Жаңалықтар

Қазақстандағы министрлердің алғашқы ұстаздары кім

  • © ҚазАқпарат

    © ҚазАқпарат

Еліміздегі бірқатар министр өздерінің алғашқы мұғалімдері туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

 

«Мұғалім мен үшін тек білім беретін адам ғана емес, сонымен қатар әр азаматтың болашағын қалыптастыратын мамандық иесі.

Менің алғаш мектепке барған күнім әлі есімде. Ол 1984 жыл болатын. Білім күніне орай ұйымдастырылған жиналыс кезінде өзімнің тұңғыш сынып жетекшімді көрдім. Ұстазымның есімі - Елена ВасильевнаОвчинникова.

Ол А.С. Пушкин атындағы №1 Шымкент қалалық мектебінде мен оқыған 1 «В» сыныбына алғаш жетекшілік етті. Елена Васильевна бізге қатаң талап қоятын, тиісінше мейірімін де аямайтын. Сыныптастарымыздың барлығы Елена Васильевна бізге әрқашан көмектесетінін және дұрыс бағыт-бағдар көресететінін білетін.

Ол ешқашан ешкімді алдамай, адал әрі парасатты азамат болуды үйретті. Сондықтан ұлт тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп келе жатқан ұстаздарымызды төл мерекесімен құттықтап, мықты денсаулық, табыс тілеймін!».

 

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

 

«Мен Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектебінің түлегімін.

1-3 сынып аралығында алғашқы ұстазым Надида Ержігітқызы болса, 1-11 сыныпқа дейін фортепиано пəнінен Ирина Əбікенова сабақ берді.

Тек алғашқы емес, мектеп қабырғасында білім нəрімен сусындатқан барлық ұстазым әлі күнге есімде.

Мəселен, алгебра, геометрия пəнінен Бақытқұс Құрманова, орыс тілі мен орыс əдебиеті пəнінен Кəусария Жаңбырова, химия пəнінен Лиза Дəуіталиева сабақ берді.

Ал музыканың қыр-сырына Лариса Георгиевна баулыса, мектеп хорына ұзақ уақыт Владимир Мамизеров жетекшілік етті.

Сондай-ақ, қазақ тілі және қазақ әдебиеті пəнінің мұғалімі Пəния Əлімова өте байсалды, зиялы кісі болатын. Пəния ұстазымыз жазушы, қоғам қайраткері Сəкен Сейфуллиннен тəлім алған. Сөз арасында Сəкен ақынның Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған дəрістерінен естеліктер айтып беретін.

Осы ретте бірінші сыныптан бастап бізге зор қамқор болған тəрбиешіміз Гүлжиһан Башиқызы туралы ерекше айтқым келеді. Ол кезде арнайы құрылған комиссия жыл сайын республиканың түкпір-түкпірін аралап, дарынды балаларды мектепке қабылдайтын.

Ал тəбиешіміз отбасынан жырақтап, оқуға түскен 6-7 жастағы балаларға қамқорлығын аямайтын. Ол кісі əр қайсымызға мейіріммен қарап, бəрімізді бір отбасының баласындай өсірді.

Сондықтан болар бір-бірімізге бауырдай болған сыныптастарымызбен әлі күнге дейін араласып тұрамыз.

Еліміздің әр өңірінен жиналған өрендерге үлгілі тəрбие берген Гүлжиһан ұстазымыз 2019 жылы 94 жасында өмірден озды. Оған дейін ол кісімен хабарласып, араласып тұрдық. Жыл сайын сыныптастар болып, тəрбиешімізбен Алматы қаласында бас қосатын едік.

Өзім де консерватория тəмамадаған соң ұстаз болып, шəкірт тəрбиеледім. Осы орайда, ұстаздар еңбегіне зор құрметпен қарау керегін айтқым келеді. Расында ұстаз берген тəлім-тəрбие, білім арқылы болашағымыздың қандай болатынын байқауға болады. Сонықтан, барша ұстаздар қауымына зор алғыс айтамын!».

 

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

 

«Мен мұғалімдер отбасында өскендіктен, ұстаздың жанқиярлық еңбегі қандай болатынын жақсы білемін. Әсіресе, ойын баласынан бейтаныс жаңа әлемге қадам басқан бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелейтін ұстаздардың еңбегі ерен.

Менің алғашқы ұстазым &ndash Иванова Анна Григорьевнаның бейнесі жүрегімнен орын алған.

Біздің сыныбымызға осындай ұстаздың тап болғанын бақыт дер едім. Біздің әрқайсымызға оның өзіндік, ерекше көзқарасы болды, ол әрбірімізді ынталандырып, өз күшіне сенуге үйретті, бойымыздағы ең жақсы қасиеттерді оятып, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға күш салды. Біздің басымызды біріктіріп, ынтымақтастық сезімін оятып, сыныптастар арасындағы ерекше достық қарым-қатынасты, мейірімділікті, қамқорлықты, өзара қолдауды үйретті.

Ұстазымның бұл өмірмен қоштасқанына көп жылдар өтсе де, Анна Григорьевнаға деген ризашылық сезімім бір сәт те бәсеңдеген емес.

Еліміздегі үлкен мереке &ndash Мұғалімдер күні қарсаңында барлық ұстаздарға мықты денсаулық, отбасылық амандық және ризашылық тілеймін!».

 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым минстрі:

 

«Мен әрқашан бірінші ұстазым - марқұм Гомзелева Любовь Валентиновнаны үлкен ықыласпен еске аламын.

Ол өте сабырлы және парасатты адам болатын. Ол кісі басқа сыныптастарыма қарағанда, маған ерекше көңіл қоятын сияқты көрінетін.

Дегенмен, кейін Любовь Валентиновнаның ешкімді бөле-жармай қарамайтынын түсіндім.

Сабақ кезінде біреу бұзықтық танытса, ұстазымыз үнсіз ғана жақындап, оқушының басынан сипап, сыныпта тыныштық орната алатын.

Ұстаздарымды құттықтау мен үшін үлкен мәртебе.

Мен мектеп мұғалімдеріне, университет оқытушыларына, сондай-ақ тәлімгерлерім Ж.С.Ақылбаевқа, Д.М.Бойкоға, К.Бексұлтановқа және басқаларға білім нәрімен сусындатқаны үшін қарыздармын.

Меркеге орай, барлық педагогтарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Оларға зор денсаулық, амандық және табыс тілеймін!».

 

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

 

«Менің алғашқы ұстазым - Алексеева Людмила Евгеньевна.

Шымкент қаласының №8 орта мектебінің 1980 жылғы түлектерінің барлығы сол кісінің мейірімін көріп өсті. Ұстазымыздың бізге деген шынайы көңілі біздің қабілетімізді ашты, бүгінгі жетістігімізге негіз болды.

Осы орайда, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген барша ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтаймын!».




Көрілген: 425    Пікірлер: 0

жексенбі, 04.10.2020, 15:38

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31