Дарынды балалардың Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алуына жағдай жасау үшін "Өркен" гранттар санынан 10% квота ауыл мектептерінде білім алатын үміткерлерге тағайындалады. Мұндай өзгеріс "Өркен" білім беру грантының қағидаларына енгізілмек, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжат жобасында жазылған.
Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, бұл өзгеріс Назарбаев зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарында оқуға грант тағайындау бойынша ата-аналар қауымдастығынан түскен өтініштерді орындау мақсатында енгізілген.
Өзгертулер бойынша әр жылға бөлінетін грант санын жариялау мерзімі де енді нақты болады.
Жобаға сәйкес, тізім әр жылдың ақпан айынан кешіктірілмей жарияланады.
Сондай-ақ, енді "Өркен" грантының емтиханын тапсырған үміткерлер мен олардың ата-аналары конкурс қорытындысын "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ ресми интернет-ресурсы арқылы білетін болады. Мұнда үміткердің жинаған балл саны және грант алғаны не алмағаны, болмаса резервке өткені туралы ақпарат жазылады.