Музыкаға мән берілмесе, тәрбиеде есе жібереміз

10 маусым 2022, 15:19

«Музыка – адамзаттың әмбебап тілі»

Американдық ақын Генри Лонгфелло

 

Музыкада тіл жоқ. Қандай аспаппен болсын ойналған музыканы көкірегінде сәулесі бар кез келген адам түсіне алады деп ойлаймын. Музыкада түрлі жанрлар бар. Бірақ тамырым қазақ болған соң ұлттық муызка, яғни халықтық әуен өзіме етене жақын.

Қазақ музыкасын зерттеп, таспаға түсірген Григорий Потанин есімді ғалым «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп жазған екен. Шынымен бұлақтың сылдыры, қамыс пен қоғаның шуылы, сарқыраған өзен мен жапырағы тербелген қайыңнан тыңдай білсең қайталанбас әуен шығады. Ауыл іргесіндегі тоғанда жүрген қаз-үйрек пен өрістен қайтқан енелеріне жамырай жүгірген қозы-лақтың дауысы тіптен тамаша! Табиғатпен тумысынан бірге қазақ халқы бозторғайдың, аққудың дауысын салып ән жазғанын бүгін біліп жүрміз.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең...» деп Абай атамыз да қазақ пен әуеннің біте қайнасқан бір болмыс екенін айтып кеткен ғой. Ананың әлдиінен бастап, жоқтауға дейінгі қазақтың өмірі әнмен әрленеді. Қазіргідей нота жоқ, арнайы музыкалық білім жоқ кезеңде домбыра мен қобыз арқылы және өзге де сыбызғы, дауылпаз секілді аспаптармен күй ойнап, ән салған ата-бабаларымыз неткен дарынды болған деп тамсанбасқа шараң жоқ.

Халықтық музыка мені де өзгертті. Арнайы музыкалық мектепте білім алып, күйлердің шығу тарихын, күйшілердің өмірімен танысқан сәтте өзімнің қазақ боп туғаныма ерекше мақтандым. Көшіп-қонып жүріп, артына өшпес мұра қалдырған ата-бабамның аруағына бас идім.

Мен қатарлы көпшілік жастар рок, хип поп, поп кю секілді біздің табиғатымызға жат музыка тыңдайтыны шынымен қынжылтады. Әрине, музыка – әмбебап тіл. Бірақ, жынсоқты әуен мен есерсоқ еліктеу біздің табиғатымызды бұзады. Бұл ретте ұлттық аспаптарымызды эстрадаға қосып танымал етіп жүрген аға-әпкелерімізге алғыстан басқа айтарым жоқ. Қазақтың брендіне айналған Димаш Құдайбергеннің әлемдік сахнаға қазақтың қара домбырасын алып шығуы, қазақ әуендерін әуелетуі нағыз құрметке лайық деп білемін. Сондықтан, қатарластарымды тыңдайтын музыка таңдауда адаспаса екен деп тілеймін.

 

Болысбек Мадияр

Талдықорған қаласы

Жетісу облысы