Жаңалықтар

Тараздық бойжеткен алғашқы отандық смарт-білезік жасап шығарды

  • https://azattyq-ruhy.kz/

    https://azattyq-ruhy.kz/

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Мөлдір Айжарық балаларға арналған смарт-браслеттің жобасын жасап шығарды. Білезік баланың жүрек соғысы мен дене қызуын бақылап, ақпаратты ата-анасына жеткізе алады. Қазір өнертабыс иесі авторлық жобасын жүзеге асыру мақсатында инвесторлар іздеу үстінде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 

ӨНЕРТАБЫСҚА СӘБИ ӨЛІМІ ИТЕРМЕЛЕДІ

 

Мөлдір смарт-браслетті жасауға 2019 жылдың күзінде кірісіпті. Оны бұл өнертабысқа теледидардан естіген жағымсыз жаңалық итермелеген екен.

 

«Теледидардан күнделікті жаңалықтарды қарап отырып, кішкентай сәбидің дене қызуының шамадан тыс көтерілуінің себебінен қайтыс болғанын естіп, қатты қамығып қалдым. Ал ата-анасы баласының ауырып жатқанынан бейхабар болған. Егер оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілсе, бәлкім, мұндай жағдай болмас па еді. Сондықтан ересектер қашықта жүрсе де, сәбиінің денсаулық жағдайын бақылай алатын құрылғы жасап шығаруға бел будым», - дейді Мөлдір Айжарық.

 

Ойлана келе, жас өнертапқыш смарт-білезік жасауды ұйғарыпты. Баламен видео-аудио байланыс орнату, оның жүрген жерін анықтау сынды қызметтер заманауи браслеттердің бірқатарында бар. Сондықтан жас ғалым өзінің өнертабысын жетілдіріп, бәсекеге қабілетті ету мақсатында оған қосымша қызметтер қосқан. Жас өнертапқыштың жасаған білезігі арнайы қосымша арқылы баланың денсаулық жағдайы туралы ақпаратты ата-анасына жеткізіп тұрады. Автор осылайша аталған бұйымның сұранысқа ие болатынына сенімді.

 

«Мектеп бағдарламасында 11-ші сыныптан экономика пәні оқытыла бастайды. Бізге бизнес жобаның жоспарын жасау керек болды. Тапсырманы жүзеге асыру мақсатында, қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді зерттей бастадым. Жоғарыда айтып кеткен сәби өлімі туралы да сол кезде естіген едім. Сондықтан бизнес жобаны осы бағытқа арнағым келді. Мұғалім берген тапсырманы орындап қана қоймай, оның қоғамға, еліме пайдасы тигенін қаладым», - дейді жоба авторы.

 

Мөлдір «ZhasCamp Accelerator» әлеуметтік жобаларды дамыту бағдарламасына қатысу арқылы ментор тауып, жобасын жүзеге асыруға бір қадам жақындай түскенін айтады.

 

«Қазастандық ғалым және Technologies Lab бас директоры Тимур Рыспековпен таныстым. Ол маған браслетке арналған бағдарлама кодын жасауға көмектесті. Мен үшін ең күрделі жұмыс осы болатын. Информатикада қарапайым бағдарламалау тілін меңгергеніммен, тәжірибем мен білімім аздау еді», - дейді ол.

 

 

СМАРТ-БРАСЛЕТ ЗАҒИП ЖАНДАРҒА ТАПТЫРМАС КӨМЕКШІ БОЛМАҚ

 

Өнертапқыш браслетке газ және заттарды анықтайтын датчик орнатқан. Алғашқысы ересектерге өрт жайында хабар берсе, екіншісі зағип жандарға алдағы кедергілер жайында ескерту жасайды.

 

«Газ датчигі ауадағы көмірқышқыл газының үлесін есептейді. Сол арқылы өрт қаупі туралы ақпарат береді. Заттарды анықтайтын датчик адам мен оның алдында тұрған бұйым арасындағы қашықтықты есептей алады. Қажет болмаған жағдайда, ата-ана белгілі бір датчикті алып тастай алады. Жалпы, браслет 3-8 жас аралығындағы балаларға арналады. Жоғарыда аталған қызметтерді қосу арқылы бұйым зағип жандар мен өрт сөндірушілердің кәдесіне де жарайды», - дейді Мөлдір.

 

Датчиктерді Мөлдір жетекшісі Тимур Рыспековпен бірге орнатқан. Бірін арнайы тапсырыспен алдыртса, екіншілерін өздері жасап шығарған.

 

 

СМАРТ-БРАСЛЕТТІ ТЕСТІЛЕУ СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ

 

Арнайы тест браслеттің бала ата-анасынан алыс қашықтықта болса да ақпарат беретінін көрсетті. Алматы қаласында Тимурдың қолындағы білезік Тараздағы Мөлдірге ақпаратты еш кедергісіз жеткізген.

 

«Барлық ақпарат арнайы қосымша арқылы телефон экранында шығып тұрды. Инвесторлар табылып, жоба жүзеге асырылса, браслеттің құны 10 мың теңге маңайында болмақ. Бағасы сенсорға тәуелді», - дейді ол.

 

Мөлдір өз болашағын математика саласымен байланыстырғысы келеді. Бойжеткен аталған мамандық түрлі жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізетініне сенімді. Ол өз жобасын университет қабырғасында да ары қарай дамытуды көздейді. Мақсаты – түрлі мамандықта оқып жүрген студенттерден арнайы топ құрып, смарт бұйымды тағы да жетілдіре түсу.


 




Көрілген: 524    Пікірлер: 0

сейсенбі, 18.08.2020, 16:13

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    27 Қыркүйек, 00:14
    БАЛАНЫҢ КӨЗІНШЕ...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31