Жаңалықтар

Назарбаев Университетіне ақылы жүйе не үшін керек?

  • ©Мансұр Хамит (фото)

    ©Мансұр Хамит (фото)

Дербес білім беру мәртебесіне иеленген Назарбаев Университетінің білім жүйесі таза мемлекеттік тапсырысқа негізделген. Аталған жоғары оқу орнына түсу үшін үміткер бірнеше халықаралық санаттағы емтиханды тапсыруы қажет. Осының арқасында ойы озық әрі дарынды жастарды іріктеп алуға мүмкіндік мол. Қазір Университетте отандық білім мен келешек ғылымды алға сүйрейтін «жас интеллигенция» пісіп-жетіліп жатыр деуге болады. Дегенмен, мұнда да ақылы жүйе енгізіледі дегенді естігенбіз. Ендеше, белгіленген жұмысты аяғына дейін жеткізбей, ақылы жүйені енгізу қаншалықты орынды? Ертең қымбат көлік мініп, диплом қуған бай баласы ақылы бөлімде оқып жүріп, білім жолына берілген жарлы баласының ойын бұзбай ма? Осы орайда кезінде «Назарбаев Университеті» деп атанып кеткен Еуразия ұлттық университетінің дарынды жастардың «алтын қорын» қалыптастыру тәжірибесі еске түседі...
Әу басында Астананың жоғары білім саласын көтеруге ат салысқан азаматтар, әсіресе, алғашқылардың бірі болып негізінен Қазақ ұлттық университетінен ауысып келген ұстаздар Гумилев атындағы Еуразия университетінің шартты атауы «Назарбаев Университеті» болғанын жақсы біледі. Себебі ондағы білім беру жұмысын Президент тікелей өз бақылауында ұстаған болатын. Университетке еліміздің маңдайалды ғалымдары шақырылып, ұлттық білім берудің озық тәжірибесі енгізілді. Шыны керек, сол кезде Еуразия ұлттық университетінің аты дүркіреп-ақ тұрды. Қазір де осалдау емес, дегенмен, сол жылдары Еуразияға деген ықылас ерекшетұғын. Қазақстанға іс сапармен келген мемлекет басшыларының бірде-біреуі осы жоғары оқу орнына соқпай кетпейтін. Шетелдік сарапшылар дәріс оқитын. Не керек, біраз жұмыс жасалды. Оған дау жоқ. Дегенмен, Еуразия университеті арқылы дарынды қазақстандық студенттердің «алтын қорын» құру бастамасы іске аспай қалды. Себеп не? Себеп сол баяғы қазақбайшылығымыз асып, «аға-көкелігіміз» басым болып кеткендіктен тәрізді. Тіпті жаңа деңгейге ұмтыла бастаған алғашқы студенттердің сезімі де ол кезде ерекше болатын. «Әлі есімде. Ректор Мырзатай Жолдасбековтың бастамасымен оқуда үздік жастарға арнап Студенттер үйі салынды. Оған грантта оқитын студенттер орналасты. Студенттер Үйінде білім алуға қатысты барлық қажетті жағдай жасалды. Әрбір бөлмеде, оны бөлме деуге де келмейді, кәдімгідей бір бөлмелі, екі бөлмелі пәтерлерде асүй бөлмесі бөлек болды. Әрбіреуінде – мұздатқыш. Ал жатын бөлмеде студенттің өз үстелі мен аспалы кітап шкафы тұрды. Біз бір бөлмелі пәтерде - екі адам, ал екі бөлмелі пәтерде төрт адам болып тұрдық. Қыз-жігіттердің араласуы да белгілі бір ереже бойынша жүрді. Мәселен, Студенттер үйінің сол жақ қанатында қыздар тұрса, оң жағында ұлдар болды. Екі блоктың ортасында бір администратор отыратын. Ол бір блоктан екінші блокқа өткен адамның аты-жөнін және шығу уақытын жазып алып тұрды. Студент уақытында шықпаса, барып тексеретін. Меніңше, ондай тәртіптің болғаны дұрыс. Шыны керек, оқуда үздік жастарды бір жерде шоғырландырудың тиімді тұстары баршылық. Олар бір-бірімен араласып, өз білімдерін шыңдай түседі. Бас кезінде солай болды да. Алайда артынан Студенттер үйінің ережесі бұзылды. Оған ақылы жүйеде оқитын студенттер де кіре бастады. Бір бөлмелі пәтерге төрт адам, екі бөлмелі пәтерге жеті-сегіз адамнан кіргізді. Сөйтіп, дарынды жастарды бір жерде шоғырландыру бастамасы іске аспай қалды. Қазір ол кәдімгідей қатардағы жаба йы жатақхананың біріне айналды», - деп еске алады сол жылдардағы студенттердің бірі. Жалпы, Еуразия ұлттық университетінде ақылы жүйе бұрыннан бері бар. Дегенмен, оның игі бастамаға қалайша әсер ететінін осыдан-ақ байқауға болады.
Ал Назарбаев Университетінің құрылуымен жаңағы Студенттер үйінің идеясы жүзеге асты деуге болады. Бірақ осы жолы еліміздің дарынды жастары бір үйде емес, үлкен бір университеттің аясында топтасты. Мемлекеттік грантқа лайықты студенттер бір жерде шоғырланды. Бұндай Университетке Назарбаевтың атын да беру лайықты дестік. Ал қазақтың «таныс-тамырластығы» болмас үшін басшылыққа шетелдік мамандар тартылды. Сөйтіп, дарынды қазақ жастарының «алтын қоры» құрыла бастады. Дегенмен, алдағы уақытта ол жерде ақылы жүйе енгізіледі деген ақпарат бар. Сонда бұл қалай болады екен? «Қазіргі кезде біз бұл мәселені көтеріп жатырмыз. Әзірше, экономистер есеп-қисабын жасап, ақылы жүйе бойынша тартылатын студенттердің санын анықтап жатыр. Оны білмейінше, ештеңе айта алмаймыз. Бірақ ерте ме, кеш пе коммерциялық бөлімдер ашылады. Бұл мәселе шешілген. Ол – анық нәрсе. Бүгінде нақты уақыты белгісіз», – дейді Назарбаев Университетінің маркетинг және коммуникациялар департаментінің директоры Жанет Тұрарбекова. Алайда Президенттің аты берілген Университетке ақылы жүйені енгізіп, ондағы білім беру сапасын түсіріп алмаймыз ба? Біз жоғарыдағы Еуразияның Студенттер Үйін де сол үшін мысалға алған едік.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Еуразия ұлттық университетінің бұрынғы ректоры, академик:

– Кеңес заманында бәрі жаман болды деп айта алмаймыз. Бірақ ол кезде ақылды да, ақылсыз да, данышпан да, ақымақ та, кедей де, бай да бірдей деп оқытты ғой. Малмен теңеген жоқ. Одан басқаның барлығы тең деді. Алайда адам болғаннан кейін табиғатынан талантты болып туатын балалар болады. Мәселен, біздің Қорқыт пен Әл-Фараби бабамыз қайдан шықты? Қазақтың данышпан кемеңгерлері, жыраулары, атақты ақындары, билері мен шешендері, көсемдері, батырлары қайдан шықты? Олар мектеп пен университет бітірген жоқ қой? Олардың барлығы – Ұлы даланың «мектебі» мен «университетінен» шыққандар. Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істеген кезде біз осындай қазақтың маңдайына біткен дарынды қазақ жастарын жинауға тырыстық. Университет ұстаздары жер-жерді аралап, мектеп үздіктерін жетектеп тұрып, алып келді. Меніңше, өз болашағын ойлайтын кез келген мемлекеттің басты міндеті – адамды тегін оқыту мен емдеу. Кеңес үкіметі кезінде қандай қиын болса да, бәріміз мемлекеттің есебінен оқыдық қой. Енді, Алла маңдаймызға берді... Назарбаев мектептері ашылып, Назарбаев Университеті құрылды деп жүрген кезде қандай адам ол жерде ақылы жүйе ашуды ұсынды? Меніңше, ондайлар Президенттің саясатына қарсы шығып отыр. Мен өзім оған үзілді-кесілді қарсымын.
P.S. Назарбаев Университетінің қазіргі менеджменті сақталса, ақылы жүйені енгізуге болатын шығар. Өйткені сабақ оқымайтын студент бәрібір университеттен шығарылады. Дегенмен, оның бәрін ретке келтіргенше, ақылы жүйенің алғашқы легі білім беру сапасына біршама әсер ететіні сөзсіз. Негізі, бұл бастаманың мән-жайын Университет басшылары Елбасының өзімен ақылдасқандары дұрыс сияқты.

Автор: Арман Асқар




Көрілген: 1963    Пікірлер: 1

сейсенбі, 07.10.2014, 09:11

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31