Ой салатын еңселі еңбек

Ой салатын еңселі еңбек

2018 жылдың соңғы айларында «Мектеп» баспасынан «Қазақстандағы математиканы оқыту әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы» деп аталатын көлемді еңбек жарық көрді. 

Оның авторлары - білім мен ғылым саласына еңбегі сіңген тәжірибелі маман, қоғам қайраткері, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі А.Е. Әбілқасымова және оның шәкірті педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Б.М.Қосанов.

Кітап кіріспеден, төрт тараудан және библиографиядан тұрады, соңында математиканы оқыту әдістемесінен XIX-XXI ғасырлар аралығында жарық көрген 64 басылымның сыртқы мұқабаларының суреттері келтірілген.

Жалпы айтқанда, аталмыш еңбекте Қазақ елінде математикалық білім беру ісі қалай қолға алынып, жүзеге асырылды, оны кімдер жүргізді, осы уақытқа дейін ана тілінде қандай математика оқулықтары жазылды, сондай-ақ, математиканы оқыту әдістемесі ғылым ретінде қалай қалыптасып, дамыды деген келелі мәселелерге жауап берілген.

Кітап тараулары былай аталған:

- математиканы оқыту әдістемесінің бастамасы;
- математиканы окыту әдістемесінің қалыптасуы;
- математиканы оқыту әдістемесінің дамуы;
- математиканы окыту әдістемесінің тәуелсіз Қазақстан кезіндегі дамуы.

Тараулардың аттарынан-ақ еңбекте Қазақстан Республикасындағы математиканы оқыту әдістемесі тарихының жүйелі түрде қарастырылғаны аңғарылады.

I тарауда қазақ халқының сонау есте жоқ ежелгі замандардан бастап өзіндік әдістемелік-математикалық мәдениетінің болғандығы нақты тарихи деректермен, сондай-ақ, халық санамақтарына, сан мен санау мәселелеріне байланысты мақал-мәтелдерге, жұмбақтар мен жаңылтпаштарға және қазақтың ауызша есептері жүйесіне терең талдаулар жасау арқылы дәлелденген. Осы орайда мұнда қазақ топырағынан шыққан Әбунәсір әл-Фараби, Ғаббас әл-Жауһари, әлам ад-дин әл-Жауһари, Ахмет әл-Фараби, Жамал ад-дин әт-Түркістани сияқты әлемдік деңгейдегі ғалымдардың есімдері мен математикалық трактаттарына қазақ халқының математикалық сауаттылығы деңгейінің көрсеткіші ретінде баға берілуі көңіл аударарлық және құптарлық жағдай деп білеміз. Сонымен қатар, Қазақстанда орыстың озық әдістемелік-математикалық ой-пікірлерінің тамыр тарта бастауы тиянақты түрде баяндалған, мұндағы атап айтарлық мәселе, алғашқы қазақ педагогы Ы.Алтынсариннің математиканы оқыту жөніндегі ой-пікірлеріне, XIX ғасырдың екінші жартысында татар ағартушылығының әсерімен қазақ даласында кеңінен таралған ұсұл-жәдид мектептеріндегі математиканы оқытудың тәжірибелеріне терең талдаулар жасалған.

Кітаптың II тарауы Қазақстанда математиканы оқыту әдістемесінің қалыптасуына арналған. Мұнда қазақ мектебінде берілуге тиісті математикалық білім мазмұнын анықтаудың алғашқы тәжірибелері баяндалады. Атап айтқанда, әлі күнге дейін мұрағат қорларында шаң басып жатқан және өздерінің лайықты бағасын ала алмай келе жатқан Мыржақып Дулатұлының, Кәрім Жәленұлының, Сұлтанбек Қожанұлының, Әлмағамбет Қасымұлының, Қаныш Сәтбайұлының, Елдос Омарұлының, т.б. Алаш қайраткерлерінің арифметикадан, алгебрадан және геометриядан жазған оқу құралдары әдістемелік тұрғыдан талданып, олардың ерекшеліктері анықталған.

Ауыл балаларын жаппай мектепке тарту, сауатын ашу, білім мен ғылымға тарту, мәдениетін көтеруде алғашкы зиялылардың атқарған ісі орасан.

Мәселең, Ресей патшалығының соңғы жылдарында Мыржақып Дулатұлы - «Көзіңді аш, оян казақ, көтер басты
Өткізбей караңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп, қазағым, енді жату жарамас-ты» - деп ұран тастады. Сол үшін патша үкіметі оны соттады.

Патша үкіметі 1917 жылы ақпан айында құлағанда Жүсіпбек Аймауытов - «Қазағым! Қақтык па, қамал ма,
Ел болар камыңды амалда. Өтті түн, атты таң, шықты күн, Сөл малды, сөл жанды, аянба!» - деп жар салды.

Бала оқытты, шығармалар жазды. «Бір, екі, үш - жастар алға түс» - деп білімге шақырды.

Сонымен қатар, қазақ жеріндегі тұңғыш педагогикалық оқу орындарында (педкурстар, педтехникумдар, халық ағарту институттары) математика мен математика әдістемесінің пән ретінде оқытыла бастауы, қазақ педагогикалық баспасөзінде математиканы оқытудың әдістемелік мәселелері бойынша жарияланған алғашқы мақалалар және ана тіліміздегі әдістемелік-математикалық терминологияның қалыптасу жолдары сияқты мәселелер баяндалған.

III тарауда Қазақстанда математиканы оқыту әдістемесінің 1930-1990 жылдардағы дамуы қарастырылған. Мұнда авторлар осы кезеңнің басында жарық көрген, алайда күні бүгінге дейін бізге беймәлім болып келген ана тіліндегі көптеген математика оқулықтарымен таныстырады. Сондай-ақ, мұнда қазақ жоғары оқу орындарында математика мен математика әдістемесін оқытуды қолға алудың алғашқы тәжірибелері туралы тың деректер келтірілген. Әсіресе, осы істің бастауында тұрған және қазақтан шыққан алғашқы физика-математика ғылымдарының кандидаттары мен профессорлары Әлімхан Ермековтың, Садуақас Боқаевтың және Ибадулла Ақбергеновтың атқарған еңбектері мен мұраларына терең талдаулар жасалған. Тарау соңында кеңестік дәуірдегі математиканы оқыту әдістемесінің дамуына сипаттама берілген.

Кітаптың IV тарауы математиканы оқыту әдістемесінің тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы дамуы мен қазіргі жағдайына арналған. Онда Қазақтан Республикасы мектептері үшін математикалық білім беру мазмұнын анықтау (мемлекеттік стандарттар, оқу бағдарламалары, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, т.б. дайындау), математиканы оқытудың әдістерін, құралдарын және оны оқытуды ұйымдастырудың формаларын жетілдіру және педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарында әдістемелік-математикалық білім беруді қайта құру бағытында атқарылған сан салалы жұмыстар ашып көрсетіліп, математика әдістемесінің тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі ғылыми негіздегі дамуына сипаттама берілген.

Міне, бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген тың, әрі аса құнды ғылыми деректер келтірілген еңбектің қысқаша мазмұны осындай.

Әрине, қай халықтың да болмасын санау және есептеу мәдениеті бірден пайда болған жоқ, ол - жүздеген жылдардың нәтижесі. Алдымен пайда болғаны - саусақпен санау. Саусақтармен оннан аспайтын сандарға ғана амалдар жүргізуге болады. Алайда, сандар үлкейгенде ол жарамсыз болып қалатыны түсінікті. Сондықтан алғашқыда, Антика дәуірінде есептеулерді таяқшаларды пайдалану арқылы жүзеге асыру қолға алына бастады. Оны Рим санағы (цифры) деп атаған. Кейін келе бұл жүйенің де кемшіліктері байқалды, өйткені сандық мөлшер біртіндеп өскен сайын оны таяқшалармен кескіндеу үлкен қиындық әкелді. Содан келіп адам баласы санақ жүргізудің басқа, жеңіл жолын іздестірді. Осының барысында сандарды таяқшалар мен олардың арасындағы бұрыштарға негіздей отырып таңбалау пайда болды. Айталық, бір дегеніміз - « » (бір бұрыш); екі - « » (екі бұрыш); үш - « » (үш бұрыш; төрт – « » (төрт бұрыш); бес – « » (бес бұрыш); алты – « » (алты бұрыш); жеті – « » (жеті бұрыш); сегіз – « » (сегіз бұрыш); тоғыз – « » (тоғыз бұрыш) және ноль - « ».
Орта ғасырда әл-Хорезми бұларды икемдеп, араб жазуына ұқсатып, бұрыштарды өзгертіп қазіргі цифрлар жүйесін жасады. Олар 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 және 0. Аса ыңғайлы болғандықтан, бұл цифрлар бүкіл дүниежүзіне таралды. Осы жерде еске алатын тағы бір мәселе тұр. Ол бұдан бір мың жүз жыл бұрын әл-Фараби арнайы бір еңбегінде әрбір сөйлемдегі сөз, өлең ұйқастығы есептен тұрады деген.

Әр халықтың ежелден бастап қалыптасқан өзіндік математикалық білім беру мәдениеті бар. Кітапты оқи отырып, біз қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын өзіндік математикалық білім беру мәдениеті болғандығының куәсі болдық. Мыңдаған жылдар мал бағып өмір сүрген біздің халқымыз тұрақты түрде жұмыс істейтін мектебі болмаған кездің өзінде-ақ ұрпағының математикалық сауаттылығына ерекше мән беріп отырған. Математикалық білімнің қажет екендігін санға байланысты мақал-мәтелдер арқылы ұғындырып отырған және ол үшін түрлі санамақтарды, санға байланысты жұмбақтар мен жаңылтпаштарды және ауызша есептерді математикалық білім берудің әдістемелік құралдары ретінде аса шеберлікпен пайдалана білген.

Қазақ даласынан математика саласы бойынша Әбунәсір әл-Фарабиден де басқа атақты ғалымдар шыққан. Олар өздерінің сан салалы математикалық трактаттары арқылы әлемдік математика ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Неліктен олардың есімдері мен мұралары әлі де болса халыққа танылмай келеді? Кітапты оқи отырып, осы сұрақтарға жауап беру үшін арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру арқылы Ұлы даланың математикалық мәдениетін жарқыратып көрсетуге күш салуымыз керек деген ой туындайды.

Кеңес дәуірінде оқып, білім алған кейінгі ұрпақтың санамызда «Қазақ еліне математикалық білім Ресей арқылы келді», «Өзіміздің математика оқулықтарымыз болған жоқ», «Математика оқулықтарын орыс тілінен аударып алып, пайдаландық» деген сияқты пікірлер берік орнығып, қалыптасқаны белгілі. Аталмыш кітап бұл пікірдің толығымен қисынсыз екендігін дәлелдейді. Кітапты оқи отырып, осы мәселеге қатысты бұған дейін белгісіз болып келген көптеген жайттарға көз жеткіздік. Шынында да XX ғасыр басында мектеп математикасының барлық дерлік салалары толық мағынасындағы қазақ тіліндегі төл оқулықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген екен. Бұл орайда әсіресе, Алаш қайраткерлерінің тыңғылықты істер атқарғанын атап айтуға тиіспіз, өйткені олардың авторларының басым көпшілігі солар. Кітапта математиканың бастауыш қазақ мектебіне арналған 13, қазақ орта мектебіне арналған 5, орта дәрежелі қазақ мектебіне арналған 5 және қазақ жоғары мектебіне арналған 1 төл оқу құралдары келтірілген.

Математикадан ұлттық сипаттағы мұншама төл оқулықтар мен оқу құралдарының табылып, жариялануы аса қуанарлық жағдай. Бұл жерде авторлардың оларды мұрағат қорларынан тауып қана қоймай, әрқайсысына жүйелі талдаулар жасай отырып, оларды ғылыми айналымға түсіргенін аңғардық. Қысқасы, еңбекті оқу барысында жоғарыдағы сыңаржақ пікірлердің қисынсыз екендігіне, Қазақ елінде математиканың төл оқулықтарын дайындау ісінің өзіндік бай тәжірибелерінің болғандығына және айналамыздағы басқа жұртқа бізде де математика саласы бойынша өзіміздің классикалық оқулықтарымыз болғандығын жария етуге болатындығына көзіміз жетті. Бұл көңілімізді марқайтып, кеудемізде ерекше бір мақтаныш сезімін тудырды.

XX ғасырдың 30-ыншы жылдарынан бастап, қазақ мектептерінің бүкіл Кеңестер одағына ортақ оқу бағдарламаларына көшірілуіне және авторларының басым көпшілігінің алашордашылар болғандығына байланысты бұл оқулықтар қазақ мектебінің тәжірибесінен алынып тасталып, олардың орнына аударма оқулықтар пайдаланыла бастағаны белгілі. Алаштың марқасқалары бұл үрдістің ертерек басталуына тосқауыл болып, оның орын алуын аттай он бес жылға кейін шегіндірген екен. Бұл да еңбекті оқу үстінде туындаған ойларымыздың бірі десек болады.

Кеңестік дәуірде мектептерімізде математика пәнін оқытуда жаппай аударма оқулықтардың пайдаланылғанына қарамастан, математиканы оқытудың әдістемесі ғылымы өзінің ұлттық сипатын жоймаған екен. Оның айқын дәлелі, осы ғылым саласы бойынша ұлттық кадрлар дайындалып, бірқатар еңбектер жазылыпты. Бұл істе әсіресе, Абай атындағы КазПИ-дің «Математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының жетекші роль атқарғанын атап айтуға тиіспіз.

Математикадан ана тілімізде оқулық жазу мәселесі еліміз егемендік алғалы бері дұрыс жолға қойылды. Тәуелсіздік жылдары математикадан төл оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер дайындауда ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылды. Бұл саладағы атқарылған жұмыстарға Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы Жоғары білім институтының директоры, Жалпы білім беру институтының директоры, ҚР Білім және ғылым министрлігі «12-жылдық білім беру» ғылыми-практикалық орталығының директоры, «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығының директоры және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті ретінде педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор А.Е.Әбілқасымова жетекшілік жасады. А.Е.Әбілқасымова мектептерге математика оқулықтарын дайындау мәселесімен ғана шектеліп қалған жоқ, оның математиканы оқыту әдістемесі ғылымының өркендеуіне қосқан орасан зор үлесін мына бағыттағы атқарылған жұмыстарды атқаруы мен оларға жетекшілік жасауынан аңғаруға болады: ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттары мен математиканың оқу бағдарламаларын әзірлеу, әртүрлі деңгейдегі ғылыми-әдістемелік конференциялар мен семинарлар өткізу, монографиялық еңбектер жазу, математика пәні мұғалімдерінің съездерін ұйымдастыру, ана тіліндегі математикалық терминологияны жүйеге келтіру, «Математиканы оқыту әдістемесі» оқулықтарын дайындау, математика пәні мұғалімдерін дайындаудың сапасын арттыру, математиканы оқыту әдістемесі саласы бойынша ұлттық ғылыми кадрларды дайындау, т.б.

Қазіргі таңда А.Е.Әбілқасымова әдістемелік-математикалық ғылымның орталығы болып отырған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі ретінде аталмыш ғылым саласының қарыштап алға басуы мен дамуына күш салуда. Ең бастысы, оның шәкіртімен бірге Қазақстандағы математиканы оқыту әдістемесінің қалыптасу және даму жолын тарихи-педагогикалық үдеріс ретінде тұтастай бір жүйеге келтіруі және математиканы оқытудағы түйткілді мәселелерді шешуде өткеннен көп нәрсені ескеруге ұмтылуы ерекше қуантады.

А.Е.Әбілқасымова мен Б.М.Қосанов жазған кітап математика тілімен мығымдап жазылған. Егер оны талдайтын болсақ, онда ол бірнеше томға айналар еді. Біз тек кітапты баяндап отырған жоқпыз. Керісінше, одан туындаған ойларды ғана айтып отырмыз. Басқа ғылымдардан математиканың ерекшелігі міне осында.

Жалпы біз жарық көрген кітапта көтерілген мәселелерді талдап, оның артық, кемін көрсету емес, керісінше, оның мағынасына мән беріп, одан туындайтын ойларды қозғай отыра пікір айтпак болдық.

Оқулық жасөспірімдерді білімге тартатын құрал ғана емес, ол өмірде болып жатқан түрлі ғылыми-техникалык жаңалықтарды тиімді әдістемелер арқылы өмірге баулитын жұмыс. Сонымен қатар, математиканың алғашқы ғылымдардың бірі ретінде орны бөлек екенін баса айтқанымыз жөн.

Кітаптан туындаған негізгі ойдың бірі - ол алғашқы цивилизация қолға алынғаннан бастап мал өсіру, атқа міну, металл қорыту, түрлі құбылыс ауыстырылып, әріп жасап, сауат ашу, есеп шығару, ғылымдар бастауы сонау Шығыс пен Батыс Сібір аумағынан басталып, жүздеген жылдардан кейін Европа елдерінің көтерілуі. Ал бұл көптеген мысалдармен дәлелденген ғылыми тұжырым.

Қорыта айтқанда, «Қазақстандағы математиканы оқыту әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы» атты кітап өзінің терең мазмұны мен мағынасы арқылы жоғарыда айтылған ойларды қозғауға және түйіндеуге себепкер болды. Кітапты сапалы еңбектер қатарына жатқызуға болады дей отырып, оның авторларына шығармашылық табыстар тілейміз.

Досмұхамед Кішібеков,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі,

философия ғылымдарының докторы, профессор
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста