Қызылорда облысында 112 мұғалім жалған дипломмен сабақ берген

03 наурыз 2022, 17:36

Қызылорда облысында 112 мұғалімнің дипломы жалған екені әшкере болды. Бұл туралы Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова Facebook-тағы парақшасында жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі aikyn.kz - ке сілтеме жасап.

«Біз облыстық деңгейде жыл сайын педагогтарды аттестациялау барысында мұғалімдердің портфолиоға жалған құжаттарды салатынын анықтаймыз. Әсіресе, күмән келтіретін құжаттарды (сертификат, грамота) ұлттық біліктілік тестілеудің түпнұсқаға сәйкестігін нақтылау ісін ашық жүргізіп, заңбұзушылықты дер кезінде өзіміз анықтаймыз.

Мәселен, былтыр қаңтар-маусым айларында аттестаттау комиссиясы 863 құжатты қарап, 24 мұғалімнен жалған құжатты байқадық. Ал шілде-желтоқсан аралығында 587 құжат қарап, 14 мұғалім түпнұсқаны дәлелдей алмады. Алайда, әрбір педагогтан түсініктеме алып, жалақыға үстеме төленбеді. Бюджетке шығын келтірмедік, – деп жазды Ақзира Қасымова.

Сондай-ақ, жоғары оқу орындарына сұрау салып, мониторинг жүргізіп облыс бойынша жалған дипломды пайдаланған 112 факті анықталған.