Оқушылар неге "Алтын белгіден" бас тартып жатыр?

29 сәуір 2022, 17:33

"Алтын белгіге" үміткерлерге талап өзгерді. Биылдан бастап 11-сынып түлектері қорытынды емтиханның бір пәнін Назарбаев Зияткерлік мектебінің (НЗМ) базасында тапсыратын болды. Яғни әдеттегідей өз мектебінде емес, басқа бөтен жерде. Бұл министрліктің ойынша, әділдікті қамтамасыз етеді. Tengrinews.kz тілшісі еліміздегі педагогтермен сөйлесіп, бұл жаңалыққа қатысты ойын сұрады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Расында, кейінгі жылдары "Алтын белгі" көп сынға ұшырады. Мысалы, былтыр елімізде бұл төсбелгіге 10 мыңға жуық мектеп түлегі ие болды. Пандемияға қарамастан "Алтын белгі" иегері атанған түлектер саны рекорд көрсеткішке жетті. Оның үстіне басқа облыстармен салыстырғанда білім сапасы төмен Түркістан облысы көш бастап тұрды. Күдік ұялатары сөзсіз. Бұған қоғам белсенділері "Алтын белгінің" құны тө­мендеп барады, оны "үлестіріп жатқандай" дескен еді.

 

Десе де биыл талап қатаңдай түсті. "Алгебра және анализ бастамалары" пәнінен қорытынды емтихан НЗМ базасында тапсырылатын болды. Жаңашылдықтың негізгі мақсаты - емтихандарды өткізудегі ашықтықты күшейту және оқушылардың оқу жетістіктерін тәуелсіз бағалау екені айтылды. Осыдан кейін оқушылардың төсбелгіден бас тартып жатқанын байқап отырмыз. 

 

Білім және ғылым министрлі Асхат Аймағамбетов тікелей эфирде берген сұхбатында статистиканы да келтірді.

 

"2017 жылғы дейін "Алтын белгіні" алу үшін оны ҰБТ-да дәлелдеу керек болды. Сонда жылына 2000 мыңнан аса бала дәлелдеп алатын. Биыл мектептер өзі беретін болған соң, қазіргі уақытта 12 мың үміткер болды. Біз сол пәнді, сол сұрақтарды, сол мектеп бағдармасын енді бақылаумен өткіземіз дегенде 12 мыңнан бір дегенде 6000-ға түсіп кетті", - деді министр Qazastan телеарнасындағы "Жедел желі" бағдарламасында.

 

Биыл Қазақстан бойынша 17 мыңға жуық оқушы мектеп бітіріп жатыр. Асхат Аймағамбетов бәріне "Алтын белгі" беруге болатынын, бірақ оған лайық оқушының әділ алғаны дұрыс деп санайтынын бөлісті.

 

Мұғалімдер пікірі қандай?

 

Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиет пәнінің 25 жылдық өтілі бар мұғалімі Ұлжан Несіпбекова қандай оқушылар емтиханнан қорқып отырғанын түсіндірді. Оның сөзінше, матетатикадан бөлек пән таңдаған оқушылар қазір ҰБТ-ға керек пәндер бойынша қарқынды түрде дайындалып жатыр. Сол үшін он бір жыл өте жақсы оқыған еңбегі осы емтиханмен зая кете ме деп қорқады. Десе де, қорқыныш болғанымен, бұл мектепте ешкім "Алтын белгісінен" бас тартпапты.

 

"Енді онлайннан шыққан соң балаларға да, бізге де қиын. Оқушы қанша жақсы оқыса да, математиканы таңдамаса, мысалы химия-биология бағытындағы "Алтын белгілерді" айтсақ, математиканы жауып қойып, ҰБТ-ға керек пәндерден дайындалып жатыр. Осындай оқушылар қорқып отыр. Он бір жыл өте жақсы оқыған еңбегіміз зая кете ме деп ойлайды", - дейді ол.

 

Ал Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайнагүл Сдихова "Алтын белгіге" үміткер оқушыларға талаптың өзгергенін құптайды.

 

"Үздік оқушы өз білім деңгейін дәлелдей алатынына сенімді болуы керек. Бірақ сәйкесінше министрлік "Алтын белгі" иегері атанған оқушыларға ҰБТ конкурсын өзгертуі керек деп ойлаймын", - деді ол.

 

Жайнагүл Сдихова бала емтиханнан құласа, бұл мектепке әсер етуі мүмкін екенін де жасырмады.

 

Есімі мен мектебін жазбауды сұраған тағы бір мұғалім - математика пәнінен сабақ береді.

 

"Менің ойымша, Алтын белгі медалін алатын оқушы білімін барлық жерде көрсете алады. Тек алдымен психологиялық дайындық жасау керек. Тестілеу орны жайлы болып, қысым көрсетілмеу керек. Алтын белгі мектеп емес оқушының жетістігі болғандықтан, мектепке ешқандай әсері болмау керек", - деді ол.

 

Тағы бір педагог жаңа емтихан форматы туралы естігенде әртүрлі ой пікірлер туындағанын айтты. Көп бала одан бас тартып жатқанын естіп жүргенін де бөлісті.

 

"Оушы біліміне сенімді болса, одан неге бас тартады? Тапсыру орны ауысқанымен баланың білімі ауыспайды ғой. Онда бала сырттан келетін көмектерден қағыламын деп қорқады ма? Неге жылдағы алтын белгілердің саны биыл 3000-2500 балаға дейін азайды? Бұл сұрақтардың жауабы бір сияқты. Яғни, оқушының білім деңгейі "Алтын белгі" талаптарына сай емес. Жоқ, біздің түлектеріміз ашықтық пен жаңашылдыққа дайын емес пе?", - дейді ол

 

Айта кетейік, емтихан тапсырмалары "Алтын белгі" төсбелгісіне үміткерлер мен өзге де оқушылар үшін бірдей болады. Асхат Аймағамбетов басқа артық ешқандай сұрақ қойылмайды деп сендірді. Ал "Алтын белгіге" үміткер шалғай елді мекендердің оқушылары үшін жағдай жасалатынын, жауапты қызметкерлер жол, жататын жерін ұйымдастыратынын айтты.

 

Түлек немесе оның ата-анасы "Алтын белгіге" тапсырғысы келмесе, Назарбаев Зияткерлік мектебіне барудан бас тарта алады. Мұндай жағдайда ата-анасы өтініш жазып, оқушы 5 емтиханды өз мектебінде тапсырады. Барлық емтиханды 5-ке тапсырса, үздік аттестат алады.

 

Министрлік өкілдері "Алтын белгіге" үміткерлер үшін енгізілген өзгерістер академиялық адалдық пен ашықтықты сақтауға бағытталғанын айтып жатыр. Енді алдағы уақытта да осындай өзгерістер оқу үдерісіне кезең-кезеңімен енгізіле береді.

 

Еске салайық, "Алтын белгінің" болуы түлек жоғары оқу орнына түскенде білім грантын алуға құқық бермейді. Белгі иелері конкурсқа барлық үміткермен жалпы шарттар бойынша қатысады.