Көшбасшы оқу ордасының жетістігі жыл санап көбейіп келеді

18 қазан 2021, 13:03

Биыл ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығын тойлағалы отырмыз. Осы жылдар ішінде еліміз әлеуметтік экономикалық тұрғыдан жетіліп, демографиямыз көбейіп, еліміз халықаралық деңгейде көптеген елдермен иық тіресіп тұра алатындай дәрежеде дамып, еңсесін тіктеді. Мемлекетіміздің жеткен бұл жетістігінде ел дамуына үлес қосқан мамандардың маңызы зор. Ал сол мамандарды даярлауда еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 1934 жылдан бастап миллиондаған мамандарды дайындап, ел дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Еліміздегі жоғары оқу орындарының ішіндегі көшбасшысы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шәкіреттеріне беретін білім сапасымен ғана емес, заманауи оқу ғимараттарымен, ғылыми кітапханасымен, студенттер қалашығымен, студенттер сарайымен, жайлы жатақханалары мен спорт сарайымен ерекшеленетін еліміздегі бірден-бір ғылым ордасы.

Қазір университет құрамында 16 факультет, 68 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты және 29 ғылыми орталық жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге Медициналық диагностикалық орталық, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ыстықкөлде спорттық-сауықтыру лагері жұмыс істейді. Яғни білім ордасы білім беріп қана қоймай, студенттері мен оқытушыларына жағдай жасау жүйесін жыл өткен сайын дамытып келеді. Сондай-ақ 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханасы іске қосылған. Студенттерге ғана емес оқытушыларға да жағдай жасауды оқу ордасы алдыңғы қатарда деп айта аламыз. Соның дәлелі оқытушылар жалақысы биыл екі қайтара көтерілген.

            Осы орайда айта кетер жайт, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев қыркүйек айында халыққа арнаған Жолдауында «Құзырлы министрлік жоғары білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті. Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек» деген болатын. Сондықтан Президент тапсырмасынан соң оқытушылардың жалақысын көтеру мәселесі екінші қайтара шешімін тапқан. Яғни оқу ордасы Президент тапсырмасына сай әрекет етіп, мемлекет басшысының тапсырмасын бұлжытпай орындауда. Білім сапасының заманауи болып қана қоймай, халықаралық талапқа сай болуына ұдайы көңіл бөлініп келеді.

Бұл бағытта оқу орнында 650-ден астам білім беру бағдарламалары жұмыс істейді. Биыл ең өзекті әрі перспективалық бағыттар бойынша 100-ден астам жаңа оқу бағдарламасы іске қосылған. Олардың қатарында неврология, киберфизика, биологиялық инженерия, роботтық жүйелер, жаратылыстану мен инженерлік-техникалық бағыттағы табиғи және технологиялық тәуекелдер енді. Әлеуметтік-гуманитарлық бағытқа: мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік, цифрлық экономика, креативті индустриялар, медиа-коммуникация, ақылды қала экономикасы сияқты мамандықтар бар. Бүгінгі күні жоғары оқу орнының инфрақұрылымын модернизациялау жұмысы өте қарқынды жүріп жатыр.  Биыл 7 оқу ғимаратында косметикалық жөндеу жүргізілді, 3 оқу ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Ал 14 жатақхана жөндеуден өтіп, студенттерге қазіргі заманға сай жағдай жасалды. Алдағы уақытта жатаханалар санын арттырып, мүмкіндігінше студенттерді көбірек жатаханамен қамтамасыз ету жұмыстары қамтамасыз етілуде.

Оқу орнында жоғары кәсіби білім беру көпсатылы жүйесі бойынша 25 000-нан астам студент білім алып, оларға 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары дәріс оқиды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің беделді 300-ден астам университеттерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан және Халықаралық, Еуропалық және Еуразиялық университеттер ассоциациясы, Дүниежүзі университеттер консоруиумының мүшесі болып табылады. Оқу орнының студенттері мен магистранттары әлемдік рейтингте көрсеткіші жоғары тұрған университеттерде тағылымдамадан өтуі де жолға қойылған.

 Талай тарланды түлетіп, тектілер тұрағына айналған шетел тілдері факультеті студенттерге барынша сапалы білім беріп, шәкірттерін заманауи білім нәрімен сусындатуға  ерекше көңіл бөлінуде. Шетел шығармаларын оқуға жаны құмар студенттер ағылшын тілінде еркін ойын жеткізіп, ауызекі тілде мүдірмей сөйлеуді үйреніп қана қоймай, АҚШ және Батыс елдерінің мәдениетін жетік меңгеруде. Үш тілде қатар сөйлеуді мақсат еткен елдің ұрпақтары бүгінде сол мақсатына сай біліммен қамтамасыз етіліп, көздеген ойларына жетіп жатқаны көңіл қуантады. Демек алдағы уақытта заманауи білім алған мамандарымыздың еңбегімен еліміз одан әрі жаңғырып, жайнай бермек!

 

Махамбетсалиев Даурен Бахтыбайулы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің

Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық

және әкімшілік құқығы кафедрасының 1 курс магистранты

Мусанова Гулназ Айдаровна, Айсултанова Карлыгаш Абдукалыковна,

Алиярова Лаура Мадибековна,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

филология факультетінің шет тілдер кафедрасының аға оқытушылары