Жаңалықтар

Өскеменде педагог өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • https://inbusiness.kz/

    https://inbusiness.kz/

Өскемендегі аралас тілде білім беретін №5 мектептің аға тәлімгері атпа бойы комада жатып, сол күйі оянбай кеткен. Артында мектеп жасына да жетпеген екі баласы жетім қалды деп хабарлайды inbusiness.kz.

 

Журналистердің қолына марқұмның өлерден 2 апта бұрын құзырлы органдарға жазған шағымының көшірмесі түспегенде бұл жайт жабулы күйінде қалар ма еді, кім білсін...

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне, облыс прокурорына жазған хаттан жауап келмеген соң шағым иелері әділдіктің орнайтынына күнәмдана бастаған. Тек Білім саласындағы бақылау департаменті арызға үн қатып, №5 мектепке жоспардан тыс тексеру жүргізген екен.

 

Осы тексеру басталмай жатып, Әсем Нұрғалиева ауруханаға түсіп, бір аптадан кейін жан тапсырды. Былайғы жұрт байқамағанмен, соңғы 2-3 күнде Шығыс Қазақстандағы білім саласына жауапты лауазымды тұлғалардан маза кеткен. Оны мән-жайды білу үшін Өскеменге хабарласқан кезде анық көрдік. Бірақ болары болып, бояуы сіңгеннен кейін қолға алынған «тиісті  шаралар» қаралы ошақтың қайғысын қайдан жеңілдете алсын?!

 

Кешіккен жауап – үзілген үміт Облыстық білім басқармасының басшысы  Сайрангүл Жұмаділова марқұм Әсем Нұрғалиеваның шағымы қолына 13 сәуірде ғана түскенін айтып отыр.

 

«Біздің басқармаға хат 13 сәуірде түскен.  Біз 14 сәуір күні «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау туралы» Заңға сәйкес, Өскемен қаласының білім бөліміне өтініш  иесіне жауап берулеріңіз қажет деп жібергенбіз. Содан кейін арызданушы Нұрғалиева мен Бапиноваға да өтініштерін қалалық білім  бөліміне жолдағанымыз туралы хат жолдадық. Ішкі саясат басқармасына да жолдағанбыз. Педагогтердің этикасын қарау Білім сапасын қадағалау департаментінің құзырында. Сондықтан сол тексеру біткенше бірдеңе деу ерте. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Тексеру бітсін, соның нәтижесі бойынша директорға да, қалалық білім бөлімінің басшысына да шара қолданамыз», – дейді басқарма басшысы.

 

Марқұмның туысқан әпкесі Ғафура Дарабаева Әсемнің ұзаққа созылған күйзеліске шыдамай қайтыс болғанын айтып отыр.

 

Былтырға дейін  қаланың басқа бір шетінде жатқан Күленов кентіндегі «Үміт» балалар үйінде жұмыс істеген екен. Бір жыл бұрын Өскеменнің іргесіндегі Красин кентінен ипотекаға пәтер алып, сол маңдағы мектепке тәлімгер болып ауысады.

 

«Екі кішкентайын балабақшаға апаруына ыңғайлы болғандықтан да үйреншікті орнын ауыстырған болатын. «Үмітке» бару үшін екі автобуспен қатынау керек болды. Басында бізге директоры туралы ештеңе айтқан жоқ. Жуырда кішкене баласы қызылшамен ауырды. «Больничный» алып, балаңды емдетсеңші деп ақыл айтқан болдық. Сол кезде мектеп директорының қыр соңына түсіп алғанын, сондықтан жұмыстан бір сәт те қалуға болмайтынын айтты. Бұл ауруханаға түскен кезде Білім саласындағы бақылау департаменті Әсем мен әріптесінің жазған шағымы бойынша мектепте тексеру жүргізіп жатыпты. Бір жағынан өзі қатыспаса, әділдік бұрмаланады деп ойлаған да шығар. Содан баласын ыстығы түспегеніне қарамастан, 250 шақырым жердегі Үлкен Нарын ауылында тұратын шешесіне беріп жіберді. Өзінің де қызуы қайта-қайта көтеріліп жүрген. Қашаннан бері деп сұрап едім, 3-4 күн болғанын айтты. Жұмысың қашпас, үзіліс алып емдел деп едім, тағы да директордың соңына түсіп алғанын, жұмыстан қалуға болмайтынын айтты. Күнде ыстығын дәрінің күшімен түсіріп, жұмысқа барып жүрген екен. Сенбі күнгі демалысты пайдаланып, үйде жатып емделмекші болған. Бірақ директоры жұмысқа шақыртып алыпты. Сол күні басқа мектепте жұмыс істейтін құрбысымен кездесіп, оған да ауырып жүргенін, мектеп директорының қыр соңына түсіп алғанын айтып мұң шағыпты. Құрбысы жұмыстан шығып кетсеңші деген екен, оқу жылының соңында кетсе, жаз бойы табыссыз қалатынын түсіндіріпті. Ол айлық алмаса, кредит төленбей қалады ғой. Күзге қарай шықпасам, қазір жолы жоқ депті. Бұл қазақтың түбіне кредит жететін болды ғой»,– деп күрсінеді Ғафура Дарабаева.

 

Дәрігерлердің дүдәмал қорытындысы Жексенбі күні жедел жәрдем Әсем марқұмды инфекциялық ауруханаға алып кетеді. Бірақ ПТР-тест пен компьютерлік томография коронавирус пен пневмонияның белгілерін таппаған екен.

 

«Содан сенбінің кешінде үйіне келіп құлаған. Ыстығы 40-тан түспей қойған. Ертеңінде, 11 сәуір күні де ыстығы түспей қойған соң, жедел жәрдем шақыртады. Олар бірден коронавирус  деген күдікпен инфекциялық ауруханаға алып кетеді. Барғанда ПТР-тест те, компьютерлік томаграфия да коронавирус жоқ деп көрсетеді.  Ақыры жұлыннан сұйықтық алып тексерген екен, оның нәтижесі бойынша менингитке де теріс нәтиже көрсеткен. Шешесі емдеуші дәрігермен сөйлескен екен, қатты күйзелістен миының ішіне сұйықтық толған деп айтыпты. Содан бір апта жатып қайтыс болды. Өлім қамымен жүріп құжаттарды ұмытып кетіппіз. Кейін барып алсақ, «менингиттен қайтыс болды» деп қорытынды шығарып тастапты.

Алдында ғана менингит емес дегені есімде, дәрігерге хабарласып сұрап едім, екінші рет анализ алғанда солай шықты деген жауап айтты. Ол сөзінің шын-өтірігін білмейміз. Енді қазір барып анықтайық десек, ешкім жолатпайды. Пандемия, карантин деген желеумен есіктен де қаратпайды», – дейді марқұмның туысы.

 

Әсем Нұрғалиевамен бірге құзырлы органдарға шағымданып жүрген – сол мектептегі бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Бапинова. Сөзіне қарағанда, ол да мектеп директорынан жылдар бойы қысым көріп келе жатқан көрінеді.

 

«Әсеммен іштесіп араласып кеттік деп айта алмаймын. Келгеніне бір жыл да бола қойған жоқ. Бірақ сырттай қараған адамға мейірімді, жайдары болып көрінетін. Бір  сөйлескенімізде қыркүйектен бері директордың соңына түскенін айтып, мұңын шақты. Айтуынша, орынбасарларына аңдытып қойған көрінеді. Сөйлескенде оны адам құрлы көрмей, менсінбейтін кейіп танытатынын байқап жүрдік. Содан Әсем аттестациядан өтетін болды. Тестен бір дегенде жақсы нәтиже көрсетіп келді. Енді құжаттарын пысықтап портфолио дайындау керек болған. Соны жинап жүргенде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Татьяна Белоцерковская: «Өлсең де өтпейсің, кемшілік таппай қоймаймыз» депті.  Директордың өзі де текке әуре болма деген. Сол кезде айқайлап ұрысқан сөзін Әсем телефонына сақтап қойыпты. Ол дәлел қазір департаменттен келген комиссияда жатыр»,– дейді Сәуле Бапинова.

 

Қолы ұзын Карпова Сәуле Бапинованың айтуынша, кейінгі бір айда Әсемнің денсаулығы сыр бере бастаған.

 

«Бір  күні Әсем келіп жұмыстағы жағдайды уайымдап ұйықтай алмай жүргенін айтты. Бұдан әрі шыдамаймын, құзырлы органдарға шағымданамын. Арыз жазсам, қол қоясыз ба» деп сұрады. Басында райынан қайтармақшы болдым. Прокуратураға былықтарының бәрін жазсақ, бас бостандығынан айырылады ғой, одан да, күзге дейін шыдап, басқа мектепке ауыссаңшы деп ақыл айттым. Менімен де дәл осылай алысып бастағаны есімде. Аралас мектеп болғандықтан, екі тілде де сабақ беріп жүрдім. Сонымды бағалап, көтермелеп жүргендей болған. 3-4 айдан кейін маған бастауыш сыныптар бойынша оқу меңгерушісі бол деген ұсыныс айтты. Бас тартып едім, қоймады. Ақыры кіріскен соң, оқыту процесін ұйымдастырудағы кемшіліктерді қопара бастадым. Өйткені кемшіліктің себебін білмесем, жою мүмкін емес еді. Білім сапасын, оқу машығын қадағалай бастадым. Білім сапасы жоғары болу үшін бағаны өтірік көтеріп қойғызатынын аңғардым. Ал оқу машығы 70-80 пайыз орындалмайды.  Осының бәрін  тексеруден кейін, өзіне айтып отырдым. Сөйтсем, өзі де бәрін біледі екен. Менің айтқандарым жақпай қалды, тырнақ астынан кір іздеп жүрген адам болдым да қалдым. Онысын қайда білейін?! Содан бастап маған да күн бермей келеді. Бірнеше рет берген сағаттарымды тартып алып, басқаларға бергізді. Үйден оқытылатын баланың алты сағатының үш сағатын ғана толық көлемде төледі. Тізе берсем, ондай қиянаты көп»,– дейді педагог.

 

Сәуле Бапинова құзырлы органдарға жазған шағымның мектеп директорының қолына қалай түскенін түсіне алмай жүр. «Біздің арызымыз қалай қолына түскенін білмеймін, аудармашыға аудартып, оқыған екен. Бір күні бас есепші келіп, бұл ісімізден ештеңе өнбейтінін айтты.

 

«Қалалық білім бөлімінің басшысы директорға ештеңеден қорықпаңыз, бұл түкке тұрғысыз мәселе деп айтты» деп бізді қорқытты. Директорымыздың нацистігі де бар. Мектептегі шараның бәрі орыс тілінде өтеді. Жиналыстарда қазақтілді мұғалімдер мемлекеттік тілде баяндама жасаса, слайд орысша болсын деген талап қояды. Ал орыс тілді мұғалімдер орысша жасаса, слайдтың қазақ тілінде болуын талап етпейді. Мынандай жағдай болмаса, мәселе жабулы күйінде қалушы еді. Әсем қайтыс болғаннан кейін ғана жыбырлай бастады. Білім саласындағы бақылау департаменті ғана арызымызға назар аударып, тексеру жасады. Қалалық білім бөлімі сол кезде ғана қозғалды. Былтыр менің де денсаулығым сыр берген. Сонда дәрігерлер жүректің артқы қабатында кең ауқымды инфаркт пайда болған деп айтты. Кейін жұмыс көбейді де, емдету жайына қалды. Соның бәрі мына жағдайдан кейін есіме түсіп отыр».

 

Тәуекелге бел буып, тікелей басшысына қарсы мәселе көтерген, қазір әділдік жолындағы күресте жалғыз қалған тәжірибелі ұстаздың айтқаны осы болды. 30 жылдық өтілінде бірнеше мектепте жұмыс істесе де, мұндай бассыздықты көрмегенін айтады.

 

«Мектеп басқаруға моральдық құқығы жоқ» Білім саласындағы бақылау департаменті басшысының орынбасары, марқұм Әсем Нұрғалиеваның шағымы бойынша құрылған комиссияның басшысы Жұмабек Камбетов Наталья Карпованың мектеп директоры болуға моральдық құқығы жоқ деп отыр. 

 

«19-21 сәуір аралығында аға тәлімгер Әсем Қажымұқанқызы Нұрғалиева мен мен бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Бапинованың шағымы негізінде №5 мектепте жоспардан тыс тексеріс өткіздік. Шағымда көрсетілген барлық фактілер бекіді. Мектеп  директоры Наталья Карпованың үстінен 7 әкімшілік іс қозғадық. Оның  орынбасары Татьяна Белоцерковская деген азаматшаның үстінен «Педагог мәртебесі туралы» Заңды өрескел бұзғаны үшін бір әкімшілік іс қозғадық. Жарты сағат бұрын  әкімшілік істі қарап,  директор алты әкімшілік іс бойынша өз кінәсін мойындады. Ал орынбасары қаулыға қол қоюдан бас тартты. Бірақ біз мұны осы күйі қалдырмаймыз. Енді Өскемен қалалық әкімшілік сотына береміз.

Мектеп директоры істегендерін мойындады. Мұндай адамның тұтас ұжымға басшы болуға моральдық құқығы жоқ деп ойлаймын. Біз жоғары жаққа мәселе қоямыз. Яғни, екеуінің жұмыста қалу-қалмау мәселесін қараймыз. Өткен жұма күні облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасарымен кездескенмін. Бұл жайттан оның да хабары бар.  Алдағы 2 күннің ішінде оған да ақпарат түсіреміз. Бізге Әсем Нұрғалиева жанайқайын айтып, 7 сәуірде келген болатын.  Ұжымымыз шағын болғандықтан, кісі жетіспейді. Тек 19 сәуірде тексеруге мүмкіндік шықты»,– дейді департамент өкілі.

 

«Қазақ балаларын неге көтермелейсің» Қазір марқұм Әсемнің екі баласы нағашы әжелерінің қолында, Катонқарағай ауданының орталығында. Ол кісіге де телефон арқылы сөйлесіп, қызымен соңғы рет қашан тілдескенін сұрадық.

 

«Соңғы бір айда қызым жұмыстың берекесі қашқанын айтып жүрген. Ал негізі осы мектепте 2-3 ай істегеннен кейін-ақ директор қызымның соңына түсе бастаған.  Сондағысы балаларды түрлі үйірмелерге апарып, нәтиже көрсете бастаған ғой. Қатысқан байқауларынан үнемі марапатпен қайтып жүрген. Онысын директоры қолпаштаудың орнына тамыр-таныстықпен алған шығарсың деп қудалайды екен. «Неге қазақ балаларын көтермелей бересің, орыс балалары неге марапатталмайды»  деп тиісетін көрінеді.

Қуадалау содан басталған ғой. Кейін қызым санатын жоғарылату үшін аттестациядан өтіп, тест тапсырады. Одан да сүрінбей өтіп, сертификатын директорға көрсеткен екен, суық қабылдапты. Кейін жанталасып портфолиосын жинады. Аттестациядан сәтті өтсе, айлығы қосылатын еді. Бүкіл құжатын жинап біткенде «жұмысқа келгеніңе бір жыл да болған жоқ» деген желеумен қабылдамай қояды. Содан кейін қызым кәсіподақтан бастап арыздана бастаған. Әсем арызданған сайын директор біліп, қысымды күшейте берген. Ақыры сөйтіп жүргенде қызымның денсаулығы сыр беріп, ауруханадан бірақ шыққан. Соңғы рет сенбі күні сөйлестім. Ертеңінде кешке күйеу балам ұлыма хабарласып, Әсемнің ауруханаға түскенін айтыпты. Түнделетіп Өскеменге жеттік. Бір апта бойы комада жатты. Дәрігерлер беті бері қарайтын сияқты деп қуантқан, алдамшы әсер болып шықты», – дейді марқұмның анасы Күлзада Нұрғалиева.

 

Ай мен күннің аманында бір ошақтың шаңырағын ортасына түсірген қайғылы оқиғаның жай-жапсары осындай. Айтпақшы, қарсы тараптың да пікірін алу үшін Наталья Карповаға хабарласып көрдік.

 

«Телефон арқылы пікір білдіре алмаймын» деп қысқа қайырды. Мектептегі жағдайға қаныға түсу үшін басқа мұғалімдерге де хабарласып көрдік, бәрі ұжымда адам төзгісіз жағдай қалыптасқанын растағанымен, аты-жөнін атап, пікір білдіруден бас тартты. Соған қарағанда қолы ұзын директордың ұжымында адам өлсе де, орнынан кететініне күмәнданатын сияқты. «Біреулер өлер адам өлді, енді мұны неге шулатып жатыр дейтін де шығар. Сонда әділет орнауы үшін тағы да кісі өлуі керек пе? Біздің талап біреу ғана, қызымызды осы күйге дейін жеткізген, тұтас ұжымды екі топқа бөліп, берекесін қашырған Наталья Карпованы өмір бойы педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып соттағанын қалаймыз»,– дейді Ғафура Дарабаева.

 

Сәуле Бапинова мен марқұм Әсем Нұрғалиева жазған шағымда мектеп директоры мен орынбасарынан бөлек, бас есепшіге қатысты та дәйекті деректер бар. Білім сапасын қадағалау департаментінің мамандары есепшінің әрекеті өздерінің құзырына жатпайтынын айтып отыр.

 

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен облыстық прокуратураға кеш те болса, істің осы жағына мән беру керек сияқты.

 

 

 

 

 

 




Көрілген: 383    Пікірлер: 0

сейсенбі, 27.04.2021, 21:38

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30