Назарбаев зияткерлік мектептері мен қарапайым мектепті қаржыландыруда 6 есе айырмашылық бар – депутат

02 маусым 2022, 18:46

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы елдегі оқушылардың 1 пайызы ғана сапалы білім алып жатқанын сынға алды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі , деп "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

«Әлемдік банк зерттеуі бойынша елдегі оқушылардың 1 пайызы ғана сапалы білім алып жатыр. Оқушылардың басым бөлігінің таңдау жасау мүмкіндігі жоқ. Олар негізінен екі не үш ауысымдық мектептерде білім алып жатыр. Оның үстіне, соңғы үш жылда елімізде 1 млн 277 мың сәби дүниеге келді. Бұл білім саласына түсіп тұрған үлкен демографиялық салмақ. Олар үшін келешекте кем дегенде 3 мың мектеп салынуы керек», - деп атап өтті депутат Сенат отырысында.

 

Әлемдік банктің зерттеуінше, қазір еліміздегі адам капиталының индексі 63 пайызды көрсетеді. Бұл – индекс бала туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеті мен дағдыларының жиынтығы.

 

«Біздің білім жүйесі осылардың 63 қана пайызын беріп отыр. Бұл білім саласына қыруар қаржы бөлінгенімен, көптеген білім алушылардың алған білімі біліктілікке айналмай жатқанын көрсетеді. Біздегі білім берудегі теңсіздік пен алшақтық қаржыландыру саласында да, қала мен ауыл мектептерінің арасында да айтарлықтай үлкен. Мысалы Назарбаев зияткерлік мектебі мен қарапайым мектеп арасындағы қаржыландыру айырмасы 6 есе болса, еліміздегі оқушылардың 44 пайызын құрайтын ауыл оқушыларына НЗМ оқушысының білім деңгейін қуып жетуі үшін 6 жыл уақыт керек. Білім және ғылым министрлігі қазіргі ережеге сай 200-ден астам қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, 900 мың бүлдіршіні бар 10 300 балабақша, 3,5 млн оқушы оқитын 7 500 орта мектеп, 500 мың контингенті бар 820 колледж, 600 мың студенті бар 120 ЖОО және жарты миллионнан астам мұғалімдер мен педагогтердің жұмыстарын үйлестіру керек. Бұл бір министрлікке өте үлкен салмақ. Сондықтан да кеше ғана Президентіміз айтқандай, министрліктің басқару жүйесін оңтайландыру жолдарын қарастырған дұрыс деп санаймыз», - деді Мұрат Бақтиярұлы.