Кітап оқып, Стамбулға саяхат ұтып ал!

13 наурыз 2022, 18:44

Соңғы жылдары қоғамның кітап оқуға ынтасының төмендегені байқалады. Әсіресе балалардың әдеби кітаптан гөрі бар қызығушылығы гаджеттерге, әлеуметтік желілерге артып отырғаны рас. Осы мәселеге алаңдап, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, жалпы елде кітап оқу дағдысын жандандыру мақсатында «Шұғыла» қоры мен «Дария» даму орталығының ұйымдастыруымен елімізде «Тұлға болам» кітап оқу сайысы биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.  

10 наурыздан бастап 9 сәуірге дейін арнайы сайтқа тіркеліп, кітап оқып  өзінің оны қаншалықты меңгергенін дәлелдей алғандар Стамбулға саяхат, MacBook, iPad, Apple Watch жəне басқа да бағалы сыйлықтар ұтып алуына мүмкіндік бар. Сайыстың басты мақсаты кітап оқитын кез-келген оқушыға мүмкіндік туғызып, кітап оқу арқылы ұлттық құндылықтарды оқырманның бойына сіңіру. Жалпы кітап оқу сайысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өтеді. Сондай-ақ «Тұлға болам» кітап оқу сайысы Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының және демеушілердің қолдауымен өтуде. Сайысқа барлығы 4 оқушылар тобы және 1 ересектер тобы қатысады. Əр топтың кітабы және жүлдесі бөлек. Сайысқа қатысушылар қазақ классиктері мен әлем классиктері кітабын оқып жарысады. Қатысушылар 3 кезенде 3 кітапты оқып бітіруге тиіс. Әр кезеңнің соңында кітап бойынша онлайн-тест өтеді. Осыған дейінгі өткен сайыстарда  100 мыңдай сайыскер тіркелсе, ұйымдастырушылар енді аталмыш шараның аясын кеңейтіп, қатысушылар санын еселеп көтеруді мақсат етіп отыр.

«Dacomotors» ЖШС құрылтайшысы Сырымбек Тау: «Джон Карнеги әлемде 3200 кітапхана ашқан. Халықты кітап оқуға үндей отырып АҚШ-тың дамуына, өркениетіне өте үлкен үлес қосқан. Біздің де мақсатымыз елімізде кітап оқуды жандандыра отырып елімізде саналы, білімді ұрпақ қалыптастыру болып отыр. Бұл бастамамыздың нәтижесін осы шараға қатысушылардың саны миллионға жеткенде көре аламыз деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін әлемді кітап оқыған адамдар басқарды. Кітап оқыған адамның сана сезімі жүйрік, озық болатынын дәлелдей отырып, сондай адамдарды қоғамымызда қалыптастыра алсақ мақсатымыздың орындалғаны. Сондықтан шараның ауқымын кеңейтуге тырысып жатырмыз. Былтыр екінші сайысымызға 108 мың адам қатысқан екен. Биыл кеңінен насихаттау арқылы қатысушылар санын көбейтуді ойлап отырмыз. Сайтымыз арқылы республикамыздың кез келген өңірінен қалаған адам қатыса алады. Бір айда бір кітап береміз, оқып біз дайындаған сұрақтарға белгіленген уақытта тез,  әрі нақты жауап беріп үлгерсе болғаны» дейді.

Өткен маусымның бас жүлдегеріне Нұр-Сұлтан қаласынан 1 бөлмелі пәтер берілгенін, биыл да жүлде қоры қомақты екенін ескерсек, ұйымдастырушылардың бұл шараға жанын салып кіріскенін байқаймыз. Атап өтсек, бұл жолы Стамбулға саяхат, MacBook, iPad, Apple Watch, велосипедтер және ақшалай сыйлықтар қарастырылып отырған көрінеді. . «Шұғыла» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Dacomotors» ЖШС құрылтайшысы Сырымбек Таудың айтуынша, Стамбулға 9-10-11-12 сыныптың оқушылары барады. Балалардың зейінін ашып, білімді де оқымысты ұрпақты көбейту үшін қор басшылары барлық жағдайды жасап отыр. Тек кітап оқуға ынта болса болғаны.

«Дария» даму орталығының директорының орынбасары Бақытжан Асқаров «Сайысқа қатысу тегін. Алдымен tulgabolam.kz сайтында 10.03.2022-09.04.2022 аралығында тіркелесіз. Осы кезеңде тіркеліп үлгермегендер де тестке қатыса береді, тек жүлде ала алмайды. Әр кезеңде өз тобыңызға бекітілген кітаптарды оқып, сол кітап бойынша бекітілген күні тест тапсырасыз. Сайыс үш кезең және бес топтан тұрады. Ересек және студент, 8-12 сынып, 5-7 сынып, 3-4 сынып, 1-2 сынып бойынша жіктелген. Міндетті түрде «Тұлға боламның» ресми телеграм тобына тіркеліңіз (https://t.me/tulgabolam). Бұл шара оқырман санын көбейту үшін емес негізгі мәліметтер сонда жарияланатын болғандықтан қатысушы тыс қалып қоймау үшін жасалынып жатыр. Қатысуда жас шектеуі жоқ, яғни сайысқа әріп танитын кез-келген жастағы адам қатыса алады» - дейді.

Қуаныш Ермекова