Колледж директоры қызметкерлерін жеке жұмысына жеккен

28 сәуір 2022, 19:12

Қызылордадағы политехникалық колледжде жұмыс істейтін қызметкерлердің шағымы әлеуметтік желіде жарияланды. Шағымда директор өзінің малына шөпті колледжге тиесілі көлікпен тасытатыны жазылған. Бұл туралы Экспресс К тілшісі жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Жарияланған жазбаға сенсек, қызметкерлер басшының әрекетінен әбден әбігерге түскен. Директор білім ордасының мүліктерін өз жекеменшігіне айналдырып алғандай. Мекемеге тиесілі ауыр техниканы сабаққа пайдаланбай, жалға беріп қоятын көрінеді. Онымен қоймай, колледж қызметкерлерін мал қорасын жөндеу жұмыстарына жегіп қойған делінген.

 

Мекеменің көлігі малының шөбін тасиды. Қызметкерлер үйінің жұмысын істеп, мал қорасын соғады. Қарсы келсең қудалауға түсесің. Құлша жұмсап отыр депті. Феодализмнің сарқыншағындай, — деп жазған қала белсендісі.

 

Сондай-ақ желіде жұмысшылардың мал қорада жүрген бейнежазбасы жарияланған.

 

 

Ал бұл мәселеге байланысты облыстық білім басқармасы хабардар болғанын жеткізді.

 

Тиісті зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі қосымша хабарланады, —деп қысқаша жауап берді білім басқармасындағылар.