Қашықтықтан оқытудың маңыздылығы

14 қазан 2021, 17:28

Қазіргі қиын кезеңде, яғни коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқан іс - шараның бірі – қашықтан білім беру. Қашықтықтан оқытудың маңыздылығы – тіл меңгертудің біртұтас ақпараттық жүйесін құру арқылы шетелдік студенттердің білім деңгейін көтеру.

 

Қашықтан білім беруге әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті еш қиындықсыз көшті. Себебі университетімізде қашықтан білім беру департаменті жұмысының нәтижесінде шетелде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқитындарға және сырттай екінші мамандық алушыларға арналған Dl.kaznu.kz пен жалпыға арналған Open.kaznu.kz ашық онлайн платформасында, сонымен қатар Univer.kaznu.kz жүйесінде де қашықтан оқытуға мүмкіндіктер қарастырылған.

 

Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының шетелдік студенттерді оқытуда  интернет-ресурстарды қолдануда тәжірибесі мол. Арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы кафедраның оқытушылары Қытай, Корея, Ауғанстан, Түркия, Иран, Колумбия, Испания, Швейцария, Жапония және басқа да елдердің шетелдік студенттеріне қазақ және орыс тілдерінен сабақты онлайн жүргізеді.

 

Кафедраның біліктілік деңгейі жоғары оқытушылары қашықтықтан оқытуда тіл меңгерту үдерісінің тиімділігін арттыру үшін әртүрлі техникалық және психологиялық әдістерді,  аудио және бейне ресурстарды қолданады. Қашықтықтан оқыту технологиясын қолдануда оқытушының рөлі арта түседі. Қашықтықтан оқыту технологиясын қолданып жүргізілетін тіл меңгерту сапасын бақылауды дұрыс жүргізу және жүзеге асыру секілді күрделі мәселелерді жүзеге асыруда оқытушының атқарар рөлі орасан зор. Оқытушы тіл меңгертуді қашықтықтан астастырып бейімдейді, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде ұсыныстар береді, кері байланыс жасайды. Қашықтықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін оқытушы тіл меңгертудің жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі жүйелерін жетік біледі. Сонымен, тіл меңгертуде жаңа инновациялық технологияларды, қосымша құралдарды қолдану арқылы қашықтықтан оқытудың маңыздылығы зор болып табылады.

 

 

 

 

Саденова А.Е, Казмағамбетова А.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

 Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім

беру дайындығы кафедрасының доценттері