Өндірістік тәжірибенің орны бөлек

01 сәуір 2022, 18:09

Еліміздің тұңғыш университеті Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрылғанына биыл 88 жыл толып отыр. Осы кезеңде ҚазҰУ Қазақстан экономикасының, мәдениетінің, ғылымы мен білім саласының дамуына үлкен үлес қосып, миллиондаған мамандардың қалыптасуына ықпал етті. Мемлекетімізге маман дайындауда көшбасшы оқу орыны аталып, ортаазиялық аймақ бойынша кадрлардың ірі кәсіби білім беру орталығына айналды. Жоғары білім сапасы, уақыт сұранысына сай оқыту, ғылыми және зерттеу қызметтері мен инновацияның көзі, мықты оқытушы-профессорлар құрамы және талантты түлектер қалыптастырған оқу орны бүгінгі күні еліміздің бір мақтанышы деуге болады.

Біз бүгін осы оқу орнының Филология факультеті Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы туралы айтқымыз келіп отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы 2011 жылы маусым айында қазақ әдебиеті кафедрасы мен әдебиет теориясы және фольклористикасы кафедралары негізінде құрылды.

Түп негізіне келсек, қазақ әдебиеті кафедрасы 1940 жылы құрылған. Оны ұйымдастыру мен қалыптастыруда қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің сіңірген еңбегі шексіз. Ұлы классик қалыптастырған қағиданы бұзбай қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясын жетік меңгерген, теория мен практиканың маңызын ұғынатын, заман талабына сай мамандандарды даярлау бүгінгі күні факультеттің басты мақсаты болып отыр.

Қазіргі уақытта кафедрада 7 ғылым докторы, 11 ғылым кандидаты, 4 PhD дәріс оқиды. Оның ішінде 5 Халықаралық Ғылым академияларының мүшелері, 5 «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегерлері қызмет атқарады.

Оқу орны қабырғасында өндірістік тәжірибенің жөні бөлек. Өйткені өндірістік тәжірибе жоғарғы кәсіптік білімнің мемлекеттік білім стандарттарының талаптарына сәйкес мамандарды дайындаудың құрамдас бөлігі болып табылады. Өндірістік тәжірибенің мақсаты – студенттердің педагогикалық қызметтің негізгі функцияларын меңгеруі, педагогикалық құзыреттілікті, кәсіби қасиеттерді қалыптастыру және дамыту, ғылыми байланыстарды жүзеге асыратын негізгі ұйымдардың, мекемелердің қызметімен таныстыру болып табылады. Осы орайда жақында «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде өткізген тәжірибеміз ерекше әсерлі болды. Әсіресе Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жанындағы «Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығында» өткізген тәжірибе барысында «қазақ альфавитінің атасы атанған»тұлғаның салаға сіңірген еңбегінің орасан зор екенін сезіне түстік.   «Фольклор», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Орта ғасыр әдебиеті», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «ХХ ғасыр әдебиеті», «Тәуелсіздік кезеңдегі қазақ әдебиеті», «Алаш әдебиетіндегі азатшыл идея», «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш әдебиеті», «Қәзіргі қазақ әдебиеті» пәндерін оқу барысында қалыптасқан құзыреттіліктер практика бағдарламасының негізіне алынды. Өндірістік тәжірибеміздің өзінің мұндай ерекше әсерлі өтуі оқу ордамыздағы барынша сапалы білім беруге тырысқан ұстанымынан деп ойлаймыз. Сондықтан кафедрамызды ерекше мақтан етеміз.

Кафедра өз тарихында екі мәрте құрылымдық өзгерістерге ұшырап, екі кафедраға бөлінді. 1990 жылы қазақ әдебиеті және қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны, 2000 жылы қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы (2005 жылдан бастап әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасы) кафедраларына бөлінді. 1975-2000 жылдар аралығында қазақ әдебиеті кафедрасын ұлттық ғылым академиясының академигі З. Қабдолов басқарды. 1992-2000 жылдар аралығында қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасына профессор Т. Кәкішұлы меңгеруші болды. Әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасын 2000-2010 жылдарының аралығында профессор Б.Қ. Майтанов, 2010-2011 жылдары профессор А.Б. Темірболат басқарды. Кафедраның тұңғыш меңгерушісі филология ғылымдарының докторы, профессор Б.К. Кенжебаев болды. Қазақ әдебиеті тарихының жалпы курсын қалыптастыруда әдебиеттану ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан ғалым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлері: академик Ә.Х. Марғұлан, профессор Т. Нұртазин, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, профессор Е.С. Ысмайылов, профессор М. Ғабдуллиндер еңбектенді. Олар әртүрлі кезеңдерде қазақ әдебиеті кафедрасының мүшелері болған. Кафедраның оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу жұмыстарына үлкен үлес қосқан академик Р. Нұрғалиді ерекше атауға болады. Осындай қазақ әдебиетінің қаймақтары мен майталмандары еңбек еткен оқу ордамыздың әлсіз болуға қақы жоқ.

 

Турақұл Аида, Филология факультетінің 4-курс студенті 

 Ғылыми жетекшілер: ф.ғ.к., аға оқытушы Имаханбет Райхан Сахыбекқызы,

Аға оқытушы Оспанова Гүлмария Тұрысбекқызы