Қазақстанда оқудан шығып қалған студентке қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

27 желтоқсан 2021, 13:05

Жуырда қоғам белсендісі, жазда қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға тегін шөп тасып, сол арқылы қазақстандықтарды да игі бастамаға тартқан Құрмет Талапқазының бұрынырақ университеттегі оқуын жалғастыра алмай қалғаны белгілі болды деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.

 

Құрмет Талапқазы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға келген соң 2016 жылы Шымкенттегі мемлекеттік оқу орындарының біріне оқуға түскен. Кейін жекеменшік университетке ауысады, бірақ, аяғын жарақаттап алған соң ұзақ уақыт сабаққа бара алмаған. Осы уақытта ол оқитын «Орда» университеті лицензиясынан айырылып, жабылады. Ал, Құрмет дипломсыз қалды.

 

Тәуелсіздік күні қарсаңында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов белсенділердің өтінішіне лезде жауап қатып, тез арада университет ректорларына Құрмет Талапқазыға грант беруді тапсырған еді. Осылайша, Құрмет Талапқазы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне тегін оқуға қабылданатын болды.

 

Қазақстанда белгілі себептерге байланысты оқуын жалғастыра алмай, артынша грантынан айырылған, немесе лицензиясы жойылған университеттен кейін қайда барып білім алатынын білмей жүрген студенттер үшін Azattyq Ruhy тілшісі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметімен, электронды үкіметпен бірлесе бірнеше маңызды кеңес әзірледі.

 

Бірінші. Лицензиядан айырылу және қайта білім алу

 

Бұл жағдайда Сіз оқудан қашан шығып қалғаныңызға қарамастан, оқу процесін қайта қалпына келтіре аласыз.

 

Білім және ғылым министрлігінің мамандары хабарлағандай, «білім алушы кез келген жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына қайта қабылдау кезінде оқудан шығарылған мерзіміне қарамастан ауыстырылады немесе қайта қабылданады».

 

Мәселен, Құрмет Талапқазы университет лицензиядан айырылған соң, бірнеше жыл бұрын оқуын тоқтатуға мәжбүр болған. Бірақ, біздегі заң бойынша арада неше жыл өтсе де, ол жоғарғы білімін қайта жалғастырып отыр.

 

Егер оқу орнының лицензиясы уақытша тоқтаса, лицензиясынан айырылса және лицензиясын қайтарып алса, студент осы шешім қабылданған күннен бастап ағымдағы семестр ішінде оқуын жалғастыру үшін басқа оқу орнына ауыса алады.

 

Екінші. Ақылы білім және оны қайта жалғастыру

 

Ашық үкімет порталындағы ресми мәліметке сүйенсек, оқу құнын төлемегені үшін шығарылған ақылы негіздегі студент аталмыш қарызды өтеген жағдайда шығарылған күннен бастап 4 апта ішінде қалпына келе алады. Қалпына келгеннен кейін бұрын грантта оқыған студенттер бұдан былай ақылы негізде оқиды.

 

Бұл үшін біріншіден сіз ЖОО басшысының атына қалпына келтіру туралы өтініш жазып, оған оқудан шыққаны туралы анықтаманы қоса бересіз.

 

Бұдан кейін «ұсынылған анықтама негізінде факультет деканы оқу жоспарларының пәндеріндегі айырманы анықтайды және меңгерілген пререквизиттерге сәйкес оқыту курсын белгілейді, білім бағдарламасына сәйкес меңгерілген несиелерге қайта сынақ жүргізеді және тіркеу бөлімімен келісу бойынша студенттің жеке оқу жоспарын бекітеді».

 

Бұл процестің бәрі сәтті өтсе, факультет деканы, оқу бөлімінің басшысы, ЖОО басшысының орынбасары, ЖОО басшысының визаларына сәйкес білім алушыны қайта қабылдау туралы бұйрық шығарады.

 

Үшінші. Колледждегі білім және оны қайта қалпына келтіру

 

Егер сіз колледжде ақылы негізде білім алып жүріп оқудан шығып қалсаңыз, сол сәттен бастап тек төрт апта ішінде ғана оқуын қайта қалпына келтіре алады.

 

Айта кетейік, әдетте ақылы негізде білім алатын студенттердің оқудын шығып қалуының басты себебі – ақша, яғни оқу ақысын төлей алмау. Осындай жағдайда оқу орнының басшысы оны оқудан шығару туралы бұйрық шығарады.

 

Егер үш жұмыс күні ішінде қарызыңызды өтеп, тиісті анықтаманы алып барсаңыз, сізді оқу орны қайта қабылдауға міндетті.

 

Ал, колледж студенті грант негізінде білім алып, оқудан шығып қалса, онда ол ендігі кезекте тек ақылы негізде білім алады.