Көшбасшы оқу орны мақтанышымыз

21 мамыр 2022, 10:14

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті елімізде ең алғашқы болып құрылған оқу орындарының бірі. Уақыт өткен сайын шыңдалып, заман мен уақыт сұранысына бейімделіп, сұранысқа ие болып, кемелдене түсуде. Еліміздегі білімі мен ғылымының ірі орталығы, жоғары кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысына айналған оқу орнында жыл өткен сайын заманауи мамандықтар да көбейіп,  студенттер саны да артып келеді.

Оқу орнының 86-жылдық аса бай тарихы еліміздің қалыптасуы жолында кадрлармен қамтамасыз етіп, мемлекетіміздің қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Осы орайда ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Оқу орнының заманға сай білім беріп, білікті мамандар дайындауының арқасында оқу орнының мыңдаған түлектері қазіргі таңда Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі барлық салаларда табысты еңбек етуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Экономика және Бизнес Жоғары мектебінің түлектері де қазіргі таңда Президент Әкімшілігінде, Экономика және Бюджеттік жоспарлау Министрлігінде, Қаржы Министрлігінде, ҚР статистикалық агенттігінде, Ұлттық банкте, коммерциялық банктерде, сақтандыру және аудиторлық компанияларда және басқа да қаржылық мекемелерде, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының барлық экономика салаларында қызмет атқарып жатқанын мақтанышпен айта аламыз.

Оқу орнының заман талабына сай маман дайындауда көшбасшы оқу орнына айналғанын айналамыз да жоғары бағалап отыр. Мәселен Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары баға алып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» жоғары марапатына ие болды. Атап өтер жайт, ҚазҰУ – «Бес жұлдыз» марапатына ие болған Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны екені көп нәрсені аңғартса керек. QS Stars «Бес жұлдыз» марапаты бүкіл әлем бойынша тек 62 ЖОО ғана берілген, олардың ішінде QS WUR халықаралық жаһандық рейтингінің әлемдік үздік топ-5, топ-10 және топ-20 қатарына кіретін Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Чикаго, Принстон, Колумбия университеттері бар. Демек халықаралық талапқа сай білім алу үшін  шекара аспай ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдаған жас өкінбейді.

 Тағы да атап өтсек, оқу ордамыздың бұл халықаралық дәрежеде алғаш рет қол жеткізіп отырған жетістігі емес. Осыған дейін де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген болатын. Сондықтан осы оқу орнының қарамағындағы Экономика және Бизнес Жоғары мектебінде білімімізді ұштауды мақтаныш етеміз. Экономика және бизнес факультеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дербес бөлімшесі ретінде қызмет атқара бастаған кезден бастап студенттер, магистранттар және аспиранттарға  білім беріп қана қоймай, тәрбие жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Кафедрамызда студенттер арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, шығармашылық белсенділікті арттыруға, салауатты өмір салтының, тіл мен мәдениеттің насихатталуына ықпал ететін көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Кемелденген тұлға дайындау жолында барлық жағынан аянбайтын білім де беріп, тәрбиеге де көңіл бөліп, студенттерінен  заманауи кадр дайындау жолында бар жағдайды жасайтын оқу ордамыздың әлі де жетер жетістігі алда екеніне сенеміз!

 

Мағжан Муратбеков, Дина Садықова,  Экономика және бизнес Жоғары мектебінің студенттері, «Қаржы және есеп» кафедрасы

Бахыт Сұлтанова, Экономика ғылымының кандидаты, «Қаржы және есеп» кафедрасының доценті, дипломдық жұмыс жетекшісі