Қазақстанда қосымша білім беру бойынша бала басына қанша қаржы бөлінеді

25 желтоқсан 2021, 14:41

Елімізде оқушыларға мектеп бағдарламасынан тыс қосымша білім беру шарасы мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылады және ол үшін бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді.

 

Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігі оқушысы басына орташа есеппен қанша қаржы жұмсалатыны туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Қосымша білім беру туралы мемлекеттік тапсырыс аясында 1 балаға бөлінетін қаржының көлемі әр өңірдегі жергілікті атқарушы органдардың қаулысына сәйкес айқындалып, бекітіледі. Қолда бар ақпарат бойынша қазіргі уақытта бір балаға мемлекеттік тапсырыстың айлық орташа құны 16 мың теңгеден асып түседі. Қабылданып жатқан шаралар негізінде еліміздегі барлық оқушылардың 69,4% -ын қосымша білім берумен қамту көзделіп отыр», - делінген ақпаратта.

 

Сондай-ақ, мектеп оқушыларының спорттың қай түріне үйір екені белгілі болды.

 

«Қосымша білім беру аясында барлық оқушыларды мектеп базасында тегін спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде 1 343 000 оқушы (бұл еліміздегі барлық оқушылардың 39,5%) 42 525 секция бойынша түрлі спорт түрімен шұғылданып жатыр. Оның ішінде 40 мыңға жуық спорттық секция тегін. Әсіресе мектеп оқушылары арасында волейболға, (7268 секция), шахмат-дойбыға (6618 секция), футболға (6509 секция), ұлттық спорт түрлеріне (5478 секция), баскетболға (5326 секция), тенниске (3175 секция) және күрестің бірнеше түріне (2055 секция) қызығушылықтары басым», - деген жауап берілді ведомстводан.

 

Өскелең ұрпақ арасында спортты насихаттау барысында аталған министрлік енгізіп отырған тағы бір жаңашылдақ мектепте спорттық секцияны жүргізетін дене шынықтыру пән мұғалімдеріне жалақысынан бөлек қосымша өтемақы төленеді.

 

Бұған дейін биыл қосымша 30 мыңнан астам оқушы үйірме мен спорттық секциямен қамтылғанын хабарлаған едік.