Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қазақстандағы бірнеше жоғары оқу орнына қатысты әкімшілік іс қозғалды

20 тамыз 2020, 01:32

Қазақстандағы бірқатар жоғары оқу орнына қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

«Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік бақылауды жүргізуге кедергі келтіретін бірқатар жоғары оқу орнына қатысты тиісті шаралар қабылдамақ. Әкімшілік істер қозғалды, материалдар сотқа жіберілді», - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

 

Министрліктің хабарлауынша, 2019 жылы Орталық Азия университетінде және Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде (бұрынғы Қазақстан теңіз университеті) тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша білім беру саласындағы заңнама нормаларының көп бұзылғаны анықталды. Бүгінге дейін аталған университеттер тексерудің келесі кезеңін жүргізуге кедергі келтіретін түрлі шаралар (сот тәртібімен шағымдану, шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде ұйымдық-құқықтық нысанын өзгерту, қажетті материалдарды ұсынбау және т.б.) қолданып келеді. Аталған екі жоғары оқу орнына қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар мамандандырылған соттарға жіберілді. Екі ЖОО да сот шешімдерінің күшіне енуіне қарай тексерулер жүргізіледі.

 

«Астана» университетінде жоспарлы тексеру 2020 жылдың басында жүргізілуі керек еді. Алайда университет қажетті материалдарды ұсынбады, осылайша профилактикалық бақылау жүргізуге кедергі келтірді. Сот талқылауының нәтижесінде ЖОО-лар әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл ретте Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті мен «Астана» университеті танылған арнайы органдардың тізіліміне енгізілген аккредиттеу агенттіктерінде аккредиттеуден өтпеген. Бұдан бөлек, соңғы екі жылда «Атамекен» ҰКП өткізетін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингі негізінен бұл жоғары оқу орындарының соңғы позицияларда екенін көрсетеді.

 

«Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес, аталған жоғары оқу орындары қазіргі уақытта 2020 жылғы түлектерге диплом бере алмайды. Соңғы курс студенттерінің мүдделерін ескере отырып, бұл университеттер диплом беру үшін аккредиттеуден өтуі керек.

 

«Талапкерлердің назарын жоғары оқу орнын дұрыс және саналы түрде таңдауға аударғымыз келеді. Өйткені 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарының өз үлгісіндегі дипломдарының беделі болады, бұл кейіннен жұмысқа орналасуға әсер етеді. Қазір барлық түлек жоғары оқу орнының беделіне және оның білім беру нарығындағы жағдайына қарамастан, мемлекеттік үлгідегі бірдей диплом алады. Біздің ойымызша, жұмыс берушілер болашақ маманды кім дайындағанын білуі керек және ЖОО-лар арасында мықты бәсекелестік болуы керек. Жеке үлгідегі дипломдар жүйесін енгізгеннен кейін ЖОО -ның талапкерлер мен жұмыс берушілер алдындағы жауапкершілігі артады», – деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.