгені… сияқты бос істі, “қоқысты” қабылдамайды. Қайта қажетсіз ойлардан тазарады.
Тазармаса, бұрынғы “қоқыспен” қалса, ештеңе үйрене де алмас еді. Өйткені, жадында бос орын болмас еді.
Жасы ұлғайған сайын адам қартаюдан қорқады.
Қартаю - теріге түскен әжім емес, қауқар кету, алжу.
Ал алжымаудың, қайта жасарудың (!) жолы ҮЙРЕНУ болса, одан қалай бас тартуға болады?
Айтыңызшы…

Nazira Bairbek

facebook.com парақшасынан