Қазақ ғалымдары еңбек биржасында кезекте тұрмауы керек - сарапшы

12 сәуір 2022, 16:59

Қазақтың ғалымдары еңбек биржасында тіркеліп, кезекте тұрмауы керек. Бүгін Қазақстандағы ғылым күніне орай пікір білдірген ауылшаруашылығы саласының танымал сарапшысы «Шопан ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев осылай мәлімдеді.
«Бүгін 12 сәуір – қазақ ғылымының төл мерекесі! Ал қазір қазақ агроғалымдары не жасап жатыр? Қазіргі күні қазақтың агроғалымдары еңбек биржасында кезекте, тіркеуде тұр. Қазақстандағы 14 ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, агроғалымдар еңбек биржасында кезекте екен. Агрария саласының магистранттары, кандидаттар, PhD докторлары – еңбек биржасында жүр!.. Ал бұл биржада оларға бүгінгі ұсынатын жұмыс – көше сыпыру секілді қоғамдық жұмыстар ғана. Бұл ұят нәрсе...», - дейді Алмасбек Садырбаев. Оның пікірінше қазақтың ғалымдары ешқашанда еңбек биржасында тіркеуде тұрмауы керек. «Қазақ ғалымдары дәл қазіргідей еңбек биржасында тұратын болса, онда біз қалайша ауылшаруашылығын өркендету, агроөнеркәсіпті дамыту туралы әңгіме айтамыз», - дейді сарапшы.
ҚазАқпарат