«Жұмысым азайған жоқ» – министрлігі екіге бөлінген Аймағамбетов

14 маусым 2022, 16:42

«Жұмыс азайған жоқ» деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет кулуарында. Министр миллиондаған оқушы мен баланың қам-қарекетін алға тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«1 млн-ға жуық бала 10 мыңға жуық балабақшада тәлім тәрбие алып, оқып жатыр. Сондай-ақ 800-ге жуық колледж бар. Сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдары бар. Оған қоса балалардың құқығын қорғау мәселесі бар. Бізде 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың жауапкершілігі бар.  Сондықтан жауапкершілік те, жұмыс та азайған жоқ», - деді министр үкімет кулуарында.

Оның айтуынша үкіметтің бекіткен (жалақыға қатысты – автор) мөлшері бар.

«Бұл барлық министрлік пен бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарға қатысты, бұл бәріне бірдей», - деді ол.

Еске сала кетсек мемлекет басшысының жарлығымен өткен демалыста Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалған болатын. Ал Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрі болып тағайындалып, Білім және ғылым министрі лауазымынан босатылды. Аймағамбетов бұған дейін атқарған функцияның біразы Саясат Нұрбекке жүктеліп отыр.