Қазақстанда қаза тапқан полицейлер мен әскерилердің балалары университетте тегін оқитын болады

12 қаңтар 2022, 12:53

Қазақстанда қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғаушылардың балаларына білім гранты беріледі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Өте маңызды бастама – қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерін өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқыққорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына университетте оқу үшін білім грантын беру ұсынылады. Бұл да президент тапсырмасының аясында жүзеге асады", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында.

Сондай-ақ, ол халық тығыз орналасқан және білім беру саласында үлкен алшақтық байқалатын өңірлердің түлектері үшін техникалық бағыттар бойынша нысаналы гранттар бөлу жоспарланып отырғанын айтты.

"Білім гранты елдің жетекші жоғары оқу орындарында оқу үшін бөлінеді. Оқуын бітіргеннен кейін жас маман негізгі тұратын жері бойынша жұмыс істейді",- деді министр.

Бұған қоса, президент тапсырмасымен техникалық бағыттарға бөлінетін мемлекеттік грант саны биыл 60%-ке дейін ұлғаяды.

Аймағамбетов бұған дейін мұғалім тапшы өңірлерге үздік педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама әзірленетінін айтқан болатын.